» » Суықтағы сұлулық

Суықтағы сұлулық

Сурет ашық дереккөз

Бүгінде дала жап-жарық. Өткен бейсенбіде ақ ұлпа қар жауып, көңіл-күйіміз көтеріліп қалған. Қара суыққа әбден етіміздің үйренгенінен бе екен қар жауса балаша қуанатынымыз бар емес пе?! Осыған дейін жауған қар ұзақ жатпай, былжырап еріп кеткен соң бұл жолы да солай болар деп күткен едік. Өмірде бәрі біз ойлағандай бола берсін бе?! Осындайда анамның айтқан мына бір сөзі ойыма орала кеткені. «Қар жауды деп қуанба, артынан аязы келер» деп ылғи айтып отырады.

Қаңтардағы қара суық қарқын алғалы бір жеті уақыт болды. «Қар жауды» деп балалар да далаға шығып, шанамен ойнап, аққала жасағысы келеді. Бірақ кешелі бері дауылды жел бет қаратпай тұр. Балалар тұрмақ ересектердің өзі суыққа шыдай алар емес.
Аз уақытқа сыртқа шыққаның өзінен екі бет қызара домаланып барады. Қақаған аязда жылулық іздеп жүрміз ғой. Таңертең жұмысқа бар қалың киімімді киіп келе жатсам маған қарсы беттегі қыздың сырт бейнесі көңілімді мұздатып жіберді. Сәннен қалмайтыны көрініп-ақ тұр. Бірақ бүрсеңдеп барады. Басы да тым жұқа. Басқасы-басқа үлкендердің суық бас пен табаннан өтпесін деп айтатыны бекер емес қой.
Ана жолы да бір оқушының аяғына кроссовкасын киіп, тобығы ашық кетіп барады. Оларды көріп «айдаладағы» менің өзім тоңып, тұла бойым дір-дір етеді. Суықтан сұлулық артық болғаны ма, жастардың осылай жеңіл жүруінің себебі не? Бәлки әлеужелідегі әдемі өмірді көріп шынайы өмірді солай елестетін болар. Аналық ақылға да құлақ аспайтынына не жорық дерсіз.

Олар тоңбайды ғой, өзім де қыстай жұқа киініп шығатын едім. Жас кезімде басыма қатты салқын тиіп ауырғаннан кейін барып бас киімнің қалыңын киетін болғанмын. Бұлар да сол ғой. «Бекіренің басы тасқа тимей қайтпайды» дегендей, ауырған соң барып қалың киінуді бастайды, – дейді Алмагүл есімді апайымыз.  Суық күні сұлу болып жүремін деп бір күнде «қалпақтай» құлайтынын көбі елей бермейді. Әсересе, жастық шақта ақылға салу қиынырақ. «Сатып алған» ауру деп үлкендердің тілімен төпеп алатыны бар ғой. Иә, суықпен бірге тұмау, жөтел, мұрынның бітелуі не ағуы, тамақтың қышуы, дене қызуының көтерілуі секілді аурудың бірінен соң бірі шығатынын ұмыт қалдырып жатамыз. Қазіргі тұмау да «ә» дегеннен кете қоймайды. Жөтел де дәл солай. Ұзақ уақыттан соң тарай бастайды.

Қыстыгүні міндетті түрде мойынға орамал таққан жөн.  Көп жағдайда тамағымыз ашық қалады, ал суық бірінші осы тамаққа тиеді емес пе?! Сондай-ақ бірінші тоңып, суық өткізетін – аяқ. Сол себепті етікке  ұлтарақ салыңыз. Етігіңіз керемет сапалы жасалса да, ұлтарақ артық болмайды. Дәл сол сияқты, қалаңызда қар жаумаса да, қолғап киіп жүргеніңіз абзал. Жылы жүргенге қоса қолыңыз бірінші аяздан құрғап, жарықтанып кетпейді. Аяқ-қолы жылуда болған адамға суық тимейді. Таңертең және кешкісін күн қатты суытады. Біздің далада жүретін кезіміз де осы шақ, сондықтан күнделікті бас киім киіп жүріңіз.

«Күннің жаманы кетер» дегендей, қара суық та өтеді. Бірақ суықта сұлу жүремін деп басты байлықтан айырылып қалмаңыз. Себебі денсаулық бүгін ғана емес, ертең  де керек қой.

Ақнұр САҒЫНТАЙ

30 қаңтар 2024 ж. 222 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

№91 (10356)

16 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 288

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 383

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930