» » Отандық киноөнім олжалы ма?

Отандық киноөнім олжалы ма?

Фото ашық дереккөз
Өткен жылдың аяғында режиссер Қуандық Бейсек қоғамдағы зорлық-зомбылық пен дәстүрді сипаттайтын толықметражды картинасын көрермен назарына ұсынды. Мұнан соң жұрттың бәрі тың туындыны көрмекке кинотеатрға ағылды. Бірі – жылады, бірі – қорықты, ал енді бірі – фильмнің идеясын мақтады. Соңғылары «дәстүр» дейтін әдемі сөздің сәнін келтірді деп дау қылды. Осылайша  қоғамда үлкен резонанс туды. Жалпы отандық киноиндустрияның бүгінгі мен болашағы қандай? Қандай олқылықтар орын алуда? Өніміміз олжалы ма? Саралап көрсек.

Әлемдік кино тарихында «Пойыздың Ла-Сьота вокзалына» келуі туындысы алғашқы фильм ретінде мойындалады. Авторы ағайынды Люмерлер. 48 секундтық кино сол кездегі көрерменді таңғалдырған. Тіпті адамдар шын пойыз келді деп шошып орнынан тұрып кеткен. 1,5 ғасырға жуық уақыт ішінде кино өнері қарыштап дамыды. Ал қазақ киносы бүгінге дейін қалай шыңдалды?

Отандық киноға шолу
Әлемдік көшке ілескен біздің елдің де кино саласында қол жеткізген жетістіктері ауыз толтырып айтарлықтай болмаса да, біраз халықаралық байқауларда қазақстандық фильмдер мен актерлер жүлделі оралып жүр. Әрине, бүгінгі  қазақ киносына көңіл толмаушылықтың бары рас. Десе де, 20 ғасырдың орта шеніндегі «Қыз Жібек», «Көксерек», «Менің атым Қожа» сынды фильмдер көрермен қауымның әлі есінен кетпейтін, сағынып отырып қайталап көретін көркем туындыларға айналды. Одан бөлек, сол кездің өзінде қазақ киносының жеткен жетістігі де аз емес еді. Мәселен, 1967 жылы «Менің атым Қожа» фильмі (реж. А.Қарсақбаев) Франциядағы Канн фестивалінің арнайы жүлдесіне ие болған қазақ фильмдерінің ішіндегі бірінші фильм болды. «Көксерек» фильмі (реж. Т.Өкеев) Бакуде өткен кинофестивальде бірінші сыйлыққа ие болса, ал «Алпамыс мектепке барады» фильмі (реж. А.Қарсақбаев) Ригада өткен бүкілодақтық 10-кинофестивальдің бас жүлдесін жеңіп алды. Қазақ киносы тарихындағы алғашқы киношежіре 1925 жылы түсірілсе де, оның дамуы 20 ғасырдың аяғында едәуір қарқын ала  түсті. Әсіресе, 1991-1997 жылдар аралығында отандық кино саласының ең бір жемісті шағы болды. «Қайрат», «Кардиограмма», «Отырардың күйреуі», «Сұржекей – өлім періштесі»,  «Батыр Баян», «Жас аккордеоншының өмірбаяны» секілді фильмдер мемлекеттік, халықаралық сыйлықтарды жеңіп алып, түрлі байқауларда жарқырап көрініп, отандық кино өнерінде үлкен сілкініс жасады.

Уақыт өте келе отандық кинодағы осы бір сілкініс тұрақты түрде озық дәстүрге айналып, өз қарқынын сақтай алмады. Тәуелсіздік алғаннан кейін де көптеген фильм түсірілді. Бірнеше байқауларда топ жарып, жетістіктерге жеткенімен, отандық кино саласында коммерциялық, «поп-корндық» кинолардың қатар жылжуымен тақырыптық, идеялық, мазмұндық жағынан дағдарысқа ұшырап қалғаны жасырын емес.

Сандарды сараласақ..
Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, осыдан бес жыл бұрын,  яғни 2019 жылы өткізілген киносеанстар саны  962 294-ні құраса, соның басым көпшілігінде шетелдік киноларға деген сұраныс жоғары болған. Ал ұлттық киноны көруге ынталылардың саны тым аз болған сыңайлы. Бұл – әр  жыл сайын қайталанып отыратын процесс. Есесіне, сюжеті жеңіл, арзан күлкіге құрылған фильмдердің кассалық табысы отандық кинопрокатта топ жарып, ұдайы көрермендерге лық толы болады.

Былтыр прокатқа отандық 74 фильм шыққан. Оның ішінде 56-сы комедия. Біздікілердің комедия түсіруге келгенде «бес» екенін осыдан-ақ бағамдай берсек болады. Кассалық табыстан да рекорд жаңартып жатқан да осы фильмдер. Мәселен «Таптым-ау сені» деп аталатын комедия 2023-тің ең табысты фильмі. Жылды 1,5 миллард теңге кассамен түйіндепті.

Комедия деген жанр жалпы әлемдік кинода ең қиын жанр. Адамды күлдіру деген оңай нәрсе емес. Бірақ ол күлкінің маңызы комедияның ішіндегі күлкі емес қой. Ол тек әлгі күлкі арсыз дей ме... Арсыз күлкілер ғой олар. Ал комедия басқа күлкі.

Әйтсе де комедияның көп түсірілуіне наразылар бар. Бірақ тыйым салуы мүмкін бе? Мүмкін емес. Негізі тыйым дегенге абай болған артық етпейтін сыңайлы. Әсіресе адамның ой-қиялымен шектесетін творчестволық материалдарға қатысты. Мейлі ол, арзанқол комедия болса да. Мысалы Ресейде ойы, қиялы үшін режиссер Евгения Беркович пен драматург Светлана Петрийчук былтырғы жылдың мамыр айынан бері уақытша қамау изоляторында отыр.

Таразының бір басында – бизнес
Киномотография өзінің пайда болғанынан бастап бұл бірінші кезекте бизнес құралы болған. Голливуд киномотографиясы бұл алғашқы жылдарынан бастап ақша табу көзіне айналған. Кино әрқашанда бірінші кезекте бизнес болып табылады. Осы тұста «Қазір кино тек бизнес құралына айналды» деген сын қаншалықты орынды?» деген сұрақ туады. Көрермен пікірі әралуан.

–        Он жыл бұрын кинотеатрларда қазақ киносы көбейсе екен деп армандап жүретін едік. Қазір, арманымыз ақырындап орындалып келеді. Әйтсе де саны көп, сапа сын көтермейді. Бәзбіреулер саны көбейе берсін, саны болғаннан кейін сапасы да болады дейді. Мен оған келісе алмаймын. Себебі ол сан «сан» деп қала береді. Біз секілді көрерменді бұл ештеңеге үйретпейді. Пайдалы дүние ала алмайды, – дейді Назерке Сабырова. 

Көрермен көңілінен шыққан басқа жанрдағы фильмдер де бар. Соның бірі «Міржақып. Оян Қазақ». Бұл туындыны үлкен де, кіші де үздігіп көрді. Кинода бір адамның шынайы эмоциясы арқылы бір адам естіп келетіндері бар. Оның үстіне эмоцияны тарататын құрал да бар. Ол –әлеуметтік желі. Айтпақшы, бұл фильм мемлекет қаржысына түсірілген 7 фильмнің біреуі.

–        Киноға әлеуметтік желіде жылап шыққан адамдардың эмоциясын көріп барғым келді. Оны көру барысында түйгенім, фильмдегі көрсетілген көреалмаушылық, аяқтан шалу деген сынды дүниелер күні бүгінге дейін бар. Алайда «ұлтым, елім, жерім» дейтін Алаш зиялылары секілді жандар қоғамымызда тіптен саусақпен санайтындай-ақ. Тіпті өзге аймақта болып жатқан аштықтан қырылып жатқан жандарды ойлап тамағынан ас өтпей, ұйқыдан қалған арда азаматтың ісіне өз басым сүйсіне қарадым. Жанарымдағы жасты тия алмадым. Сонда біз не істеп жүрміз? Расымен оянатын кез болды ғой, – дейді Ерлан Әлібаев.

Қазақ киносы қалай қарыштауда?
Қазақ киносы десе еске Сұлтан Қожықовтың «Қыз Жібегі», Қарсақбаевтың «Менің атым Қожасы» түседі. Жарты ғасырдан астам уақыт өтсе де бұл фильмдердің көрермен есінде жаңғырып тұруына не себеп? Иә, кеңес кезеңінде осындай туындылар дүниеге келді. Қазақстанның тәуелсіз болғанына биыл 33 жыл. Қазір көрермен не көріп жүр? Кинотеатр сеткасына үңіліп көрсек, бір күнде 24 фильм көрсетіледі. Оның алтауы – қазақстандық. Былтыр кинопрокатқа 400-ден астам фильм шықса, оның 74-і қазақ киносы. Әлбетте саны көбейіп жатыр, жақсы сапада түсіріліп жатқан кинолар да жетерлік. Бірақ берері тым аз. Кино дегеніңіз, бір жағынан өнер. Екінші жағынан – коммерция дейміз. Үшінші жағынан тәрбие құралы емес пе?! Бізде әдепкі екеуінің қарқыны жақсы. Дегенмен тәрбие тұсы ақсаңдап тұрғанын қырағы көрермен жақсы біледі.

Қазір қай сфераны алып қарасақ та жарнама керек. Жарнамасыз ештеңе сата да алмайсыз. Инфобизнесмендерің де көбейген себебі осы шығар. Олардың жарнамасынан қазір тіпті көз сүрінеді. Тегін сабақтың соңы ақылы тренингке ұласып жатқан жоқ па?! Киноға да жарнама керек-ақ. Жарнамадан бөлек техника құны, локация, гонорар, тағысын тағы көзге көрінбейтін шығындары бар. Осы тұста кино – ең шығыны көп өнер түрі екенін де айта кеткен жөн шығар. Бірақ тәуекелі мен табысы бірдей. Себебі кино дегеніміз қазір жиі айтылатын креативті индустрияның бір түрі дейді режиссерлар.

Әрине, мұнымен отандық кинодағы даму үдерісі тоқтап қалмайтыны белгілі. Алдағы уақытта ерекше қарқын алуы да ғажап емес. Десе де, отандық фильмнің айналасындағы проблема әлі де жалғаса береді. Отандық киноның ұлттық болмыстан ажырап бара жатқаны бүгінгі таңдағы ең өзекті мәселе болса, мемлекеттік телеарналардан комедиялық сериалдар мен фильмдерге жиі орын берілуі де толғантарлық жағдай.

Сөз соңында айтпағымыз мынау. Отандық кино өнерінің ғұмыры ұзақ болуы үшін де алдағы уақытта әлемдік бәсекеде еш төмендемей, үнемі үздік туындылармен толысып отырғанын қалаймыз. Бұл – қазақ киносының келешегіне алаңдаулы барша кино сүйерқауымның ортақ тілегі.

Түйін
1999 жылғы шыққан американдық «Жекпе-жек клубы» фильмі өз-өзін қаржылық жағынан ақтамайды. Кассалық табысы да мардымсыз болады. Дегенмен қазір әлемдік киносыншылар арасында бұл кино өте жоғары бағаға ие. Демек, қандай фильм тамашалаймын десе де көрерменнің өз еркінде. Ал ол өнер туындысы ма, әлде коммерциялық жоба ма кім білсін?! Түптің түбінде «Алмас қылыш қын түбінде жатпайтынын» естен шығармайық. Тек кино түсіретіндердің бәрінде «алмас қылыш» ұстайтындай жүрек жоқ сыңайлы.

Ақнұр САҒЫНТАЙ
22 қаңтар 2024 ж. 240 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

№91 (10356)

16 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 289

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 384

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930