Арман жолындағы асулар
qarmaqshy-tany.kz Әр ұлт үшін тәуелсіз ел болу – ұлы арман. Дүниежүзінде алты мыңға жуық ұлт пен ұлыс бар екен. Солардың ішінде екі жүздей ғана ұлт тәуелсіз мемлекет болып отыр.
Тәуелсіздік біздің қазақ халқының да асыл арманы еді. Осы тәуелсіздік жолында мыңдаған ата-бабамыз шейіт болды. Міне, сол аңсаған егемендікке біздер, біздің кезеңнің азаматтары ғана жетті. Осыдан 30 жыл бұрын осы ұлы арман шындыққа айналып, егемен еліміздің уығы қадалып, шаңырағы көтерілді. Күн мен қыран, аспан бейнесіндегі көк туымыз көкте самғады.
Шын мәнінде, тәуелсіздіктен артық бақыт та жоқ, одан асқан береке де жоқ. Сондықтан осы ұғымды халыққа жеткізу, елге түсіндіру – бәріміздің азаматтық парызымыз. Еркін ел болмасақ, болашағымызды болжай алмаймыз. Тәуелсіз ел болу оны жариялаумен немесе мемлекеттің іргетасын қалаумен шектелмейтіні айқын.
Мемлекет ретінде өсіп-өркендеу үшін бірлік пен келісімнің маңызы зор. Бұл – елдігіміздің мызғымас тірегі, берік тұғыры.
Расымен, Қазақстанның бүгінгідей ордалы елге айналуы – татулық пен бірліктің арқасы. Бұл шындығында біз сияқты көпұлттың өкілі тұратын мемлекет үшін, ең алдымен айтылар құндылық болмақ. Тәуелсіздік алған алғашқы жылдары шетелдік сарапшылар біздің елді қырық құрау мемлекетке теңеп, ел болмайды дескен. Бірақ қазір олардың аузына құм құйылды.
Егемендігіміздің алғашқы кезеңінде алдымен экономика содан кейін саясат қағидасы өмірге келді. Бірқатар мәселені шешуге тікелей жұмыс жасалды. Ауқымды істер атқарылды. Ол егемендіктің алғашқы он жылында қажеттілік болды. Өйткені демократия деп қоғамның басым көпшілігі жаппай саясаткер бола бастап, көше демократиясы пайда бола бастады. Ал экономикалық байланыстар үзіліп зардап шеге бастады. Сондықтан халықтың жағдайын тығырыққа тіремей, тоқыраудан алып шығу маңызды болды. Халықтың саясатқа араласуы бәсеңдеді. Бірақ, өкінішке қарай, көптеген жерде қолында билігі барлар қонышынан басты, тек мансап қуып қана қоймай, жайқалған аста-төк өмірдің, керек болса тартып алып құндылықтарға ие болудың теріс үлгісін көрсетті. Бірақ олар бүкіл еліміздің өрістеп, өркендеп өсуіне тосқауыл бола алмады. Оған негіз болған егемендік алғаннан бергі еліміздің ұлтаралық татулығы, бірлігі сақталып, Қазақстанның бүгінгідей дүниежүзі таныған іргелі елге айналды. Біз бұл тұрғыда әлемге үлгі көрсете алдық. Осының бәрін халқымыз «Бірлік болмай – тірлік болмайды» деп, бір-ақ ауыз сөзге сыйдыра білген. Қазір сын-қатерлер заманы деп жатырмыз. Жер-жерде түрлі қолайсыз, өкінішті жағдайлар болып жатқанын көріп отырмыз. Бізде де өткен жылғы қаңтар оқиғасы мемлекетімізге үлкен сын болды. Бірақ қазір бұл уақыт өтті. Қазақстан ешқашан бұрынғыдай болмайды деп ойлаймын. Тәуелсіздік деген аманат, біз келесі толқын жастарға оны толықтай түсіндіруіміз керек.
Бұл бағытта ел Президенті Қ.Тоқаевтың бастамасымен Қазақстанның барлық азаматтары саясатта, экономикада, халық шаруашылығының барлық салаларында ортақ мүдде үшін еселі еңбек етуде.
Осы кезеңде ауданымыз қандай белестерден өтті, биіктерге жетті деген сұрақ туындайды. Ауданымыздың әлеуеті экономикалық, әлеуметтік, білім мен денсаулық, мәдениет пен спорт салаларында, тұрғындардың тұрмыс-тіршілігін жақсартуда биік белестерді бағындырды. Кешегіміз бен бүгінгімізді салыстырмалы түрде ой елегінен өткізсек.
Біріншіден, аудан халқы соңғы 20 жылда көшу үдерісіне қарамастан 15 пайызға өскен.
Екіншіден, даму, өркендеп өсу тікелей қаржыға тірелетіні белгілі. Өткен ғасырдың соңғы кезеңінде аудан бюджеті 200 млн теңге шамасында болды. Оның негізін жоғарыдан келетін субвенция құрады. Оның ішінде білім, денсаулық салаларының қаржысы да болды. Биыл аудан бюджеті 13 млрд теңге. Білім мен денсаулық саласы облыстан қаржыландырылуда. Өз түсіміміз 9 млрд, аудан бюджеті кірістері 2 млрд теңгені құрады.
Үшіншіден, ауданымыздың экономикалық-әлеуметтік жағдайы ауыл шаруашылығына негізделгені баршаңызға белгілі. «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында ауыл шаруашылығын қолдауға Ел Президенті ерекше көңіл бөліп отыр.
Егіншілікте әртараптандыру, технология, техника, суару жүйесі жетілдіріліп, аудан бойынша әр гектардан 60 центнер, жалпы 826 мың центнер күріш салысы жиналды. Ал кеңес кезеңінде әр ауылдағы шаруашылық гектарына 40-45 центнерден өнім алып, 100 мың центнер астық жинау үшін күресетін Жаңажол, III Интернационал, Ақтөбе ауылдық округтеріндегі шаруашылықтар 130-180 мың центнерден өнім жинауға қол жеткізді.
Ата кәсіп болып саналатын 4 түлік малды өсіру мен өнім өндіруіне келсек. Соңғы 25 жылда мүйізді ірі қара 275 пайызға, қой мен ешкі 200,5 пайызға, жылқы 613,8 пайызға, түйе 356,8 пайызға өскен. Бұл арнайы шаруашылық құрылымдары арқылы өсіріліп, жан-жақты дамыды деген 1980 жылдармен салыстырсақ мүйізді ірі қараның 1,5 есе, ал жылқы мен түйенің 4-5 есе өскенін көрсетеді. Өкініштісі, уақ мал 3 есеге кеміген.
Төртіншіден, халықтың тұрмыс-тіршілігін арттыруға тікелей әсер ететін шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 4323 бірлікті құрап, соңғы 20 жылда 5,2 есе өскен. Саны ғана өсіп қоймай сапа жағынан да, қызмет көрсету түрі жағынан да өскен. Өнім өндіру көлемі 22,4 есе ұлғайған.
Бесінші білім саласы. Ауданымыздағы мектептердің 11-і типтік жобамен жаңадан салынса, балабақшамен қамтылуы 100 пайызға жетті.
Алтыншы денсаулық саласы. Аудандық емхана, ауылдарда 5 емдеу орыны жаңадан салынып, халыққа қызмет көрсетуде.
Жетінші мәдениет саласы. 6 жаңадан мәдениет үйі салынды.
Сегізіншіден, спорт кешені бұрын біреу болса, жаңадан 5-еуі салынуда. Соңғы жылдары ауданда құрылыс жұмыстары қарқынды жүруде.
Инфақұрылым бойынша Төретам кентінде бұрын 1 көше ғана асфальттанса, қазір 33 көшенің 30 асфальттанған, 3 мектептің 2-еуі жаңадан, 4 балабақшаның 3-еуі жаңадан салынса, су, газ жүйесі тартылған. Жосалы кенті бойынша 122 көшенің 90-нына асфальт төселіп, көше жарығы орнатылған, 22 көшеге тас төселген. 8 мектептің 3-еуі жаңадан, 2 спорт кешенінің 1-еуі жаңадан, бірнеше ойын алаңдары, саябақтар мен демалыс орындары халыққа қызмет көрсетуде.
Қорыта айтатын болсақ, еліміз жыл өткен сайын бірте-бірте өсу дәуірін басынан өткізді. Оны облысымыз бен ауданымыздың экономикалық жағынан өсуі мен әлеуметтік дамуынан, ауыл келбеті мен ажарының сәулеттене түсуінен айқын көрініс табуда. Оны биылғы жылғы Қазақстанның Еңбек Ері атағын алған 3 азаматтың қатарында ауыл шаруашылығы саласы бойынша «Таң ЛТД» ЖШС директоры Имамзада Шағыртаев және «Парыз» сыйлығының орта және шағын кәсіпкерлік субъектілері арасындағы гран-приін облысымыздың «Абай Дәулет» ЖШС-нің иеленуі – облысымызға берілген үлкен баға деп санаймын. Бұған ауданымыз да үлкен үлес қосуда. Осы жылдың қаңтар-қараша айларындағы макроэкономикалық көрсеткіштер де өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда жоғары өсім қалыптасып, соңғы 4 ай бойы облыстың өңірлері арасында бірінші орынға қолы жетті.
Алдағы уақытта дамуымыз одан әрі қарқынды бола бермекші. Оған мемлекет басшысының төменде қойған міндеті негіз болмақшы. «Маңызды міндет – азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Үш жылда агроөнеркәсіп кешеніндегі өңделген өнім үлесін 70 пайызға жеткізу қажет. Әрбір ірі жоба ауыл халқының тұрмыс сапасын жақсартуға тікелей әсер етеді. Аймақтарды дамытуға мол мүмкіндік береді. Алдымызда тұрған аса маңызды міндет – ауылды жан-жақты дамыту. Бұл түптеп келгенде, бүкіл Қазақстанды дамыту деген сөз. Сондықтан биыл біз «Ауыл аманаты» жобасын бастадық» деп көрсетті Қасым-Жомарт Тоқаев. Биылдың өзінде ауданымыз бұл жобаның нәтижесін көре бастады. Алдағы уақытта ол өрістей бермекші.
Әбдірахман ҚҰЛДҮЙСЕНОВ