Қазақы киімді ұлықтаушылар немесе «Ұлттық сезім» жобасының жемісі
Жуырда басшылық тарапынан әр жұма күні жұмысқа ұлттық киім кию қажеттігі туралы нұсқау берілді. Жалпы ұлттық деген дүниені қызғыштай қоритын мен бұл тақырыпқа тереңірек үңілгім келді. «Бұл нендей жоба?» «Қайдан бастау алды?» деген сұрақтармен іздене бастадым. Не нәрсеге назар аударсаңыз, сол дүниеңіздің алдыңыздан шығатыны бар емес пе? Әлеуметтік желіні ашқанымда ойымдағыны дөп басқан сурет алдымнан шыға келді. Тақырыпты толығырақ тарқатсақ.
Жалпы «Ұлттық сезім» жобасы елімізде өткен жылдың 1 желтоқсанынан басталған. Басты мақсаты – ата-баба дәстүрі мен тарихы арқылы ұлттық киімді дәріптеу, ұлттық брендті нығайту. Флешмоб форматындағы бұл жобаға әлеуметтік желілерде фотосуреттер мен бейнелерді жариялау арқылы бастамаға барлық тілек білдірушіге қосылуға мүмкіндік береді. Тұрғылықты жері маңызды емес. Жоба барлығына ашық. Мәселен, осы уақытқа дейін еліміздің беделді компаниялары Kusto Group, Tas Group, Chocofamily Holding, «BI Group», Invictus, Novopack, Bilim Media Group, Ordamed Group, MYD Production, SDC, Freedom Holding Corp, AQ Group компаниялар тобы, Ұлттық спорт қауымдастығы мен оған мүше федерациялардың қызметкерлері жұмысқа ұлттық киіммен келіп, әлеуметтік желіге жарыса фото, видео жүктеген. Бұл акцияны «Әділдік жолы»республикалық қоғамдық бірлестігінің қызметкерлері де қолдап, жұмыс кеңсесіне ұлттық киіммен келген. Мұндай мысалдар жетерлік. Біздің ауданда да бұл жобаны қуаттаушылар жетерлік.
– Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы биылғы жылға жаңа жобалар жоспарлаған еді. Солардың бірі – «Ұлттық сезім» жобасы. Оның ең басты талабы – қоғамдық ұйымға қарасты барлық филиал және бастауыш ұйымдардың қызметкерлері әр жұма күні жұмысқа ұлттық киім киіп келуі және сол күні мүмкіндігінше келген тұрғындармен қазақ тілінде сөйлесу қажеттілігі болып отыр. Бізге де облыстан осындай тапсырма келді. Қазір тапсырманы түгелдей орындап, ұлттық киімді ұлықтаудамыз. Одан бөлек, кент әкімшілігі қыз-келіншектерінің, Ш.Уәлиханов атындағы №26 мектептен ұлттық киімді ұлықтап жүргендерді жиі кездестіремін. Қазір Қазақстан телеарнасынан да әрбір жұмада қазақы киім киіп, ұлттық әшекей тағуды насихаттауда. Үлкен мегаполистерде мектеп оқушыларының арасында да оқу формасын ұлттық киіммен үйлестіріп жүргендер де кездеседі. Мұның барлығы – ұлтымызды өзге ұлттардың тануына, қазақтың өз құндылығына қайтып оралуына жас буынды тартуда берері мол. Біз де ұлттық дүниемізді ұлықтау мақсатындағы жұмысымызды жалғастыра береміз, – дейді халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының аудандық филиалының төрағасы Гүлжауһар Раева.
Иә, мұның барлығы жоба аясында жүзеге асып жатқан дүниелер. Алайда Жосалы кенті әкімшілігінің қыз-келіншектері жобасыз-ақ ұлттық киімді күнделікті жұмысқа киюді әдетке айналдырған. Оны кентке шаруасын шешуге барған әрбір тұрғын біледі. Қазақы қамзолды классикалық киіммен үйлестірген қызметкерді сөзге тарттық.
– Бұл бастама басшымыздың ұсынысынан бастау алды. Шыңғыс Әбділәмитұлы іскер әкім ғана емес, ұжымды тәрбиелейтін, ахуалын ұстап тұра алатын басшы. Осыдан үш жыл бұрын аппараттағы қыз-келіншектер арасында басшымыздың «Қызмет бабында қазақы үлгідегі қамзол кию» деген ұсынысы бірауыздан мақұлданып, баршамыз осындай қамзол тіктірдік. Бұл қамзолды тек қызметтік киім ретінде пайдаланамыз. Негізгі мақсат – қазақы дәстүрді насихаттау, өзгерісті өзімізден бастау. Мұндай бірдей киім үлгісінің болуы өзімізге де, келген тұрғынға да жайлы көңіл-күй сыйлайды. Алдағы уақытта қамзолымызды жаңалау және ер азаматтарға да оюлы костюм тіктіру жоспарда бар. Осылайша ұлттық құндылығымызды сақтауда, оны дәріптеуде үлес қоса алғанымыз үшін қуаныштымыз, – дейді бас маман Нұргүл Тоғанасқызы.
Қарап отырсақ, қазір ұлттық құндылығымыз өзімізге қайта оралып жатыр. Бұл қуантарлық жайт. Білім саласында да ұлттық тәрбиемен үндескен дүниелер жетерлік. Әрбір білім ордасынан «Даналық мектебі» кабинеттерінің ашылуы, «Төрт тоқсан – төрт өнер» жобасы, «Асық» үйірмелерінің жүргізілуі көңілге қуаныш сыйлайды. Себебі бала құндылықты кішкене кезінен санасына сіңіреді. Ал ондай бала өскенде ұлтын сүйер азамат болады емес пе?
Жоғарыда айтқан әлеуметтік желіден алдымнан шыққан сурет О.Шораяқұлы атындағы №30 мектептің 4-сынып оқушылары екен. Оқу формасымен үйлестірілген ашық көк түстегі кеудеше көзге өте ерекше көрінеді. Оюлы киім киіп, жүздері жарқыраған оқушылармен арнайы барып жүздесіп қайттық. Сынып жетекші де оқушыларымен сәйкестендіріп классикалық киім үлгісін тіктірген. Көз тоярлық керемет көрініс.
– Жалпы ұлттық киімді көп жағдайда Наурыз мерекесіне орай киеміз. Кейде тәрбие сағатымыздың тақырыбына сай балаларға қамзол әкелуді тапсырғанда «апай, Наурыз бола ма?» деген сұрақтар жиілейді. Бұл бүлдіршіндердің ұлттық киімді тек Наурызда ғана киеді деген түсінігі барын аңғартады. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін 16-желтоқсан күніне орай оюланған қамзол тіктіруге ата-аналарға ұсыныс тастадым. Оның үстіне оқушыларым биыл бастауышпен қоштасып, жоғары буынға қадам басады. Ата-аналар менің ұсынысыма бірауыздан келісіп, үлгісін бірге таңдап, қолдау білдірді. Осы орайда баласының бойына ұлттық құндылықты құйғысы келген әрбір жанұяға алғысым шексіз. Баршамыздың көңілімізден шыққан қамзолымызды осы аптаның басынан бері бірдей етіп киіп жүрміз. Әрбір аптаның алғашқы күнінің бірінші сабағы – тәрбие сағаты. Сондай-ақ балалар күнде таңертең Әнұран айтады. Ал оюланған қамзолмен келгендегі балалардың Әнұран айтуы өзге апталардан ерекше болды. Оны өздері де аңғарыпты. Ұлттық киім кию арқылы балалардың рухы көтеріліп, бойларын ерекше күш кернейтіні көрініп тұр. Бұл менің апта басынан бері аңғарған өзгерісім. Мектеп ішіндегі ұстаздардан да, ата-аналар тарапынан да бұл жаңашылдығымызға жылы лебіздер алып, мерейіміз үстем болуда. Ұлттық киімді ұлықтау өзімізден, мектептен басталса құндылығы артып, ұрпақтан-ұрпаққа жалғаса береді деген сенімім бар, – дейді сынып жетекшілері Алтынай Ермашева.
Иә, қазір елімізде ұлттық киімді сәнді әрі сапалы етіп тігетін фабрикалар көбейген. Тіпті ауданның өзінде-ақ қалауыңызша киім тігіп беретін шеберлер жетерлік. Сән әлемінде де ұлттық нақыштағы мықты, сапалы киімдер, заттар көп. Біздіңше, оларды тек қолдау керек. Ұлтымызды еске түсіріп тұратын киімдер әлемде өз орнын қалдырса деген тілек те жоқ емес. Себебі ұлттық оюлар – қайталанбас төл өнердің туындылары.
Ал қазір жоба арқылы жалғасып жатқан Ұлттық киім күні өзге елдерде күнтізбеден орын алған кәдуілгі мереке. Мысалы, Жапонияда ол 29 мамырда, Қытайда 18 ақпанда атап өтіледі. Бұл күндері адамдар мерекелік ұлттық киімдер киіп, түрлі-түсті шерулер өткізеді. Бізде де алдағы уақытта «Ұлттық сезім» ресми мереке – Ұлттық қазақ киімі күніне айналса дейміз...
Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ