Тағылым
Қолыма қалам ұстап өзімде көптен бері толғандырып жүрген мәселелерді жазуға отырғанымда неге екені белгісіз ойыма сіз ораласыз.
Менің өлеңдерім баспасөз бетінде жариялана бастағанда сіз қуандыңыз. Қуана отырып қатты ескертіп едіңіз. «Ақын болам деп біреудің өлеңдерін көшіріп жүрме. Бұл өте, өте ұят нәрсе» деп. Қайран, әке! Мен арманымның жолына аттанар сәтте ауыр науқастан айықпаған жүзіңізді маған бұрып «Алла талабыңа шапағатшы болып, ғайып ерен қырық шілтенді шылауыңда етсін. Қызыр ата жолдасың болсын!» деп әлсіз саусақтарыңмен бетіңді сипап едіңіз. Бұл менің сізбен ең соңғы рет қоштасу сәтім екенін сезбеппін. Сіз туралы жазған өлеңімде «Жаным, балам, іс түскенде басыңа, қыңыр емес, қызырларды жолықтыр» деп түйіндейтінім де сол сіздің ақыл парасатыңыздан шыққан сөз еді ғой. Иә, өмір жолы тым күрделі екен...
Талай сындарлы сәт пен қиын қыстау кезеңдерімде қыңыр адамдардан гөрі қызыр адамдарды көп жолықтырып, бағытымды түзеп, жолымды айқындадым. Солардың бірі – өз өмірімнен ерекше орын алған Фазила апа Ниязқызы.
Алланың бұйрығы шығар мені бұл кісімен жақын еткен. Туысқандық жағынан бұл кісі маған ең үлкен абысын боп келеді. Абысындардан кенде болған жоқпын. Астан босаған ыдыстарды жуудан қолым босамай жатқанда, келесі абысынымның бірі Ырысқал апам маған «Айналайын, менің қолым қазан ошақтың қолы, ал сенің қолың қаламның қолы ғой, әкел мен жуып тастайын» деп көмектесіп жүретінін қалай ұмытармын.
Мен білетіннен бері Фазила апамның әңгімесінің арқауы үзіліп көрген жоқ. Мұның бәрі ішіне қалай сыйып жүреді екен деп таңырқайтынмын. Сұңғыла көкірегінен суырылып шыққан әрбір сөз тыңдаушысына жеткенше сәулеленіп, ақылмен байып, тыңдаған сайын тыңдай түскің келетіні-ай. Амал қанша, бұдан бұрындары бұл кісіні тыңдауға уақыт болмады ма, әлде ескерімсіз жастықтың әсері ме ойдан біраз әңгімелер шығып та кетіпті ғой. Аңсарым ауып, бұл кісінің әңгімелерін жазып алғым кеп жүретін. Қазақта «Сабақты ине сәтімен» дегендей-ақ, апам сексен жастың сеңгірінен асқанда барып қасында отырып ұзақ сырласудың Алла бір сәтін салғандай болды.
Мен бүгінгі әңгімеге арқау еткелі отырған Фазила Ниязқызы 1941 жылдың 3 қарашасында Қармақшы ауданына қарасты (бұрынғы «Чапаев» колхозы) қазіргі Ақтөбе ауылында ауқатты отбасында дүниеге келген. Әкесі Нияз атақты Қожакелді руынан шыққан Кенжалы бидің немересі. Ал анасы Нақбала Фазила апамның екі жарым жасында қайтыс болып кетеді. Сондықтан болса керек менің ұққаным – апам әкесі Нияз есімін ұлықтап, Нияз есімімен тектілігін танып өскен сыңайлы.
Жеті жылдық негізгі білім алған ол сол кездегі Чапаев колхозындағы мектептен алған білімін аудан орталығындағы No26 қазақ орта мектебіне келіп жалғастырады. Мектеп бітіретін кезінде 1958 жылдың 2 тамызында 76 жасқа қараған шағында әкесі Нияз қайтыс болады да, оның жоғары оқу орнына түссем деген арманы аяқсыз қалып, жақын апалары болып келетін Сақыпжамал Садыққызы аудан орталығындағы Боханбай Медешов басқаратын Артельпериод деп аталатын тігін цехына үйренуші шебер етіп орналастырады.
Осы цехтың тігін шебері болған Фазила Ниязқызы үйлі-баранды болғанына қарамастан іскерлігі мен ұйымдастырушылық шеберлігінің арқасында аудандық кеңес депутаты, ұзақ жылдар бойы бастауыш партия ұйымының хатшысы қызметін қоса атқарып зейнет жасының қуанышты сәтінде осы мекемеден тойлап шықты. Өмірлік серігі Сайлау Қолдабеков ағамен екеуі Ақмарал, Асқар, Алтай, Зәмзе есімді төрт перзентті дүниеге әкеп, өсіріп өндірді.
Бүгінде өмірлік серігі Сайлау аға мен тұңғышы Ақмарал, одан кейінгі ұлы Асқарынан тез арада көз жазып қалған Фазила апа «сабыр» деген сөзді өзіне серік етіп, олардан өрбіген ұрпақ пен қалған қос құлынынан тараған ұрпақтар ортасында өнеге таратып, өсіп-өніп отырған жайы бар.
Абай хакімнің:
«Қайғы келсе қарсы тұр, құлай берме,
Қызық келсе, қызықпа, оңғаққа ерме.
Жүрегіңе сүңгі де, түбін көзде,
Сонан тапқан – шын асыл, тастай көрме», – деген сөзімен жұбатқаннан басқа менде де шара қалмай апамның қайғы басқан жүзіне жалтақтап қарай берем. Шер басқан көкірек көзі айтқан әңгімесімен ашылып тазарса екен деген тілекпен тағылымға толы әңгімесін тағы да тыңдай түскім келеді. Әкесі Нияз туралы бастап әрі қарай өрбіткенде расымен де апам мына күйбең тірлікпен тіпті баз кешіп, рухани әлемнің нұрына енгендей тынысы кеңіп сала береді. Сыбызғы дауысы әсем құбылып, әжім өрнектеген жүзі ерекше арайланып, сонау алыста қалған оқиғалармен бүгін ғана жүздесіп басынан өткеріп отырғандай жеткізеді.
Әкесі Нияз Тасболатұлы 1882 жылы қазіргі Ақтөбе ауылында дүниеге келіп Қалжан ахунның медресесінде алғаш 3 жыл оқып білім алады. 1904 жылы Жосалыға алғаш келген. Отарбаның қызыл вагонына мініп келе жатып Алдашбай ахунмен кездесіп сұхбаттасады. Осы сұхбаттың арасында білім қуған жас Алдашбай ахунмен бірге Бұхара қаласына келіп сол кездегі айтулы оқу орны «Мир-Араб» медресесіне түсіп оқиды. Алдашбай ахунның балалары Омар мен Асан Мақсұммен бірге болған ол астрономиялық ілімді, медициналық ілімді, тілмаштық ілімді, исламдық ілімді әрқайсысын 4 жылдан оқып бітіріп, шатырхат (диплом) алады. Елден 22 жасында кеткен ол осыншалық кемел біліммен 38 жасында еліне оралады. Бұл уақытта әкесі Тасболат қайтыс болып, айттырған қызы ұзатылып кетеді. Оның сіңілілерінің біріне үйленгенімен, ол әйелі конфескация (байлардың малын тәркілеу кезінде) қайтыс болып кетеді. Кейін де екі некелі болған әйелдерінен оншақты ұл-қыз сүйеді. Нияздан қалған осы ұрпақтардың бірі – Фазила.
Нияз молданың ағайындарының ішінде Әлібай деген кісі үлкені болса керек. Қарақұмда малымен көшіп-қонып жүреді екен. Осы кісі мақтан етіп Қайдауыл Қожакелдіден ең үлкен оқуды бітірген сенсің деп Ниязға батасын береді. Бұл 1920 жылдардың іші. Ауылды ақсақалы билейтін уақытта өзімен Мир-Арабта бірге оқып бітірген Әлібай ахунның баласы Әбдіразақ Мақсұм екеуі қажылық сапарға талаптанып ауыл ақсақалы Бақжанай Қожакелді Әлімбай деген кісіге сәлем беріп барады. Осы сәтте Нияз молданың өмірін түбегейлі өзгерткен жай басталады.
Ырғыздың Нұра деген жерінде атақты Алмат-Самұраттың інісінің асына үш жүзден адам шақырылып осы асты атқару жұмысы Ниязға тапсырылады. 29 мешіттен 101 молда қатысқан аста қатым құран шығарған Нияз молдаға машқұр молдасының көзі тиіп, ауыр науқаспен елге оралып, қос жанарынан айырылады.
Дегенмен ауқатты ағайындарының арқасында Англиядан Бұқара әмірін емдеуге келген емшінің шипасымен аяқ-жолын көретіндей көз жанары қалпына келеді. Қалған өмірін ағартушылық қызметке арнаған ол Ақжар ауылында Әлібай ахун мешітінде бала оқытады. Оқытқан шәкірттері Таян, Жүніс молда, Смағұл, Әлімбай, Құндақбай елде имандылыққа ұйытқы болған, исламиятқа қызмет еткен айтулы тұлғалар болған.
Апамның әңгімесін тыңдай отырып өзімнің шығарған ойымның қорытындысы – Нияз молда Тасболатұлы ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басындағы Сыр жерінде Қалжан ахун, Ораз ахун, Әлібай ахун, Алдашбай ахун, Тұрмағамбет ақын сияқты халықты, оның ұрпағын ескіше сауаттандыруға зор еңбек сіңірген алғашқы ағартушы, білімдар айтулы тұлға еді – деп тануға болатын жан деп түйіндедім. Салыстыра карап отырсам Нияз молда Тасболатұлы, Тұрмағамбет Ізтілеуұлымен бір жылда туып, бір заманда өмір сүрген. Оқыған оқу орындары да бірдей.
Фольклортанушы ғалым Ә.Қоңыратбаев «Тұрмағамбет – түркі тілінің тірі сөздігі. Ол Сыр өңіріндегі ХХ ғасырдың басындағы шағатай тіліндегі жазба әдебиетінің басында тұрған негізін қалаушы» дегеніне қарағанда, осы тұста Нияз молда Тасболатұлы сияқты Тұрмағамбет ақынмен қатар еліне ағартушылығымен қызмет еткендер аз болмаған сияқты. Бұл да біздің бүгінгі білімге құштар ұрпағымыздың ұлағат алып, сырын ашуға ұмтылатын тұсы деп білемін.
Фазила апамның әкесі Нияз молда Тасболатұлы туралы тереңірек білгісі келетіндер ф.ғ.д Т.Тебегеновтің 1998 жылы «Нұр» газетіне шыққан «Әлібай ахун» мақаласын және осы жылы шыққан «Нияз молда» атты кітабын оқуына болады.
Фазила апамның бойына жиған үлкен бір рухани қуаты – шежірешілдігінде. Кім-кімге де бұл жайт жасырын емес деп ойлаймын. Еліміз Тәуелсіздікке қол жеткізгенге дейін құдайсыздар елі боп, түп тамырымыздан қол үзіп ата-баба рухы, тек деген не деген сауалға бас қатырмай «Мой адрес советский союз» деген ұранмен елбе-делбе күй кешіп мәңгүрттеніп бара жатқанымызды сезбедік те ғой. Құдай оңдап Тәуелсіз елдің мектебі ұрпаққа жеті атаңды түгенде деп тапсырма бере бастады. Мектептен келген балаларымыз жағамыздан алып «Маған жеті атамды айтып бер» дегенде біразымыз абыржып бір-екі атаның тізімінен әрі аса алмай «Мұны кім біледі екен», «Мұны кім біледі екен» деп үлкендерімізді іздеп кеттік. Ата-бабамыз өз ұрпағына «Жеті атасын білген ұл, жеті жұрттың қамын жер» деп балаларын қырандай қанаттандырып отырған ғой. Сонымен бірге «Жеті атасын білмеген жетесіз» деп мұны білмеу үлкен айып саналып, жеті атасын білмеген ұрпақтың барынан жоғы дегенді меңзеп тұр емес пе? Осы бір ауыз сөздің өзінде қаншама білім, ғылым жатқанын ғалымдарымыз бүгінде дәлелдеп әлек боп жатқан жоқ па?
Қысқасы, өзім де балаларыма, немерелеріме жеті атасын танытудың жөн-жосығын іздеп Фазила апама барғанмын. Отбасындағы үлкендердің ұлағатынан артық не бар? Ата мен әже тағылымына жететін құндылық аз-ау сірә?! Өзі келін боп түскен елдің бүгінде бүге-шүгесіне дейін жатқа білетін апам бұл тақырыптың аясын тіпті кеңіте түсіп жоғары оқу орнында алмаған білімінің орнын толтырып санама құйды ғой. Менің балаларым мен немерелерімнің жеті атасы төмендегіше тізіліп, өріліп жатты. Айталық, ұлым Ербол – оның әкесі Ибрагим, Ибрагимнің әкесі – Бекмахан, Бекмаханның әкесі – Тұрымбет жырау, Тұрымбет жыраудың әкесі – Салқынбай, Салқынбайдың әкесі – Тәуірбай, Тәуірбайдың әкесі – Матқұл, Матқұлдың әкесі – Қалпе, Қалпеден – Жолақай осылай биіктеп кете береді.
Жеті атадан аспай қыз алыспайтын қазақ заңы еш елде жоқ. Бұл бауырмалдық, бұл туыстықтың сыры тым тереңде жатса керек. Ал Фазила апамның тарқатуындағы бұл аталықтың тәлім-тәрбиесі, салт-дәстүрі, бір-біріне деген туыстық қарым-қатынасына келер болсақ, елде сирек кездесетін ерекшелікті көре аламыз.
– Бергі атамыз Тәуірбайдан тарағандар, – деп бастайды апам сөзін – Салқынбай мен Қарауыл. Салқынбайдан жырау ата Тұрымбет, одан Бекмахан, Бекмаханнан біз тараймыз. Ал Қарауылдан Жарылғап, Жарылғаптан Жәрмен мен Жадыра тарайды. Жадырадан Жаулыбай, Жаулыбайдан қазіргі ел аузына ілініп жүрген композитор сазгер Жарқынбек баламыз бар. Бұл Жадыра деген кісі де өте дарынды, көркем де көсем сөзге жүйрік ақын кісі екен. Тұрымбет атамыз да, домбырашы ақын, шебер кісі болған көрінеді. Жадыра ағасы Тұрымбетке келіп:
– Аға, екеуміз бір баққа таласқандай болдық-ау. Сізбен жарысып та, жағаласқандай болмайын. Мен өлеңдегі жолымды сізге бердім деп, – ақындық өнерді қойып кеткен екен деген сөз қалған. Бірақ бұл өнер бұғып жатпайды екен ғой. Ұрпақтарының бірінен шығады деген рас екен. Міне, бұл өнер сол кісінің тікелей ұрпағы Жарқынбектен шығып тұр ғой. Апам әңгімесін тағы бір оқиғамен сабақтай түседі.
– Салқынбайдан Тұрымбет жырау атамыз Қолдабек, Молдабек деген үш ұл болады. Молдабек үйленбей тұрғанда жастай қайтыс боп кетеді. Қолдабектің бірінші әйелі Ұлтай кетенің қызы, Қазынадан Ахмет, Сардар деген екі ұл, Тұрсын, Нағи деген екі қыз туады. Қолдабек мерген, тігінші, үйші (ағаштан ағаш үй басатын) болған. Қолдабек Жантас, Әбілдә атты жолдастарымен аңға шығып жүргенде олар «Әй, Қолдабек, сен шын мерген болсаң, ана көлде жүзіп бара жатқан құсты атып алшы» дейді. Көз ұшындағы құсқа оғын тигізген Қолдабекке қатары риза болғанымен, өкінішті жайтқа қалған аңшы үйіне көңілсіз оралады. Аққуды атқан екен. Көп ұзамай қос ұлынан айырылған. Қолдабек қайғыдан қан жұтады. Артынша әйелі Қазына да қос ұлының қайғысын көтере алмай көз жұмады. Қазына көз жұмарының алдында Хатша деген сыйлас та сырлас келінін шақыртып алып, қалған қос қызы Тұрсын мен Нағиды қамқорлығына алуды тапсырады. Күндердің күнінде күйеуі конфескеленіп оралмаған осы Хатша Қолдабекпен бас қосып, екі қызға ана боп өтті, – деп күрсінген Фазила апам тағы бір сырдың пұшпағын ағытардай боп маған ойлы жанарын тастап өтті.
– Ал енді мен Қолдабек атам мен Хатша әжемнің марқұм Сайлау (күйеуін айтып отыр) екеумізге, тіпті төрт бірдей балама сіңірген еңбегін қалай айтарымды білмей дал боламын. Қолымнан келері – рухына арнап құран бағыштаймын. Бірақ онымен де парызым өтелмейтіндей, көңілімнің түкпірінде тұрған бос орын тояттай алмай күйзеліске түсемін. Ықылас деген қандай қиын нәрсе?! Әжем (енесі) Хатша Тұрымбет жыраудың келіні Қызболғанның (Бекмаханның бірінші әйелі) екіқабат кезінде құрсағындағы баланы алуға ықыласы кетеді. Бұл ойын жырау атаға айтқанда, ол кісі бәрі Салқынбайдың тұқымы емес пе, баланың онда жүргені не, мұнда жүргені не деп үкім етеді. Қызболған ана да бауыр еті баласын қырқынан шығарып, Хатша ананың бауырына салған екен. Сол Хатша әжем мен Қолдабек атам бауырына басқан шарана менің күйеуім Сайлау еді ғой, – деп жыламсырай сыбырлап жеткізген дауысы мені де бейжай қалдырмады, жүрегім елжіреп кетті.
Не деген бауырмалдық десеңізші?! Біріндегі жоқты біріне жеткізіп жатқан. Бұл аталықта бірін-бірі балалы ету деген жақсы салт мұнымен шектеліп бітпегенін сезіп отырдым. Фазила апамда сақталған деректерге қарағанда атасы Қолдабек арабша сауатты, ұйымдастырушылық қабілетімен ашаршылық жылдары Өзбекстанның Тамды ауданында тұрған кезінде «Жаңа шаруа» деп аталатын колхоздың ең алғашқы басқарма төрағасы болып сайланады. Қанқұйлы Ұлы Отан соғысы жүріп жатқан 1944 жылы Қолдабек Салқынбайұлы қайтыс болғанда Сайлау төрт жаста болады. Үш баланың тауқыметімен алысқан Хатша әже күндіз колхоз жұмысында жүріп, түнде көптеген кісілердің диірменін тартып беріп осы үш баланы аш етпей, жалаңаш қалдырмай асырап жеткізеді.
– Мен, – дейді апам маған ақтарып отырған сырын үзіп алмайын дегендей әңгімесін жалғай түсіп. – Осы шаңыраққа 1960 жылы 18 жасымда келін болып түстім. Ауылдың ақсақалы Алмаш ата екен. Хатша әжеме деген үлкен-кішінің құрметін көрдім. Тұрымбет атаның Шәркүл әжем бастаған Дәулетбике, Балаш, Салтанат, Айым, Міндар, Жорға, Болсынай, Бибітай, Күлән, Айнаш, Ақкүріш әжелер құтты болсын айтып ағылып кеп жатты. Ауыл ақсақалдары Аралбай, Тілеген, Айдархан, Әбілхан, Көбеген, Алмасбай, Темірқұл, Матжан, Әбдірей, Мөңкебай, Бекмахан аталарым мен Мәріш, Фарида, Бәтіш, Теңге, Әсипа, Шәркүл, Зағи апалар Хатша әжеме «Шүкір, жалғызыңды желдің өтінен қорғап, елдің сөзінен қорғап жеткіздің. Бір шаңырақтың отын сөндірмей, рулы ел қатарына қостың» деп риясыз алғысын білдіргені есімде. Хатша әжемнің аналық махаббатымен марқайып марқа қозыдай боп өскен Сайлау да сырттан үйге кіре сала «Апам қайда, үйде ме?» деген сөзінен танған емес. Тумаса да туғандай боп, емшек сүтін бермесе де ана мейірімінен бізді кенде қылмаған Хатша анамыздай ана жоқ сынды біздер үшін, – деп терең күрсінді.
– Міне, мен де сексен үшті артқа тастап бара жатырмын. Мен қызмет көрсеткен осыншама аталарым мен аналарым, аяулы Хатша әжем де о дүниелік боп кетті. Мен келін боп түскендегі еркелеп мойныма асылған азаматтардың бірі болса, олардың да бірі жоқ, – деп апам жан-жағына әлдекімді іздегендей үрейлене қарады.
– «Өмірдің басы – тәтті, соңы – қатты» демекші, өмір осылай өтеді екен. Тек соңында қалатыны адамдарға істеген жақсы істерің мен сыйластығың және құрметің. Ұрпағыңа қалдырған өнегелі істерің мен тәрбие тағылымың, – деп түйіндеген сыңай танытты. Мен де «Осыншама тағылымыңызға тағзым» деп басымды иіп ишарат білдірдім. Есіктен шығып бара жатып, төрімізді толтырып отыратын осындай тағылымды аналарымыздың орны ортаймаса екен деген тілек айттым.
Талайлы ДОСЫМОВА,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі