Саусақ іздерін тапсыру: мүмкіндік пе, қауіп пе?
Өткен жылы көпшіліктің талқысына түскен мәселенің бірі – жаппай саусақ іздерін тапсыру. Жаңа жылдан бастап қазақстандықтар ерікті түрде тапсыра алады. Яғни нақты міндеттеу жоқ. Дактилоскопиялық тіркеу шетелдіктерге ғана міндетті болады. Бастапқыда ішкі істер министрлігі Қазақстанның 16 жасқа толған барлық азаматын саусақ іздерін тапсыруға міндеттеуді жоспарлаған еді. Бірақ кейін заңға өзгерістер енгізіліп, республика азаматтары дактилоскопиялық тіркеуден ерікті түрде өтетін болды. Бұл мәселенің көтерілуінің астарында не бар? Кімге олжа, кімге зиян? Саралайық.
Тақырып төңірегіндегі түрлі пікір
Былтыр «2024 жылғы 1 қаңтардан бастап, республикада паспорт пен жеке куәлікті алу кезінде Қазақстанда тұратын барлық адам міндетті түрде саусақ іздерін тіркетеді» деген ақпар желіде желдей есті. Мұны қолдағандар да, одан қорыққандар да жетерлік. Егер бұл заң қолданысқа енген жағдайда әрине, жиырма миллиондай адам жаппай шұбырмайды. Бұл процесс кезең-кезеңімен өтеді, яғни құжаттар алған кезде тиісті құрылғыға саусағын басады. Егер кімде-кім саусақ таңбасын мемлекеттік тіркетуден бас тартса, оған айыппұл салынады. Содан соң, ол бәрібір осы рәсімнен өтуі тиіс болатын. Осы ретте көптің көкейінде баршаға ортақ етіп міндеттеудің астарында не мән бар деген сауал туындады.
Бірқатар сарапшының және депутаттардың пікірінше, жалпыға бірдей дактилоскопия – жаппай бақылаудың бастауы. Сонымен бірге дербес деректердің қорғалуы проблемасы да ушығуы мүмкін. Бүгінде көптеген азамат смартфонына, банк қосымшаларына саусақ ізі арқылы кіреді. Өйткені адамдардың саусақ іздері қайталанбайды. Ал енді бұл дерегі де мемлекеттік базадан сыртқа тарап кетсе, алаяқтар оны арнайы басып шығарып, қаскөй істеріне пайдаланбай ма?
Алайда бастама авторларының өз дәйектемелері бар. Ішкі істер министрлігінің түсіндіруінше, дактилоскопиялық тіркеу дегеніміз – әр адамның бірнеше саусағының папиллярлық бедерінің қайталанбас, дара құрылымдары туралы ақпаратты мемлекетке табыстау деген сөз.
ІІМ Көші-қон қызметі комитеті «Бұл тіркеуден Қазақстанның барлық азаматы, елде тұрақты тұратын шетелдіктер өтуге міндетті болады. Одан 12 жасқа дейінгі балалар ғана босатылады. 12 жастан 16 жасқа дейінгі жасөспірімдер дактилоскопиялық тіркеуден өтуге немесе өтпеуге ерікті» десе, Ішкі істер министрлігі «Саусақ іздерін тапсыру азаматтар үшін – жеке куәлікті, төлқұжатты, ал шетелдіктер үшін – тұру ықтиярхатын және азаматтығы жоқ тұлғаның куәлігін алу немесе ауыстыру кезінде, ХҚКО-тарында жүргізіледі. Мәселен, жеке басты куәландыратын құжаттардың қолданыс мерзімі аяқталса, атын, әкесінің атын, тегін өзгертсе, құжатын жоғалтып не ұрлатып алса, жаңасын алу үшін міндетті түрде саусақ іздерін тіркетуге тиіс», – деген түсініктеме берген-ді.
Ведомствоның дәйектеуінше, дактилоскопиялық тіркеу заңсыз құжаттандырудан сақтайды, қауіпсіздік жүйесін жақсартады. Мұның сыртында дактилоскопиялық тіркелген адамдардың өз құжаттарын қалпына келтіру рәсімі бұрынғыдан жылдамырақ жүргізіледі деп уәде етті. Мұның шын-өтірігін заң қолданысқа енгеннен кейінгі уақыт пен алдағы тәжірибе көрсетеді.
Саусақ ізі – игіліктер кілті ме?
Қазіргі таңда мемлекеттік және басқа қызметтер негізінен электронды цифрлы қолтаңба арқылы беріліп келеді. Бүгінде оның орнын биометрия басуда. Яғни смартфонның камерасы арқылы адамның бет-жүзін таниды.
Сонымен қатар 2016 жылы Мәжілісте «Дактилоскопиялық және геномдық тіркеу туралы» заң жобасын ілеспе түзетулерімен бірге таныстырған ІІМ-нің сол кездегі басшылығының өкілдері тұлғаны анықтауға тек саусақ іздері аздық ететінін дәлелдеп баққан болатын. Мысалы, өрт кезінде адамның терісі отқа шыдамай, үлбіреп, бірден жанып кетеді. Ондай жағдайда зардап шеккен адамның немесе марқұмның кім екенін танып білу тек геномдық тексеру арқылы мүмкін болатыны айтылған. «Геномдық (ДНК) тіркеу жүргізу нәтижесінде алынған геномдық ақпарат қылмыстық құқықбұзушылықтардың алдын алуға, оларды ашуға және тергеп-тексеруге, сондай-ақ оларды жасаған адамдарды анықтауға мүмкіндік береді. Бұл хабарсыз кеткен азаматтарды, Қазақстан аумағында тұратын немесе уақытша болатын шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарды іздестіруге, танылмаған мәйіттердің кім екенін, іздестіріліп жатқан адамдардың өзгелермен туыстық қатынастарын анықтауға жол ашады» деді сонда ІІМ мамандары.
Дегенмен былтыр ІІМ мемлекет тіркеген саусақ іздері де біраз игіліктің кілті болатынына сендіріп бақты. Мәселен, Қазақстан азаматы шетелде жүріп, паспортын жоғалтып алса, оған Қазақстанның шетелдегі мекемесіне, консулдыққа жүгініп, дактилоскопиялық тіркеуден өткенін хабарласа, жетіп жатыр. Онда құжаттарын қалпына келтіруге қатысты мәселе болмайды.
Министрліктің дерегінше, сондай-ақ жыл сайын шамамен 30 мың қазақстандық шетелде тұрақты тұру ықтиярхатын рәсімдейді. Оларға да жеңілдік әкелетін көрінеді. Ең басты бір дәйектеме – алжасқан, деменцияға душар болып, есте сақтау қабілетінен айырылған адамдардың, қариялардың көшеге шығып, адасып кетуі жиі болып тұрады. Олардың кім екенін анықтау күрделі екен.
«Ақылынан жаңылған, есте сақтау қабілетін жоғалтқан адамдар үшін дактилоскопиялық тіркеу ерекше маңызға ие. Сонымен қатар аффект жағдайындағы немесе естен танған адамдардың өзі туралы қандай да бір ақпарат беруге жағдайы жарамай жатады. Мұндайда дактилоскопия отбасының адасқан мүшесін тауып беруге көмектеседі. Жазатайым оқиғалар өмірде жиі бола бермейді, бірақ күнделікті тіршілікте саусақ іздері көмекке келетін оқиғалар кездеседі. Мысалы, қалтасында еш құжаты жоқ адам көшеде өзін жайсыз сезініп, құлап қалды делік. Оны ес-түссіз жатқан күйде ауруханаға алып кетеді. Саусақ таңбаларының деректер базасында саусақ іздері болмаса, туысқандары оны іздеп, әуре-сарсаңға түседі», – дейді ІІМ мамандары.
Ішкі істер министрлігі саусақ таңбаларының алаяқтардан, арам ниетті басқа адамдардан қорғалатынына сендіреді. Бұл ретте деректер базасында әрбір саусақ іздерінің жиынтығы бірегей идентификатормен тіркеледі. Базада адамның аты-жөні, ЖСН-ы, дербес деректері болмайды. Жүйенің құрылымы мен архитектурасының арқасында, саусақ іздері автоматты түрде тұлғасыздандырылады. Бірегей индентификаторлардың кімге тиесілі екені бөлек сақталмақ.
Дегенмен уәкілетті орган аталған жүйенің ақпараттық қауіпсіздік талаптарына сәйкестігін тексеруге арналған сынақты әзірге аяқтамапты. Жұмыс жалғасып жатыр. Ал саусақ іздерін алу үшін арнайы дактилоскопия сканері пайдаланылады. Яғни, бұрынғы замандағыдай, адамдардың саусағы қара сияға не басқасына батырылмайды.
Саусақ ізінде не сыр бар?
Әрбір адамның саусақ іздері түпнұсқалы және ешқашан қайталанбайды, тіпті бір жұмыртқалық егіздерде де саусақ іздері бір-біріне мүлдем ұқсамайды екен. Басқаша айтқанда, әрбір адамның саусақ ұштарында оның жеке басы жайлы мәліметтер шифрланған. Бұл мәліметтерді кодтау жүйесін қазіргі таңдағы кең қолданылатын штрихкод жүйесімен салыстыруға болады.
Бұл туралы Құранда да айтылған. Яғни өлген адамды қайта тірілту оған ешқандай қиындық тудырмайтынын мұсылмандарға хабарлайды. Бұл жайлы баяндау арқылы Алла тағала Құранда адамның саусақ ұштарына біздердің назар аударуымыз қажет екенін айтады. Қиямә сүресінде «Адам баласы, біз сүйектерді жинай алмайды деп ойлай ма? Әрине, оны саусақтарының ұшына дейін қайта жасай аламыз» деген аят та бар.
Саусақ ұштарына ерекше көңіл аудару феномені – Құран кереметінің тағы бір дәлелі. Әрбір адамның саусақ іздері бөлшектері мен суретінің пішіні ерекше және ешқашан қайталанбайды. Жер бетінде өмір сүріп кеткен немесе қазіргі таңда өмір сүріп жатқан әрбір адамның саусақ іздері абсолютті түрде түпнұсқалы және бірде-бір ұқсастығы жоқ. Саусақтың іздері әлі баланың дүние есігін ашпай жатып, анасының құрсағындағы 24 аптасында өзінің түпкілікті нысанын алады екен. Егерде қолының терісін қандай да бір нәрсемен зақымдап алмаса, саусақ іздері өмірінің соңына дейін өзгеріске ұшырамайды. Дәл осы себеппен әрбір адамның саусақ іздері ең маңызды қайталанбас, ерекше «жеке куәлігі» іспетті әрбір адамның «айрықшалығы, өзгешелігі» болып табылатынын дактилоскопистер растайды. Әрбір адамның саусақ іздері – кез келген тұлғаны анықтаудың бірден-бір кемшіліксіз әдісі болып табылады.
Дактилоскопистер адамның саусақ құрылымының бұл маңызды айрықшалығын тек 19 ғасырдың соңында ғана анықтады. Ол уақытқа дейін адамдар саусақ іздерін, ештеңені білдірмейтін жай ғана сызықтар жиынтығы деп ойлайтын. Әлі адамдарда дене құрылысының сондай нәзік ерекшелігі мен қайталанбас сыры жайлы ешқандай түсінік болмаған дәуірде Құран аяттары саусақ іздерінің мағынасы жайлы деректерді адамдарға жеткізді.
Саусақ ізінен адамды анықтау әдісі (AFІS) ғасырдан астам уақыт полиция мен қауіпсіздік қызметтерінде қолданылып келеді. Ол өзінің айна қатесіз тиімділігін дәлелдеп те үлгерген. Бұл әдісті қолдануға ресми түрде рұқсат етілген. Бүгінгі таңда жеке тұлғаны анықтаудың жаңа технологиялары кең таралған. Алайда саусақ іздері сияқты соншама тиімді әрі нақты әдіс бүгінгі таңға дейін әлі табылмаған. Саусақ іздері арқылы адамды анықтау әдісі қылмыстық процестерде 100 жылдам астам уақыт аралығында қолданылып және халықаралық деңгейде мойындалған әдіс болып табылады. Тіпті осы сала мамандары «Бүгінгі таңға дейін екі саусақтың іздері ұқсас болған бірде-бір жағдай әлі кездеспеді..» деген дәлелді сөзді де айтады. Осыдан-ақ саусақ сырының мәні терең екенін аңғаруға болады.
Түйін
Ел ішінде сан сауал тудырып, пікірлер бір арнаға тоғыспағандықтан бұл заң қолданысқа әлі де толықтай енбеді. Бұл мәселе биыл кейінге шегерілгенімен, уақыт өте келе қайта алдымыздан шығуы бек мүмкін. Расымен саусақ ізі арқылы көп нәрсеге қол жеткізетін болсақ, неге сынап көрмеске? Алайда бұл ретте қауіпсіздік жағын да қаперге ұстаған абзал. Саусақ іздері құжат орнын алмастырады дегенге сіздің ойыңыз қалай, оқырман?
Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ