» » Балабақшаға бірыңғай кезек

Балабақшаға бірыңғай кезек

 Қазіргі таңда үздіксіз білім беру еліміздің ертеңі, өсіп келе жатқан жас ұрпақ білімінің тереңдігімен өлшенеді. Қазақ халқының нағыз азаматын тәрбиелеп өсіру негіздерін қалыптастыратын тұңғыш мектеп – ол балабақша. Алайда, балабақшаға бүлдіршіндерді тіркеудің өзі бір ғанибет екен деп ата-аналар шағым түсіріп жатады. Қалалық жерде «кезегімізді күтеміз дегенше, баламыз мектепке баратын жасқа жетті» деген әзілді тіркес те бар. Әр әзілдің астарында шындықтың бары рас. Мәселеге тереңірек үңіліп көрсек.
(сурет ашық дереккөзден)
Жалпы елімізде бөбекжайдағы 100 орынға орта есеппен 106 баладан келеді екен. Ал кезекте тұрған 2-5 жас аралығындағы балалардың қатары күннен-күнге артуда. Ата-ананың басым көпшілігі қалтаға қонымды келетін мемлекеттік балабақшаны таңдайды. Бірақ орын тапшы. Кезек көп күттіріп барып жылжиды. Күнкөрістің қамымен жұмыс істеуге мәжбүр ата-ана баласын жекеменшік балабақшаға апарады. Жеке болғаннан кейін, ол қалтаға ауыртпалық салатыны анық.
   Статистикаға сүйенсек,пандемия кезінде елде 1 миллионға жуық бала дүниеге келген. Ал 1 мен 5 жас аралығындағы бүлдіршіндер саны 2 миллионнан асады. Республика бойынша жұмыс істеп тұрған 11 мыңнан астам балабақша барлығын бірдей қамтуға жетпейді деген мамандар, мәселенің жақын арада шешілетініне күмәнмен қарайды. Ал экономикалық зерттеулер институтының жетекші сарапшысы, демограф Шынар Төлешова ашық дереккөздерде мынадай пікір қалдырған. Ол «2005 жылдан бастап қарасақ жылдан жылға туу көрсеткіші жоғарылап келе жатыр. Бұның барлығы бала санының көбейуіне әкеліп жатыр. Ең бірінші кезекте бала санының артуы бұл балаларға арналған әлеуметтік объектілердің, мектеп санының, балабақша санының, білім беру саласы объектілерінің тапшылығын туғызуда. Бүгінде 135 мыңнан астам бүлдіршін балабақша кезегінде тұр. Мектепке дейінгі ұйымдарда орындарды бөлуде ашықтықты қамтамасыз ету үшін кезекке тұрудың бірыңғай деректер базасы жасалмақ. Жыл соңына дейін 81 мың жаңа орын ашу көзделіп отыр» десе, ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев «Енді ата-аналар бүлдіршіндерін өздеріне ыңғайлы мекен-жайдағы кез келген балабақшаға кезекке қоя алады. Ол үшін қала мен елді-мекендердің карталарына барлық мектепке дейінгі мекемелер мен кезек қозғалысы жарияланбақ. Ал балаларды балабақшамен 100 пайыз қамту 2028 жылға қарай жүзеге аспақ» дейді өз мәлімдемесінде. Яғни мәселенің шешім табуына оң қадамдар жасалып жатыр деген сөз.
Жауапты министрліктің хабарлауынша, бірыңғай есепке алу базасы толықтай әзірленген. Мемлекеттік қызмет көрсету қағидаларының жобасы да дайындалыпты. Қанатқақты жоба Қарағанды облысындағы Шахтинск қаласында және Петропавл қаласында іске қосылды. Қанатқақты жобаның уақыты аяқталғаннан кейін жаңа жүйе республика бойынша жұмыс істейді.
Осы ретте, балабақшадағы кезек жөнінде аудандағы мән-жайды да білдік. Жалпы ауданда 40-тан астам балабақша тұрғындарға қызмет көрсетуде. Жеке балабақша мен мемлекеттік балабақшаның бағасында аса бір айырмашылық жоқтың қасы. Бұған бірден-бір себеп – біздің шағын аудан екендігімізде болар.
   – Балалар осы уақытқа дейін e-akimat жүйесі бойынша кезекте болатын. Бұл жүйе бойынша мемлекеттік тапсырыс алуға мүмкіндігі бар жеке балабақшалар да бала қабылдай алады. Ауданда балабақшаға кезегі көп жағдай санаториялық балабақшада кездеседі. Таңдауы дәл осы балабақшаға түскен тұрғындар кішкене күтуі мүмкін. Сонымен қатар Байқоңыр қаласындағы №24 балабақшада кезек көп болатын. Қазіргі таңда Ресейден Қазақстанға өткен балабақша ғимараттарының есебінен бір мемлекеттік және бір жеке балабақша ашылып, шешімі табылды. Ал ауданға қарасты басқа балабақшаларда кезек жөнінде мәселе жоқ, – дейді аудандық білім бөлімінің білім беруді дамыту секторының бас маманы Гүлзира Исламханова.
   Енді құрылған жаңа базаның жақсылықтары туралы айтсақ. Егер отбасында екіден көп бала болса, ата-аналар балаларын бір балабақшаға бере алады. Мемлекеттік дерекқорлардан интеграция арқылы жеңілдік мәртебесін растау үшін қағаз анықтамаларды жинау және тіркеу алынып тасталады. Тұрғындарға ыңғайлы болу үшін өтініш берудің бірнеше тәсілі қарастырылған, яғни, ата-ана электронды үкімет порталы, екінші деңгейлі банктердің мобильді қосымшалары, жергілікті атқарушы органдардың платформаларының біреуін таңдап, «бір терезе» арқылы баласын балабақшаға орналастыра алады. Мемлекеттік қызмет екі кезеңнен тұрады. Бірінші кезеңде қызмет алушы кезекке қоюға өтініш берген кезде жеңілдік мәртебесі автоматты түрде расталады және балабақшаны таңдағаннан кейін қызмет алушыға кезек нөмірі беріледі. Жағдайы өзгерсе, яғни, қызмет алушыға балабақшаны ауыстыру, кезек нөмірін қарау немесе қажет болса кезектен шығару мүмкіндігі беріледі. Екінші кезеңде таңдалған балабақшада орын босаған кезде қызмет алушыға SMS хабарлама түседі және келісім беру арқылы баланың балабақшаға қабылдауын растайды. Баланың денсаулығы туралы қажетті құжаттар Денсаулық сақтау министрлігінің деректер базасынан автоматты түрде алынады. Баланы балабақшаға қабылдау үшін балабақша мен қызметті алушы арасындағы шартқа қол қою онлайн режімде жасалады. Ата-аналарға балабақша, кезек пен бос орындар туралы ақпаратты зерделеу, сондай-ақ балабақша таңдау мүмкіндігін беру мақсатында карта әзірленді. Осы карта электронды үкіметтің порталында болады. Ата-ана сол картаға сүйеніп, тұрғылықты жеріне, жұмысына жақын немесе басқа да жеке қалауы бойынша балабақшаны таңдауына мүмкіндік бар.
    Мұның барлығы ата-ана үшін ыңғайлы болмақ. Баласын бақытына санайтын әрбір жан оның болашағының жарқын болғанын қалайды. Ал жарқын болашақтың негізі осындай оң қадамнан басталмақ.

Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ
16 қаңтар 2024 ж. 241 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

№91 (10356)

16 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 288

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 383

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930