» » Құндылық жанашырлары

Құндылық жанашырлары

qarmaqshy-tany.kz Құндылық. Ұлттық құндылық. Ұлт үшін не құнды болмақ керек? Ұлттық құндылықтың жайы ақпарат құралдарының, әлеуметтік желілердің тақырыбына айналғаны мені де ойландырады. Әрбір ұлт үшін ең алдымен ана тілі, туған жері, сол тіл мен жердің төл иесі құнды. Бабаларымыз ел мен жер қамын ойлап «қой үстінде бозторғай жұмыртқалайтын заманда» өмір сүруді арман етіп, қасық қаны қалғанша қара қазан, сары бала қамы үшін жан аянбай еңбек етуіндегі себеп те сол емес пе еді?!

Төл тарихымызда ұлт, тіл, жер үшін жанын қиюға дайын болған, тар заманда таласып беріспеген алдыңғы буынның ұрпақ алдындағы ұлы істерін жіпке тізіп мақтаныш сезіммен айтып, өзің іштей арпалысқан тұмша ойдың жетегінде жүргенде Байқоңыр қаласындағы №272 орта мектебінде қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдеріне арналған «Ұлттық құндылықтар арқылы жеке тұлғаны дамыту» тақырыбында семинар өткізілетіні жайлы жазбаға көзім түсті. Семинарға баруға ұсыныс бердім. Қалаға кіруге арнайы рұқсат қағаз талап етілетіндіктен, алдын ала куәлік көшірмесін тапсырып қойдым. Жылжыған апта, күнтізбеден үзілген күндер, сырғыған сағат та таяды. Жүйткіген көлік Байқоңыр қаласына алып келді. Қаланың кіреберісіндегі бақылау пунктінде көлігіміз тоқтап, есігі ашылды. Әскери киімдегі орыс ұлтының қызы көлікке кіріп тексеріс жасауға енгенде үнсіздік орнап, тұла бойым тітіркеніп кетті. (Неге екені белгісіз осы бір жердің сұсы басып, суық көрінеді). Осы үнсіздікті сақтап қаланың ішіне еніп, діттеген жерімізге де жетіп алдық. Мектеп ауласына енгеннен бастап «Қанша сабақ өтеді? Қай сыныптың сабағы?» деген сынды мазасыз сұрақтар басталды. Есік алдында әдеттегідей мобилографтар жұмысы басталды. Табалдырықтан аттамай тұрып-ақ оқушы қауіпсіздігі үшін есік алдын күзеткен формалы, көзілдірікті әйел азаматы тұрды. Үрейім сейіле қоймаған мен тіке қарауға да жүрексініп қиыстап өте бергенім сол еді, жадыраған сайын дала мында екен ғой деп, бір қадам аттай сап басқа кейіпке ендім. Тура алдымда қос қолын созып қонақтарға жылы шырай танытып тұрған мектеп басшысы мен ұжымды көріп қазақылық қалыпқа масайрап қалдым. Араларына жарты метр салып қол созып тұрған ұстаздар қауымы Мәжіліс залына дейін жол көрсетуде. Бүгінгі күннің сәнімен толтырып тастаған шар таппайсың. Қазақы қалып бұзылмаған жазира дала, жайлауға топ ете қалғандайсың. Киіз үй, тұскиіз, жиылған оюлы жүк, кереге тұсындағы қос ішекті домбыра, қамшы мен қасқыр ішік, босаға жақтағы келі мен күбі, диірмен, дәліз қабырғаларындағы оқушылар шығармашылығынан көз айыра алмастан залға жетіп, алдыңғы қатардың біріндегі орындыққа жайғастым. Сыни шолу жасап отырған менің ойымды кенеттен «Алаш» деп атой сап, төгілте күй ойнаған ансамбль мүшелері кілт тоқтатты. Киелі сахна төрінен сан аспаптан күңіренген көк аспанның үні естілді. Сахнаның төменгі жағында оқушылар құндылықтарды жіктеп, жатық, көркем тілмен санамалап түсіндіре бастады. Ортаға оюлы қоржын әкеліп, қоржыннан сый алу ұсынылды. Қоржын толы қамшы, домбыра, қараша үй, бесік екен. Қолымызға іліккен құнды дүниемізбен топтарға бөлініп, сабаққа кіру басталды. Мұнда да әдет-ғұрып пен салт-дәстүрге толы мазмұнды дүниелер. Осылай тамсанып отырғанымызда уақыттың да сырғитыны бар емес пе? Күй ойнаған уақытта сабақтан шығып, Мәжіліс залында топқа жіктелгендер қайта қауыштық. «Кімнің сабағына қатыстыңыз? Нешінші сыныпқа кірдіңіз? Сіз ше? Сіз ше?», тағысын тағы таусылып болмайтын сұрақтар үдеп бара жатыр. Сахнаға тура қарасам тап алдымда «Тар заман» деген жазуға көзім түсті. Сахналық қойылым болады екен. Тақтайшада Алаш арыстарының есімдерімен қатар рөлдерді сомдайтын актерлердің де аттары жазылған Құдайберген Абилтаев, Нұрдәулет Серікұлы, Азамат Жеткергенов, Мұстафа Утенов, Дінислам Туретаев, Фархат Абилтай, Самат Сакенов.
Әлден уақытта сахнада баяу сазды әуен басталды да, артқы қапталдан ақсақалдың дауысы естілді. Немересін ертіп қойылымға келе жатқаны әңгімелерінен сезіледі. Сахна ашылып, сахнадан домбыраның қоңыр үнімен ілескен ызғарлы жел уілдей соқты. Сахна төрінде Алаш көсемі – Әлихан, Алаш ардақтылары – Міржақып, Ахмет, Жүсіпбектер. Тулаған жүрек қайта толқыды, құдды бір театр майталмандарындай. Рөлді сомдап тұрған алаштықтардың нап өзі дерсің. Кескін-келбеттеріне дейін туралап таңдалған оқушылар. Тар заманның өлшеусіз қиындығын көрсе де берілмеуге белді бекем буған қазақ дарабоздары! Ел-жұрт, болашақ ұрпақты сақтап қалуда аянбай тер төккен болаттай берік рухты қайраткерлер! Айлакерлер айласын асырып, сатқындар сайманын сайласа да өз жоспарынан таймаған қазақ тарландары! Қандай жала арқалап, қалай азапталса да ел үшін еңбек етуді мақсат тұтқан абзал азаматтар! Сатқындықтың да сан түрі болады екенау. Міржақыпты соңғы рет көріп қалуға келген тарлан, елімен қош айтысқан Әлихан. Әлден уақытта тыныштықты бұзып тарс етіп атылған дыбыс жүрегіңді суырып алғандай зал іші сұпсуық болып кетті. Кетті... кетті... Енді қайтпек керек? Сонша не өші қалды екен? Ұлт ұлыларын жазбай танып, аяқтан шалуға арпалысқандарай... Сахнада Ахметтің күңіренген зарлы жыры. Менің бойымда бақылау бекетінен өткендегі ызғарлы үрей қайта өршіп, алаштықтармен қоштасуға келдім бе деп жанталасқан жайсыз ой тыныштық бермеді. Қайғы мен мұңға толы жырға ұласқан әуен жайлап барып үзілді.
Сахна кейіпкерлері аяқталғанын білдіріп бас иіп жатты. Кілт сілкініп жанардан төгілген жасқа ерік бере отырып, орнымыздан тұрып ілтипат көрсетіп, алақан соқтық.
Мені мазалап жүрген құндылық осы емес пе?! Қандай өнерлі жасөспірімдер. Сахна сыртында ұстаздарының қасында үйіріліп тұрған сахна майталмандарының қолдарын алып, басымды идім. Анадайда тұрған мектеп директоры қасымызға жақындағанда:
«Мына оқушылардың барлығы да осы мектеп шәкірттері ме?» деп сұрадым. Мектеп басшысы Мира Тобжанқызы:
– Иә, – деп, мақтаныш сезіммен үн қатты.
Көз жасыма ерік беріп, толқып тұрып оқушылардың қолын қысып жатқанда-ақ оқушылар маған әрі ойлы, әрі таңданған көзқараспен қарап тұрғандарын сездім. Бала ғой, бала жүректеріндегі толқыған сезімдері апайқын көрінеді. Балалардың Алаш ардақтыларын сомдауға батыл қадам жасағандарына тамсанып, «Жігерлі, рухты жас ұрпақ барда қазақ ұлты, қазақ тілі – мәңгі тірі!» деген тоқтамға келдім. Ұрпақ келешегіне алаңдар ата-ана, шәкірт жүрегіне алау отын маздатқан ұстаз, ынтасы зор шәкірт біріккенде ғана тұлға қалыптасып, құндылық жанашыры толысары хақ.
Ақмарал ЕЛЕНОВА,
№121 орта мектептің мұғалімі
21 желтоқсан 2023 ж. 476 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

№91 (10356)

16 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 292

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 387

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930