Сары белгі сақтық үшін
Қазір елде көліктің саны көбейген сайын оларға қойылатын талап, шектеулердің саны артып келеді. Әрине мұның барлығы заң аясында. Соның ішінде сұйытылған газбен жүретін көліктерге төтеншеліктердің тарапынан айтылар ескертпе көп. Себебі, кей газ жабдығы орнатылған көліктер адамдар үшін қауіпті болуы мүмкін. Енді бұл мәселенің де шешімі табылды. Биылдан бастап елде газбен жүретін көліктерге жаппай сары түсті «GAS» леп белгісі бар белгі жапсыру міндеттелді.
Бұл ереже ҚР Ішкі істер министрлігі Әкімшілік комитетінің 2023 жылғы 21 қарашадағы ұсынысы негізінде әзірленген. Қазір елімізде 400 мыңнан аса көлікке газ баллоны орнатылса, құрылғылардың басым бөлігі техникалық ережелерге сай келмейді. Техникалық талаптар мен қауіпсіздік ережелері сақталмағаннан көліктер жүріп келе жатқанда немесе тұрған орнында жарылып, адам өміріне үлкен залал келтіруде. Бұл туралы ҚР Сауда және интеграция министрлігі де елге ашық түсіндірді.
– Газға қайта жабдықтау үнемі қауіпсіздік талаптарын сақтай отырып жүргізілмейді. Өкінішке орай кейде мұндай көлік қауіпті болуы мүмкін. Осыған байланысты газға қайта жабдықталған көліктердің жабық тұрақтарға кіруіне тыйым салынады. Дәл осындай автомобильдерді сәйкестендіру үшін арнайы белгі енгізіледі, – деді техникалық реттеу және метрология комитетінің төрағасы Қуаныш Елікбаев.
Елімізде газбен жабдықталған көліктердің саны жыл санап артып келеді. Әсіресе алыс-жақын қалаларға қатынайтын такси жүргізушілері сұйытылған газ отынын пайдалануда. Себебі де жоқ емес. Олар бензинге қарағанда газ бағасы әлдеқайда арзан дейді. Жыл сайын жанар-жағармай бағасының негізсіз қымбаттап, қалтаны қағатынына наразы. Ал биыл шыққан жаңашылдыққа да көңілі толмайтынын жасырмады.
– Қазір көлік жүргізген жүргізушіге міндеттемелер көбейіп кетті. Жыл сайын заң шығып, талаптар қойылуда. Өздеріңіз біліп отырғандай, биыл газбен жүретін көліктерге арнайы белгі жапсыру жүктелді. Сондағы мақсаты жабық паркингтерге кірген кезде көліктерді оңай ажыратуға тиімді дейді. Меніңше бұл сары белгіге қарап қалған ештеңе жоқ. Бұған дейінде бұл белгіні орнатпай-ақ жүріп келдік. Газдың орнатқаны жөнінде онсыз да көліктің техникалық құжатында жазылады ғой. Ал қауіпсіздік жағына келсек, ол әр жүргізушінің өзіне байланысты. Көліктен газдың иісі сезілді ме, дереу маманына көрсетіп, алдын алып отыруы керек. Бұл жаңашылдық айыппұл арқалатудың амалы секілді, – дейді көлік жүргізушілердің бірқатары.
Ол рас. Талапты орындамаған жағдайда арнайы хаттама толтырылып, үш айлық есептік көрсеткіш көлемінде 10 мың теңге айыппұл салынады.
Ауданда газ жабдығы орнатылған көліктерге жыл сайын төтенше жағдайлар және полиция бөлімі бірлесіп іс-шаралар өткізіп, түсіндірме жұмыстарын жүргізіп келеді. Себебі елімізде көліктегі газдың жарылуынан орын алған оқиғалар көптеп кездесуде. Көлікті рұқсатыз жабдықтау бойынша полиция қызметкерлері рейд ұйымдастырып, талапқа сай келмегендерге ескертумен қатар әкімшілік хаттамалар толтырған.
– Көлікті қайта жабдықтау ережесі бойынша ауданда 2014 жылдан бері түсіндірме жұмыстары үздіксіз жүргізіліп келеді. Нақты айтқанда қайта жабдықтауға газ орнату, қосымша жарық шамын салу, тағы басқалар кіреді. Газы бар көліктерге айрықша белгі орнату бойынша былтыр жадынамалар таратылып, түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Қараша айының 1-інен бастап 30-на дейін қайта жабдықтау бойынша ісшара ұйымдастырылып, рұқсатсыз газ салып, қосымша жүк салғыш және жарық шам орнатқан 12 көлік жүргізушіге әкімшілік хаттама толтырылса, биыл газ белгісін орнатпаған 3 көлік жүргізушіге ескерту берілді, – дейді аудандық полиция бөлімінің жергілікті полиция бөлімшесінің қызмет инспекторы, полиция аға лейтенанты Ардақ Бермішов.
Ерсін СӘДУҰЛЫ