» » Суицидтің себебі неде?

Суицидтің себебі неде?

Қоғамдағы ең күйіп тұрған мәселенің бірі – суицид. Қазіргі таңда адамның өзіне-өзі қол жұмсауы азаймай отыр. Әсіресе, суицидтің балаларға қарай ауыз салуы ең қорқынышты жайт. Мектеп жасындағы балалардың бұған шарпылып, «жалғыздық» дертіне душар болып, оның бірден-бір емі «өлу» дейтін сананың ауытқуға шалдығу себебі неде? Еліміздегі жағдай қалай? Саралап көрелік. 

Қазақстанда 2023 жылдың қаңтар-қазан айларында өз-өзіне қол жұмсағандардың жалпы саны 3,4 пайызға өскен екен. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының деректеріне сүйенсек, Қазақстан – өз-өзіне қол жұмсау статистикасы бойынша әлемде үшінші орында, ал Орта Азия бойынша көш басында келе жатыр.

Мамандардың айтуынша, әйел адамдарға қарағанда ер адамдар мен жасөспірім балалар өз-өзіне қол жұмсайды екен. Өткен жылдың қаңтар-қазан айлары аралығында жасөспірімдер арасындағы суицидтің 68 пайызы ер балаларда болған.

Суицид салған әлек
Егер адамда қиындықтар көбейіп, ұзақ күйзелістен ағзасындағы ресурс таусылса, адамның өмірмен күресу қабілеті төмендейді. Әйел адамдар көбіне бойындағы күйзелісті жылап, айқайлап шығарып тастауы мүмкін. Ал ер адамдардың көбісі өміріндегі болып жатқан жайды ішіне бұғып, жинақтай береді. Егер оның қасында түсініп, қолдау көрсететін адам болмаса, оның өміріне қауіп төніп тұр деген сөз. Ал жасөспірімдердің арасындағы суицид көбіне достық қарым-қатынастың үзілуі, ата-анамен жанжалдасу, сынақтардағы сәтсіздіктер, оқу орнындағы буллингтік оқиғалар, өтпелі кезеңдегі жауапсыз махаббат себеп болуы да мүмкін. Бірақ мұндай жағдайға түскендердің барлығы суицидке бара бермейді. Себебі адамның менталды саулығы, психологиялық күйі маңызды болса, оның сыртқы ортадағы әртүрлі қиындықтарға төтеп беруіне көмектеседі.

Қайтсек алдын аламыз?
Қайтсек те, суицидтік көңіл-күйдің алдын алу іс-шараларына бейжай қарамауымыз қажет. Осы тақырып ғаламтор жайлаған жаhандану заманындағы ең өзекті мәселенің бірі ретінде қала береді. Қазақтың табиғатына жат болғанмен, қауіп-қатері елді шарпыған бұл індеттен қалай да құтылудың жолын іздестіруіміз қажет. Сондай-ақ адамдардың 111, 112, 150 «Сенім» телефондарына психологиялық көмек көрсететін желі жұмыс істейді.

Сенім телефоны біраз адамға демеу болса, енді бірін өлім аузынан аман қалуына сеп болды. Әрине, күйбең тірлікпен өтіп жатқан өмірде біздің тірлігіміз судың тамшысындай ғана болар. Бірі – байқар, бірі – көзге де ілмес. Мұнда кейде өлім мен өмір арасындағы мәселе де болады. Өзіне қол салғысы келетін адамдар да дағдарыс орталығына хабарласып жатады. Тығырыққа тірелген, шырғалаң, шырмаудан шаршаған жанның жүрегіне үміт отын тұтату үшін бір қоңырауға берілген жауап та жетіп жығылады.

Сенім телефонына шағымданған жандар үшін ең маңыздысы – біреудің оларды тыңдағанын қалайды. Сондықтан жауап беретін операторлар да қоңырау шалған адамның көңіл-күйіне байланысты дауыс ырғағын өзгертіп, ойымен бөлісіп жатады. Себебі Дағдарыс орталығына тәулік бойы хабарласып, клиникалық психологтардан кеңес алуға болады. Ақысыз қызмет көрсетіледі.

Шариғат шеңберінде
Дәстүрлі дін қағидалары бойынша «адамның өзін-өзі өлтіруі – ауыр күнә» саналады. Сондықтан, жалпы мұсылман танымы бар заманда – бұдан бір-екі ғасыр бұрын суицид болмаған, болса да мүлде сирек кездескенін тарихи кітаптардан, әдеби шығармалардан-ақ байқауға болады. Суицид, өз-өзіне қол жұмсау дінімізде ауыр күнәға жатады. Өйткені өзін-өзі өлтіру шариғатта Жаратқанның жазмышына қарсы шыққанмен тең.

Алла Тағала былай дейді: «…Және де өз-өздеріңді өлтірмеңдер. Расында, Алла сендерге Мейірбан ғой. Ал кімде-кім дұшпандықпен, зұлымдықпен солай істейтін болса, біз оны тозақта өртейміз. Олай ету Алла үшін оңай» (Ниса, 29, 30). Тіршілікте көрген тауқыметі үшін өмірден баз кешіп, өз-өзіне қол салу Құдайдың қаһарына ұшырататын істің бірі.

Өміріңді қима, қайта өндір
Психолог мамандардың пайымынша, қандай жағдай болсын, баланы тыңдау керек. Қазір кей ата-аналар баламен сөйлеспейді. Оның немен айналысып жүргенін, тіпті не ойлайтынынан бейхабар. Баламен жиі әңгімелесіп, ойына құлақ түру қажет. Мейірім мен махаббатқа шомылып өскен баладан бұзақылық шығады деу қиын. Өйткені кішкентайынан бойына мейірімділікті, адамдықты, адалдықты сіңіріп өскен баланың жаман болғанын көргеніміз жоқ. Жалпы, қазіргі жасөспірімдер арасындағы суицидтің, келеңсіз оқиғалардың көпшілігі отбасындағы берекесіздік пен ата-ананың екіге ажырасуына байланысты дейді мамандар.

–       Біздегі күрделі мәселенің бірі – балаға, жасөспірімге, жастарға дұрыс тәлім-тәрбие беретін жеке арнаның жоғы. Бізде балаларға арналған «Балапан» арнасы бар. Бірақ бұл сұранысты толық қамтамасыз етпейді. Суицид деген сұмдыққа бала ұрынбас үшін қазақ тіліндегі отбасы арналарын ашу керек секілді. Сол арнадан қазақы тәрбиеге қалай оралудың жолдарын көрсетсек, нұр үстіне нұр болар еді. Себебі қазіргі жасөспірім теледидардан, ғаламтордан әншінің, актердің өмірін әңгімелейтін арзанқол шоудан шаршады. Балалар қызығатын ойын-сауық, танымдық бағдарламаны көбейтуге болады ғой. Оған ата-ана мен баланы бірге қатыстырса. Жалғызбасты анаға кеңес беретін, жол нұсқайтын, жұртты жалықтырмайтын нәрсе көбірек көрсетілсе деймін. Өйткені көбіне өзіне қол жұмсауға бейім тұратындар – толық емес отбасындағы балалар» дейді кент тұрғыны Арайлым Орынбасарова.

Жан жылулығына зәру
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, суицидтің 800-ге жуық себебі бар. Олар эмоциялық күйзеліс, отбасындағы шешілмей жатқан түйінді түйткілдер, психикалық бұзылыс, қаржы тапшылығы сияқты болып жалғаса береді. Әрі бұл адамның жас ерекшелігі мен мінезіне де байланысты. Оған өмірінде орын алған оқиғалар да қатты әсер етуі мүмкін.

Жан дүние құлазып, кеудесі бос қалғандай күй кешкенде адам іштей үрей мен өзін-өзі кінәлауға бой алдырады. Өзін ешкімге қажетсіз сезініп, жан жарасы тереңдей түседі. Осындай түпсіз терең шыңыраудан шығудың жолы тек өмірмен қош айтысу деп түсініп, жаңылыс қадамға баратындар жиі кездеседі. Әсіресе мұндай қадамға психикалық ауытқуы бар, ұзақ уақыт бойы соматикалық аурулардан зардап шегетіндер, жасөспірімдер мен қарттар бейім келеді. Сондай-ақ мигранттар, қорлық көрген және әділетсіздікті бастан өткерген адамдар да өз-өзіне қол жұмсап жатады.

Себеп көп, шығар жол қайсы?
Бұл келеңсіздіктің алдын алудың бірнеше бағыты бар. Бастапқысы – ол суицидтік мінез-құлықтың пайда болуын болдырмауға бағытталған шаралар. Екіншісі – бұл дәрігерлер мен психологтардың стресс кезінде психикалық өзін-өзі реттеу әдісін игеру. Үшіншісі – суицидтік әрекеттердің қайталануын болдырмау. Мұндай жағдайда әрекет жасаушының жақындарына көп жағдай байланысты. Өкініштісі, қоғамда психолог маманға тек психикалық ауытқушылығы бар адамдар ғана жүгінеді деген кереғар түсінік қалыптасқан. Осы жаңсақ пікірді санадан шығарып, маман кеңесіне құлақ асу керек. Суицидтің алдын алу үшін бірінші кезекте күнделікті қарым-қатынастағы жақын адамдарымызға жылы шырай танытып, ішкі жан дүниесін түсінуге тырысу қажет сыңайлы. Аудандық Жастар денсаулығы орталығының психолог маманы  Әмина Кетебаевадан да аталған дертке қатысты пікірін сұрап білдік. 

–       Суицидтің себебі әртүрлі жағдайға байланысты факторлармен белгілі болады. Ең жиі кездесетіні – күйзеліс. Соның ішінде психикалық тұрғыда тұрақсыз, рухани әлсіз, түрлі ауытқулардың әсерінен көрініс табады. Айналасынан сенімді адам таппай, өзі дұрыс шешім қабылдай алмай, өмір сүруге ешқандай жол жоқ деп түңіліп жатады. Бәзбіреулер отбасындағы жақынынан айрылған шақта өз-өзін жоғалтып, өзіне қол салмақ болады. Мұның түбінің бәрі күйзеліске алып барады. Жастар арасында суицидтің болуы әлімжеттіктің, тұрмыстық жағдайдың төмендігінен,ерік-жігердің, өз-өзіне деген сенімділіктің болмауы, өз-өзін бағаламаудың салдарынан орын алады. Кей адамдар өзінің жанын қиюға дайын болса, ал енді бірі өзіне жанашырлық танытқанын, қоғамға қарсылықты осы жолмен дәлелдегісі келеді. Сондай-ақ жастар арасында жиі кездесетін лудоманияның әсерінен қарызға батып, тығырыққа тіреледі. Кейде тым эгоизмнің жоғарылауынан да болуы  мүмкін. Өйткені өз айтқаны болып үйренген жан басқадан қарсылықты қабылдағысы келмейді. Тұрмысы жоғары отбасынан да өзіне қол салуға әрекет белгілері кездесіп жатады. Жалпы ауданымызда 2022-2023 жылдары жастар арасында суицидке бару деңгейі өте төмен, көрсеткіш аз. 2023 жылы ересектер арасында 2 жағдай болса, жастар арасында өліммен аяқталған оқиға тіркелмеді.  Суицидке барудың алдын алуға болады. Қазірде ауданның барлық мектептерінде саламатты өмір салтын қалыптастыру маманы, Жастар денсаулығы орталығының маманы, емхана мен мектеп психологтары, аудандық білім бөлімінің мамандары, теолог, ардагермен бірлесе түрлі форматтағы кездесу, семинар-тренингтерді тұрақты түрде ұйымдастырып келеміз. Сонымен қатар жеке кеңес беру мен түсіндірме жұмыстарын өткіземіз, – дейді психолог.

Түйін
Ата-ана «баламды жұрттың баласынан кем етпеймін» деп, тек тамағын тауып, киім кешегін бүтіндеумен әлек болуда. Тіпті, шаңырағына бір мезгіл уақыт бөліп, перзентімен ашық-жарқын сөйлесу де ұмыт қалғандай. Баланың киімі көк болғанымен, көңілі күпті. Жаны құлазып, ата-анасының мейіріміне мұқтаж күй кешуде. Расымен бүгінде перзентімен сырласуды әдетке айналдырған ата-ана некен-саяқ. Бәрі ақша табу мен бітпейтін қызықтың, той-томалақтың соңында. Балалар ішіндегі күйзелісін, қынжылысын кімге айтарын білмейді. Жақында ғана «Ажалға араша бар ма?» тақырыбында жазған мақаламызда көзбен көріп, құлақпен естіген жайтты баяндадық. Мектеп оқушысының көшеде көрген бейтаныс адамына ашықтан-ашық «өлгім келеді» деуі міне соның дәлелі емес пе?! Үйдегі жылулық, жақындық болса, көшедегі адамға ішкі сырын неге ақтара салды? Сондықтан, балаға мейірленіп, қайда, кіммен уақыт өткізіп жүргенін қадағалау, жанына үңілу маңызды. Өйткені, баланы қорғау – баршамыздың міндетіміз емес пе, ағайын!

Ақнұр САҒЫНТАЙ
16 қаңтар 2024 ж. 199 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

№91 (10356)

16 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 289

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 384

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930