30 млн қаралым жинаған қармақшылық ару
Қазір әлеуметтік желінің әлеуеті күшейген кезең. Кейде мұндағы ақпарат пайдасын тигізіп жатса, екінші жағынан зиян келтіріп әбігерге салатыны бар. Иә, дәл қазіргі сәтте жасы да, жасамысы даTikTok-ты қолданады. Бұл желіні қолданушылар саны күннен күнге артуда. Тіпті осы желі арқылы әп-сәтте танымалдылыққа қол жеткізіп жататындар да бар. Пайдаланушылар дені – жастар. Бұл желінің формуласы ән мен би болғанымен, аз уақыттың ішінде өз аудиториясын жинап үлгерді. Көптің көңілінен шыққан желіні кейбіреуі жай көңіл көтеру үшін қолданса, енді бірі қызығушылығына қарай жүргізеді. Ал базбіреулер өзгелерге «пайдалы» болуды ойлады.
Бүгінде имамдар, мұғалімдер де – tiktok-та отырады. Қоғамның қай саласын алып қарасақ та, тіпті сауда саттыққа дейін осында жүргізіледі. Жақында желіде бес асық ойнап отырған қыздың бейнесін көзіміз шалды. Қаралымы 30 миллионнан асып кеткен. Ұлттық ойынымыздың осындай деңгейде таралғанына біз де іштей қуанып қалдық. Анықтап бақсақ, мұны жүктеген өзіміздің қармақшылық №107 мектепте дене шынықтыру пәнінен сабақ беретін Шерхан Сламханұлы екен. Оның TikTok-та жазба жүргізгеніне бір жылдан аса уақыт болыпты. Онда оқушыларының дайындығы мен ойын барысын салып отырады.
Мектеп оқушыларының бос уақытын тиімді пайдаланып, спортпен шұғылдану арқылы ерік-жігерін, табандылығын қалыптастыру, өскелең ұрпақтың саламатты өмір салтын ұстану дағдысын үйрету, спортпен шұғылдану мәдениетін арттыру мақсатында «Денсаулық әлемі» жобасы құрылған. Бүгінде өз жұмысын тұрақты жүргізіп келеді. Осы жоба аясында жас ұрпаққа ұлттық құндылықтарды дәріптеу, асық ату мен бес асық ойынын жандандырып, жоғары деңгейде оқушылардың ұлттық ойынға деген қызығушылығын қалыптастыру мақсатында «Бес асық және асық ату» үйірмесі ашылады.
- Ұлттық спортты насихаттауға жас буынға ұлттық құндылықтарды қалыптастыруға және дамытуға үлесімді қосқым келеді деп үйірме жұмысын өткен жылы қолға алған болатынмын. Қазіргі таңда үйірмеге 30-ға жуық бала қатысады. Онда оқушыларға бес асық ойнаудың қыр-сырын үйретудемін. Шәкірттерім республикалық, облыстық, аудандық жарыстарда топ жарып жүр, – дейді Шерхан Сламханұлы.
Қалың көпшілікке таралған бейнекөріністе ойнап отырған қыздың есімі – Мәриям Жаңабай. Ол Дүр Оңғар ауылындағы мектептің 6 «ә» сыныбында оқиды. Бұл көрермен қызығушылығын тәнті еткен, әрі төл өнерді дәріптеген тартымды бейнетаспа болды.
- Мәриям ата-әжесінің ерке қызы. Қазақтың ұлттық ойынына деген қызығушылығы 9 жасынан бастап байқала бастады. Атасы мен әжесі қонаққа барған жерінен үнемі асық әкелетін. Оны бірінші болып Мәриям алып жинап жүретін. Негізі асыққа үнемі ер балалар жақын болады деген ұғым қалыптасқан ғой. Дегенмен қызымыздың бұл қызығушылығына қарсы келмедік. Бір күні жазғы демалысқа шыққан уақытында үйге бір дорба асық алып келді. Мен «бұл асықтың бәрін қайдан алдың, неге үйге әкелдің?» деп сұрақтың астына алдым. Мәриям Шерхан ағайының бергенін, жаз бойы бос уақытында асық ойнап жаттығатынын айтты. Бәріміз қуана келістік. Содан бері «бес асық» ойынын жаны сүйіп ойнап келе жатыр. Қаңтар айында аудандық жарысқа барған болатын. Сол уақытта қарсыласымен ойнап отырған сәтін ағайы телефонға түсіріп, Тик-Ток әлеуметтік желісіне жүктепті. Біз оны білмейміз. Ағайы көп қаралым жинағанын айтады. Осылайша бір сәтте бүкіл дүниежүзіне танымал болып шыға келді. Артынша екеуі бірге Алматы қаласындағы «Көреміз» бағдарламасына шақырту алып, сұхбат беріп келді. Бұл біз үшін Алла сыйлаған үлкен қуаныш деп білемін, – дейді анасы Бақыткүл Мырзалиева.
Анасының жетекші ұстазына айтар алғысы шексіз. Ақ тілегін естіп біз де бір марқайып қалдық. Әрине, баланың шаршы топқа шығып өнерін көрсетуде отбасының қолдауы, әсіресе аналық сенімі бәрінен де маңызды ғой. Мәриямның да өз аузынан естімек болып әңгімеге тартып көрдік.
- «Бес асық» ойынын өте жақсы көремін. Уақытымның көп бөлігін осы ойынды ойнауға арнаймын. Сонымен қатар анам екеуміз қазақ әдебиетінде ойып тұрып орын алатын ақындардың өлеңін де жатқа оқимыз. Мен үшін де, отбасым мен білім алып жатқан мектебіміз үшін де жетістікке жетіп, көп қаралым жинап жатқаным зор қуаныш деп білемін. Қазір қатарласымның көбі телефонда уақыт өткізеді. Содан бір сәт арылып, оларды осы «Бес асық» ойнауға шақырамын. Өйткені бұл ойын адамды шапшаңдыққа, тез ойлауға үйретеді, – дейді Мәриям.
Асық ойыны баланы ептілік пен мергендік, шапшаңдық пен сергектікке баулиды. Жалпы бұл қол моторикасының жұмысына да оң ықпалын береді. Себебі мимен жұмыс саусақпен тікелей байланысты. Ал біздің телефонға телміріп, шұқылап кетуіміз де мидың жұмысын тежейтін көрінеді.
- Өткен жылы мектебімізде «Денсаулық әлемі» жобасы аясында облыс көлемінде ұлттық спорт түрі – асық ату мен бес асық ойнауды дамыту мақсатында 2007-2009 жылы туған жасөспірімдер арасында облыс біріншілігін ұйымдастырдық. Оған 5 ауданнан 8 команда, жалпы 40-қа жуық спортшы қатысқан болатын. Жеңімпаздар облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының дипломын иеленді. Қазіргі таңда Қазалы ауданында болатын Қазақстан Республикасы чемпионатына іріктеу жарысына дайындық үстіндеміз, – дейді Шерхан Сламханұлы.
Бүгінде ұлттық ойындар қайта жаңғырып, ұлт мұрасын толықтыруда. Заманмен бірге қазақтың салт-дәстүрі, ұлттық ойындары да жаңғырып келеді. Сол себепті де төл ойынды дамытып, насихаттауда Шерхан секілді жан-жақты ұстаздар көп болса дейміз.
Ақнұр САҒЫНТАЙ