Ғылымға баулу – мектептен басталады
Балаға өз бетімен зерттеуге мүмкіндік туғызған сайын одан әрі жақсы оқи түседі.
Питер Клайн
Әдебиеттерге жасалған теориялық талдаулар дарындылықтың табиғаты шексіз екенін, сондай-ақ оған ықпал ететін факторлардың да сан қырлы болатынын көрсетеді. Бірақ дарындылық пен шығармашылықты дамытудың түрлі жолдарының ішінде баланың өзіндік зерттеу тәжірибесі әлдеқайда тиімді болып табылады. Балалардың дарындылығын дамытудағы бұл құралдың мәні, ең алдымен, зерттеушілік ізденістің жаратылыстан бөлінбейтін құбылыс екендігімен түсіндіріледі. Білуге деген құштарлық, бақылауға тырысушылық, тәжірибеден өткізуге дайын тұру, әлем туралы жаңа мәлімет жинауға талпынушылық қасиеттер балаға тән дәстүрлі мінез болып саналады.
Зерттеу мақсаты – әрбір оқушының жас ерекшелігіне, қабілетіне қарай дарындылығын әртүрлі әдістермен айқындау және дамыту, оның ішінде ғылыми іздеу қызметімен ұштастыру. Қазақстан Республикасының «Білім туралы» заңында мемлекеттік саясат негізінде ең алғашқы рет «Әр баланың жеке қабілетіне қарай интеллектуалдық дамуы, жеке адамның дарындылығын дамыту» сияқты өзекті мәселелер енгізіп отырғаны белгілі. Өйткені ғылым мен техниканы, өндірісті қазіргідей әлемдік деңгейде дамыту үшін елімізге шығармашылықпен жұмыс жасайтын білімді, жоғары дайындығы бар білікті мамандар қажет. Ал ондай мамандар дарынды балалардың ішінен шығады. Оқушының өзіндік ерекшілігі мен ісәрекет белсенділігіне қарай төмендегіше жіктесек, бала шығармашылық жұмыста осы сатыдан өтеді де біртіндеп іріктеледі, шығармашыл тұлға қалыптаса бастайды. Білім – ел қазынасы, халқымыздың білімділігі еліміздің байлығының ең маңызды бөлігі десек, білімнің негізі мектепте, яғни бар ғылымның бастауы – мектеп. «Елдің келешегі бүгінгі жастардың қолында, ал жас ұрпақтың тағдыры – ұстаздың қолында» дегендей, бізге үлкен міндет артылып отыр. Егемен еліміздің болашағы, оның әлемдік өркениеттегі өз орны, ең алдымен білім мен тәрбиенің бастауы болатын – ұстаз қолында, сондықтан да біздің басты мақсатымыз – білім сапасын жақсарту. Қазіргі таңда білім берудің әлеуметтік құрылымы маңызды элементтердің біріне айналып отыр. Дүниежүзінде білімнің рөлі артып, әр елдің өзіндік білім беру жүйесі тағайындалған. Бірақ ол әлем халықтарының білім берудегі тәжірибесімен, бағыт-бағдарымен деңгейлес болуы қажет. Дарындылықтың табиғаты шексіз. Осы дарындылық пен шығармашылықты дамытудың түрлі жолдарының ішінде баланың өзіндік зерттеу тәжірибесі ең тиімді болып есептеледі. Зерттеушілік, ізденушілік – бала табиғатына тән құбылыс. Білуге деген құштарлық, бақылауға тырысушылық тәжірибеден өткізуге дайын тұру, әлем туралы жаңа мәлімет жинауға талпынушылық қасиеттер балаға тән.
Тақырыпты таңдағанда «Мені не қызықтырады?» деген сұраққа жауап беру керек. Тек мұғалім оқушыға жоба жаза алатынын және жақсы идеялардың барлығы да жазу кезінде болатынын түсіндіріп, оқушының жазуға деген қызығушылығын арттырса, сонда бала зерттеу жұмысын жазуға талпынады.
Осы орайда №85 орта мектепте бірқатар оқушы зерттеу жұмысына қатысып, жүлделі орындарға ие болды. Атап айтар болсам, 5 сынып оқушысы Жаншуақ Қорғанбеков «Зерде» республикалық ғылыми жоба байқауының аудандық кезеңінде бас жүлдемен, 7 сынып оқушысы Аяулым Ертас бас жүлдемен, 3 сынып оқушысы Мират Советов бас жүлдемен, 4 сынып оқушысы Алуа Кетебаева бас жүлдемен, 5 сынып оқушысы Ардақ Ғабиденқызы ІІ орынмен, 3 сынып оқушысы Мәди Алдаберген ІІ орынмен, 4 сынып оқушысы Мадина Бексұлтанова ІІ орынмен, 4 сынып оқушысы Інжу Жеткербай ІІ орынмен, 4 сынып оқушысы Нұрдәулет Таумұратов ІІ орынмен, 3 сынып оқушысы Айзере Сейлханова І орынмен, 7 сынып оқушысы Аруна Елеуова ІІІ орынмен, 6 сынып оқушысы Көркем Шишнаби ІІІ орынмен марапатталды. «Дарын» республикалық ғылыми жоба байқауының аудандық кезеңінде 8 сынып оқушылары Омар мен Оспан Махамбетжановтар, Айгерім Ибрагимова, 9 сынып оқушысы Мархабат Шынболат бас жүлдеге ие болса, 8 сынып оқушысы Бекзат Абат І, 9 сынып оқушысы Жаннұр Сатыбаева ІІ, 8 сынып оқушысы Жандәулет Жұбанышов ІІ, 10 сынып оқушысы Ұлжан Көбенова ІІІ, 8 сынып оқушысы Бекарыс Нағашыбаев ІІ орындармен мадақталды. Осы жоба байқауының облыстық кезеңінде 9 сынып оқушылары Жаннұр Сатыбаева мен Мархабат Шынболат ІІ орын биігін бағындырды.
Ғылыми жобалар байқауының жеңімпаздары енді облыстық, республикалық байқауға қатысып, еліміздің жалпы білім беретін мектептердің оқушыларымен қатар өз жұмыстарын ұсынбақ. Шәкірттеріміздің әрбір ізденісі, жаңалығы бізді алға қарай жетелейді. Өйткені ғылым бізге күнделікті мәселелер мен ғаламның құпияларын шешуге көмектеседі. Дарынды да қабілетті оқушыларды ғылымға баулып, сол арқылы егемендігімізді нығайтуға үлес қосайық, құрметті әріптестер!
Фариза МАҚАТАЙ,
№85 мектеп мұғалімі