Армандар картасын жасап көрдіңіз бе?
Барлық адамда арман бар. Бірақ бәрінікі орындалып жатқан жоқ. Осындайда арманды жақындататын сиқырлы таяқша іздейтініңіз рас. Әрине, ондай таяқша жоқ, бірақ көп арасында «сиқырлы карта» деп аталып кеткен құрал бар. Оны тілектер коллажы, визуализация тақтасы, армандар картасы деп те атайды. Суреттер қиындысынан құралатын бұл құралдың «Армандар картасы» деген атауы көпке таныс. Ендеше, біз де осылай атайық.
Жалпы бұл біздің қоғамға қайдан келді дегенге тоқталсақ. Бір жылдары бұл картаның танымалдылығы артып, қазіргі тілмен айтқанда трендке айналып, инстаграмдағы эфирлерін тыңдап жүрген барлық коуч, бизнес-тренерлер мұны жасауды үйреткен-ді. Тіпті дайын «Армандар картасы», оған қажетті суреттер де сатылымға шығып, әлеуметтік желіде жарнамасы желдей ескен еді.
Тарихқа үңілсек, «Армандар картасы» туралы алғаш рет белгілі психолог Шакти Гавейннің кітабында жазылған екен. Оның «Шығармашылық визуализация» деп аталатын бестселлері миллиондаған тиражбен шығып, есімін бүкіл әлемге паш еткен. Шакти Гавейн аталмыш кітабында «Бұл карта – шынайы тілекті топтаған физикалық картина. Мұны салынатын құрылыстың жобасына ұқсатуға болады. Ой қуаты визуализация арқылы армандарды қозғалтады» деп жазады. Кейбір деректерде Ежелгі Қытай жазбаларында кездеседі деген де тұжырым бар. Нақты кім ойлап тапқаны белгісіз, бірақ бұл картаны әлемге танымал көптеген бизнесмен, спорт чемпионы, кино жұлдыздары жасағаны белгілі.
Өзің армандаған дүниелердің суреттерінен құралатын бұл картаны жасау «Күнә емес пе?» деген сұрақ туындайтыны белгілі. Бір қарағанда магиялық ритуалға ұқсағанымен, бұл психологияға қарасты түсінік. Карта мақсат қоюға, ойды сол мақсатқа шоғырландыруға үйретеді. Ниеттенуге, одан соң әрекетке итермелейді. Армандарыңыз күнде көз алдыңызда тұрған соң оған жетуге талпындырады. Күнде ұйқыдан тұруға күш беретін мотивация деуге де болады. Картадағы армандарыңызға көз тастағанда көңіл күйіңіз көтеріліп, негативті ойлар қашады. Таза психология ғой. Сондай-ақ армандау, арманыңыздағы суреттерге қарау артық ойға жетелемегені жөн.
Жалпы осыдан 2-3 жыл бұрын осы нәрсе хит болды. Көпшілік бұл дүниені жасап көрді. Мүмкін әлі де жасайтындар бар шығар. Біз өз оқырмандарымыздың арасында бұл картаны жасап көргендермен сұхбаттасып көрдік.
– Мен армандар картасын 2022 жылдың соңында жасағанмын. Оның ішінде, бірінші Алланың қалауымен, екіншіден соған сенгендіктен біршамасы орындалыпты. Жалпы адамда бір нәрсеге қатты сенсең немесе қорықсаң сол болады дейді ғой. Бұл да сол секілді. Ал мұны күнә дейтіндерге, армандар картасы – жәй ғана миды арманыңа қарай бағыттау дер едім. Биыл да жаңа армандар картасын жасауға ниеттімін. Ал өмірде қандай мақсатымызға жетсек те, ол Алланың қалауымен деп білемін, – дейді Жазира есімді оқырман.
Ал психолог Арай Каналбекова «Армандар картасының» қыз-келіншектер арасында кеңінен танымалдылыққа ие болуына психолог-тренерлердің ықпалы зор. Өйткені, қазір екінің бірі тренингтерге барады. Нәтижесінде өзге елдің қаңсығы бізге таңсық болуда. Бірақ, ол көбіне еріншектерге мотивация да болу мүмкін. «Армандар картасы» біздің елімізге жүйелі түрде бизнес енді. Еуропадан, сол бизнеспен бірге сол бизнесті тарататын тренерлер келді, тренингтер өтті. Бұл 1996 жылдан бастап, белгілі бір адамдардың арасында болса, қазір барлық жерде, қандай бизнесті алыңыз, бизнес-тренингтерді алсаңыз, соның бәрінің ішінде осыны ерекше қолданады» деген пікірде.
Түптеп келгенде, «Армандар картасына» сену-сенбеу әркімнің өз еркі. Тек, өз-өзіне сенетін, өзгерістен қорықпайтын жандар жетістікке жететіні сөзсіз. Армандаудан қорықпаңыз, себебі су тегін. Ал арманыңызға жету жолында қай әдісті ұстанасыз, ол өз қалауыңызда. Бастысы армандарыңыз орындалсын.
Ардақ СҮЛЕЙМЕНОВА