51 отбасы баспаналы болды
Биыл ауданның жылнамасы ауқымды іс-шаралармен, жарқын жетістіктермен есте қалмақ. Атаулы жыл аясында ауданның экономикасы едәуір өсіп, көптеген табысқа қол жеткізді. Қызылорда облысының 85 жылдығы мен ауданның 95 жылдығы аясында тұрғындарға берілген 51 баспана соның айғағы. Сәрсенбіде облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев ауданға жұмыс сапармен келіп, 51 отбасыға тұрғын үй кілтін табыстады. Жиналған жұртшылықты қоныстоймен және келе жатқан жаңа жыл мерекесімен құттықтады.
– «Халықты баспанамен қамту – мемлекеттің әлеуметтік саясатының басым бағытының бірі. Аймақта пайдалануға берілген тұрғын үй көлемі жыл сайын артып келеді. Қазір облыс көлемінде 4170 пәтерлік 300 тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Биыл 2500-ге жуық пәтер табысталып, 11 мыңнан астам жерлесіміз өз үйіне кірді. Мемлекет басшысы «Халықтың басым көпшілігі үшін тұрғын үй – ең өзекті мәселе. Мемлекет шын мұқтаж адамдарға ғана жәрдем береді» деп атап өткен болатын. Бұған дейін Арал, Қазалы, Жаңақорған, Шиелі, Жалағаш және Сырдария аудандарында 400-ге жуық отбасы баспанаға ие болды. Ал Қармақшыда 51 отбасы жаңа үйге қоныстануда. Бұл – тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған мемлекеттік қолдаудың нақты көрінісі, – деді Нұрлыбек Машбекұлы.
Рәсімде аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Асқар Мереков тұрғындарды құттықтап, батасын берді. Сондай-ақ іс-шарада құрылысты салған мердігер мекеме өкілдері мен ауданның бірқатар азаматы облыс әкімінің марапатына ие болды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тұрғын үйге қолжетімділігін қамтамасыз ету және тұрғын үй құрылысын дамыту мәселесін кешенді түрде шешу мақсатында қабылданған «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы шеңберінде салынған үйлер 3 бөлмелі, көлемі 60 шаршы метр. Тұрғын үйлер кенттегі әлеуметтік статусқа ие, тұрғын үй кезегінде тұрған отбасыларға берілді. Айсұлу Егізбаева көптен бері кезекте тұрып, баспанаға қол жеткізгендердің бірі.
– Облыс әкімінің қолынан баспана кілтін алып, отбасымызбен қуанудамыз. Бұл үйді он бір жыл бойы күттік. Бұған дейін пәтер жалдап тұрып келдік. Жолдасым вахтада жұмыс жасайды. 2020 жылдан бері көпбалалы санатпен тұрғын үй кезегіне тұрдым. Жақында баспаналы боласыз деген хабарды естігенде қатты қуандық. Ел басқарып отырған ағаларға айтар алғысымыз шексіз, – дейді ол.
Аталған жоба аясында келесі жылы 100 тұрғын үй салынады деп күтілуде. Бұл ұлттық жобаның игілігін көретін тұрғындардың саны жыл өткен сайын артатынын білдіреді.
Биыл аймақ бюджеті өткен жылмен салыстырғанда 57 пайызға өсіп, 609 млрд теңгеге жеткен. Оның ішінде ауданның бюджеті 13 млрд теңгені құрап отыр. Бұл қаражат түйткілді мәселелерді шешуге, аудан тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыруға бағытталды. Ауданның автомобиль жолдарын жақсартуға 2 млрд теңгеге жуық қаржы қаралып, 28,5 шақырым жол жөндеуден өтті. Биыл Ақай ауылы газға қосылса, Төретам кентінде де газ тарту жұмыстары жақын күндері аяқталмақ. Мұнан бөлек, Дүр Оңғар және ІІІ Интернационал ауылдарында 2 спорт кешенінің құрылысы басталды. «Үлгілі елді мекен» облыстық конкурсының «Үлгілі ауыл» номинациясы бойынша Дүр Оңғар ауылы екінші орынды иеленіп, 52,5 млн теңгенің 2 техникасын жеңіп алды.
Аймақ басшысы мұнан соң аудандағы мәдениет үйінде Мемлекет басшысының «Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» Жарлығына сәйкес аудан тұрғындарын жеке қабылдады. Оған облыстық сот төрағасы, барлық құқық қорғау органдарының басшылары да қатысты.
Қабылдауға келген тұрғындар мәселелері бойынша әр сала басшыларымен жолығып, кеңес алды. Екі сағаттай қабылдау өткізген облыс әкімі 50-ге жуық қармақшылықтың сұрақтарына жауап беріп, өтінішін тыңдады. Қабылдаудың басты мақсаты да осы – яғни, келушілердің барлық ұсыныс-пікірін назардан тыс қалдырмау. Тұрғындарды негізінен үй алу, жұмысқа орналасу, жеке бизнес бастау және кәсібін кеңейту, аяқ су, қоғамдық көлік жайы толғандырады. Облыс әкімі қабылдауға келушілердің сауалдарына қатысты жан-жақты зерттеу жүргізілетінін, заң шеңберінде шешім қабылданатынын айтты. Жеке қабылдаудың тағы бір артықшылығы бар, ол – тұрғындарды толғандырған мәселелердің сол жерде шешілуі. Халық пен билік арасындағы диалогтық бұл тәсілінің оңтайлы тұсын жұртшылық жоғары бағалады.
Аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаев аудандағы екінші күнгі жұмыс сапарында Ақжар, Тұрмағамбет ауылындағы дәрігерлік амбулаторияның ашылу рәсіміне қатысты. Алдымен Ақжар ауылында болып, жаңа нысанның ашылуымен ауыл тұрғындарын құттықтады.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының бастамасымен қолға алынған «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында елді мекендерде 27 нысан салынуда. Бүгінде 15-інің құрылысы аяқталып, қызметін бастады. Міне, енді өздеріңізбен бірге Ақжар ауылындағы амбулаторияны ашамыз. Жақын күндері Дүр Оңғар ауылындағы дәл осындай медициналық мекеме жұмысына кіріседі. Бұл – Мемлекет басшысы мен Үкіметтің қолдауы, халықтың бекем бірлігі арқасында атқарылған жұмыстың жемісі, – деді Нұрлыбек Машбекұлы.
Биыл облыс бюджеті 57 пайызға өссе, қаржының басым бөлігі әлеуметтік салаға бағытталуда. Оның ішінде медицина саласына 138 млрд 600 млн теңгеден астам қаржы бөлінді. Қызылорда қаласында 36 млрд 400 млн теңгеге бір ауысымда 100 келушіге арналған емханасы және онкологиялық бөлімшесі бар 300 орындық көпбейінді аурухананың құрылысы басталған. Құны 2 млрд 900 млн теңгені құрайтын Қан орталығы жақын күндері пайдалануға берілмек.
Іс-шарада медицина саласының ардагері Асылбек Тоғызбаев алғыс айтып, жерлестерін құттықтаса, ауыл ардагері Бірлікбек Қойбағаров батасын берді. Сондай-ақ, ауыл ажарын ашқан құрылысты салған «Бақ-Береке» мекемесінің өкілдері мен ауыл азаматтары марапатталды. Мұнан соң жаңа ғимараттың лентасы қиылып, аймақ басшысы дәрігер мамандардың жұмысымен танысты. Дәрігерлік амбулаторияның ішіне жаңа үлгідегі заманауи медициналық қондырғылар орнатылған. Науқаспен медициналық көмекке жүгінген азаматтарға сапалы көмек көрсету үшін барлық қажеттіліктер қарастырылған.
Сонымен қатар Ақжар ауылдық амбулаториясына «Қазақстан халқына» қорының өңірге табыстаған жылжымалы медициналық кешені жетіп, тұрғындарға қызмет көрсетті. Алдағы уақытта аудан халқына скринингтік тексеру жүргізеді. Дәл осындай амбулатория Тұрмағамбет ауылында да ашылды.
Одан кейін аймақ басшысы ауданға қарасты Қуаңдария елді мекеніне барып, осы және Алдашбай ахун ауылының тұрғындарымен кездесті. Мұндай жүздесу Т.Көмекбаев ауылында да өтті. Шалғайдағы елді мекен тұрғындарына ел Президентінің, Үкіметтің қолдауымен жыл көлемінде атқарылған жұмыстар, алдағы жоспарлар туралы айтып, жұртшылықтың ұсыныс-пікірлерін тыңдады. Жаңа жыл қарсаңында елеулі еңбегімен ерекшеленген азаматтарға алғыс хаттар табыстады.
Жұмыс сапарын Ақтөбе ауылында қорытындылаған облыс әкімі Нұрлыбек Машбекұлы «Қармақшы құс» ЖШС құс фабрикасының ашылу салтанатына қатысып, қармақшылықтарды жаңа өндіріс орнының ашылуымен құттықтады.
– Мемлекет басшысы халыққа арнаған Жолдауында елде сапалы ет, сүт, астық өнімдерін терең өңдеуді дамытуға бағытталған жобаларға басымдық беруді айтқан-ды. Мәселен, облыста құс етіне қажеттілік жылына 14,1 мың тонна. Оның барлығы сырттан келетін. Енді өнім өзімізде өндіріледі. Жалпы 3 млрд теңгеге іске асқан жобаның бастапқы 456 млн теңгесі «Байқоңыр» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясынан бөлінді. Кәсіпкер былтыр «Аграрлық несие корпорациясынан» 880 млн теңге жеңілдетілген несие алып, құс фабрикасын жабдықтады. Жергілікті атқарушы орган инфрақұрылым жүйелерін тартуға қолдау көрсетті. Индустрияландыру бағдарламасы аясында республикалық және облыстық бюджеттен 443,2 млн теңге бөлініп, инженерлік инфрақұрылымы толық жеткізілді. Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі маңызды жоба – құс фабрикасын салған кәсіпкер Нұрлан Тұрғанбекұлына Сыр жұртшылығы атынан шынайы ризашылығымызды білдіріп, алғыс айтамыз! – деді Нұрлыбек Машбекұлы.
Жиында қоғам қайраткері Бекмырза Еламанов сөз сөйлеп, жерлестерін құттықтады. Сондай-ақ, ауқымды жобаны іске қосуға атсалысқан азаматтар марапатқа ие болды.
Аймақ басшысы құс фабрикасының бүгінгі жұмысымен танысып, ондағы өндірілген өнімдерді көрді. Құс фабрикасының жылына 1500 тонна құс етін өндіруге қауқары бар. Кәсіпорын толық қуаттылыққа шыққанда 160 адамды жұмыспен қамтитын болады.
Ерсін СӘДУҰЛЫ