Мақсат биігіндегі бір жылдық белес
Жалпы, әкім жұмысының өлшеуіші көп. Экономиканың дамуы, халықтың әлеуметтік жағдайының өсуі, өнеркәсіптегі, шаруашылықтағы ауқымды жобалардың іске асырылуы, аудан экономикасына қомақты инвестиция әкелу, мемлекеттік, үкіметтік түрлі бағдарламалардың ауданда уақытылы, сапалы орындалуына басшылық етіп, бағдар беріп отыру сияқты жұмыстарының барлығына жоғарыдан да, төменнен де тиісті бағасы беріліп отырады.
Жоғарыдан алатын бағасы деп отырғанымыз – әкімнің аймақ басшысы, басқа да түрлі жоғарғы билік тармақтарында отырған лауазымды адамдар алдында өз жұмысының есебін беріп, есесін жібермей ұсынған бағдарламаларын жүзеге асыруға қажетті қаржысын ауданға әкеп отыру.
Ал төменнен берілетін баға – халық таразысының қалт жібермейтін қалыбына түскенде жұмысындағы экономикалық ілгерілеу мен әлеуметтік дамудағы тиімді индикаторлық көрсеткіштерінен туындайтын ел бағасы.
Аудан әкімі Жандос Еркінбекұлының осы таразыға түскеніне, яғни өзі туған қасиетті Қармақшы жерінің экономикасын көтеремін, елімнің тұрмысын жақсартамын, мәдениетін дамытамын, жұртымның әлеуетін арттырып, абы- ройын асқақтатамын – деген зор құлшыныспен әкім орындығына отырғанына толық бір жыл толып отыр.
Аз – десеңіз де, көп – десеңіз де еркіңіз. Бірақ әкімнің бағасы аудан басқарған уақытының аз не көптігімен емес, атқарған ісімен өлшенеді. «Әкім бол, халқыңа жақын бол» дегендей, ел алдында алған абыройымен, бөленген құрметімен өлшенеді.
Жыл ішінде аудандағы макроэкономикалық көрсеткіштерде даму үдерісі байқалды. Тартылған инвестиция көлемі артып, өткен жылмен салыстырғанда 13,8 пайызға өсті.
Кәсіпкерлік саласын дамытуға баса назар аударылды. Халық көптен күткен, аяқталуы ұзаққа созылып кеткен инвестициялық жобаның бірі – Ақтөбе ауылындағы «Қармақшы құс» фабрикасы іске қосылып, өз өнімін бере бастады. Мұның өзі жаңа жұмыс орындарының көбеюімен бірге көпшіліктің жаңа жұмыс ашуға, кәсіп бастауға деген ықыласын тудырды, үмітін оятты.
Экономикалық жағдайы ауыл шаруашылығына негізделген аудан егіс, оның ішінде күріш егу көлемін арттырып, орта есеппен егілген күріштің әр гектарынан 60 центнерден өнім алуға қол жеткізуі – елдің еңсесін көтеріп тастаған ілкімді істің бірі болды.
Шаруашылық ісіне жаңа технологияның мүмкіндіктерін молынан пайдалану, су үнемдеуде тамшылатып суару әдістерін пайдалану өмірге ене бастады.
Аудандағы озат шаруашылық «Жаңажол» серіктестігі облыста «Үздік шаруашылық» атанса, ауылды көркейтуде Дүр Оңғар ауылы «Үлгілі елді мекен» облыстық байқауының екінші орынын иеленді.
Елді мекен тұрғындарын сапалы ауызсумен қамтамасыз етуде Т.Көмекбаев, Қармақшы, Алдашбай ахун ауылдарына 700 млн теңгеге жуық қаржы жұмсалып, су қабылдайтын құрылғылар қайта жабдықталды. Ақай ауылында табиғи газға қосылу жұмыстары толығымен аяқталды.
Жол жөндеу жұмыстары да қарқынды жүргізілді. «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында 5 елді мекеннің 21 көшесі орташа жөндеуден өтті.
Тұрмағамбет, Ақжар, Дүр Оңғар ауылдарындағы дәрігерлік амбулаторияның ашылуын да өткен жылда ел игілігі үшін жасалған елеулі жұмыстарға жатқызамыз.
Бәрін айт та бірін айт, Жосалы кенті тұрғындары үшін жылдар бойы өзекті мәселе бо- лып келген теміржол өткелінің құрылыс жоба-сметалық құжаттамасын әзірлеуге тиісті шаралар қабылданып, бұл бағытта жұмыстардың басталып кетуін кент тұрғындары өткен жылдың басты оқиғасы деп бағалауда.
Өз жұмысының алғашқы жылын осындай ел сүйсінер өрелі істермен бастаған аудан әкіміне ризалығымызды білдіре отырып, өзіне зор денсаулық, отбасына амандық тілейміз. Алдағы жылдарда бұдан да зор табыстарға жетіп, абырой биігінен көріне бергенін қалаймыз.
Шегебай ҚҰНДАҚБАЙҰЛЫ,
еңбек ардагері, Қармақшы ауданының
Құрметті азаматы