» » Аудан бюджеті 13 миллиард теңгеге жетті

Аудан бюджеті 13 миллиард теңгеге жетті

qarmaqshy-tany.kz Апта аудан халқы үшін тың жаңалықтарға толы болды. Аудан әкімі Жандос Еркінбекұлы «Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» ҚР Президентінің 2022 жылғы 3 наурыздағы №826 Жарлығына сәйкес, кезекті жұмыс сапарымен кент, елді мекен тұрғындарымен кездесіп, осы жылы атқарылған жұмыстармен егжейтегжейлі таныстырды. Сонымен қатар алдағы жылдары атқарылатын жұмыс жоспарынан да хабардар етті.
– Ауданның 2023 жылғы бюджет көлемі 11,9 млрд теңге болып бекітілсе, бүгінгі күнге аудан бюджеті 13 млрд теңгені құрап отыр. Жалпы облыс әкімінің қолдауымен ауданға жыл басынан бері қосымша 2,6 млрд теңге тартылды, оның ішінде аудан бюджеті 1,1 млрд теңгеге ұлғайтылса, облыстық басқармалар арқылы 1,5 млрд теңгенің жобалары іске асырылуда. Осы жылға өз кірісіміз 1,9 млрд теңге болып бекітілсе, жыл көлемінде 129,4 млн теңгеге ұлғайтылып, жылдық жоспар 2,1 млрд теңге болды. Аудан бюджетінің осы жылдың қарашасына түсімдер болжамы 8 млрд 980,4 млн теңге орнына 9 млрд 84,8 млн теңгеге атқарылып, 101,2 пайызды құрады. Есепті кезеңге аудан бюджетінің өз кірістерінің жоспары 1 млрд 665,1 млн теңге болса, нақты атқарылуы 1 млрд 798,9 млн теңгені, яғни 108,0 пайызды құрап, 133,7 млн теңге жергілікті бюджетке жоспардан артық түсті, – деді ол.

Аудан басшысы 2023 жылдың қаңтар-қазан айларында макроэкономикалық көрсеткіштер де өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда өсім қалыптасып, облыстың өңірлері арасында жоғары позицияда орналасқанын атап айтты. Жыл басынан ауданға 12,8 млрд теңге инвестиция тартылып, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 36,8 пайызға артқан. Өнеркәсіп саласының кәсіпорындарымен 4,1 млрд теңгенің өнімі өндіріліп, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 3,7 есеге өсім берген.
Ауданның экономикалық көрсет кіш теріне тікелей әсер ететін шағын және орта кәсіпкерліктің дамуы да басты назарда. 2023 жылдың 1 қарашасына тіркелген шағын және орта бизнес субъектілер саны 4323 бірлікті құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 7,2 пайызға артты. Оның ішінде жұмыс жасап тұрғаны 4000 бірлік. Тіркелген кәсіпкерлік субъектілердегі жұмыс істеп тұрғанының үлесі 92,5 пайызды құрайды. Кәсіпкерлік саласында жұмыспен қамтылған адамдар саны биылғы жылдың І жартыжылдығында 6211 адамды құраса, өндірілген өнім көлемі 5,8 млрд теңге болды. Индустрияландыру бағдарламасының аясында жүзеге асырылып жатқан ірі жоба – Ақтөбе ауылындағы «Қармақшы құс» ЖШС құс фабрикасы іске қосылып, алғашқы өнімі өндірілді.
Ауданның әлеуметтік-экономикалық жағдайы ауыл шаруашылығына негізделген. Осы жылдың 1 қарашасына ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы көлемі 22 млрд 39,3 млн теңге болып, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 104,6 пайызды құрады. Биыл жалпы көлемі 26288 гектар алаңға егіс орналастырылды. Оның ішінде күріш көлемі 13770 гектар. Су лимитіне және дақылдарды кезектестіру схемасына сәйкес, күріш егісінің көлемі өткен жылмен салыстырғанда 997 гектарға артық орналастырылып, әртараптандыру дақылдары 2317 гектарға егілді. 2023 жылдың 16 қазанында күзгі егін жинау жұмыстары қорытындыланып, 13770 гектар күріш орылып, бастырылды. Орта өнім әр гектарына 60 центнерден айналды. Ауыл шаруашылығы саласындағы жақсы жаңалықтың бірі – «Жаңажол» ЖШС облыста «Үздік шаруашылық» номинациясын жеңіп алып отыр.
Соңғы жылдары ауданда құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Осы жылдың 1 қарашасына құрылыс жұмыстарының көлемі 3,9 млрд теңге болып, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 30,5 пайызға артты. Құны 3,7 млрд теңге болатын Байқоңыр қаласындағы көпқабатты 5 тұрғын үй құрылысы және аумағын абаттандыру, инженерлік жүйелер құрылысы жүргізілуде. Халықтың әлеуметтік осал топтарына тұрғын үй қорынан тұрғын үй сатып алуға Ұлттық қордан қаржы бөлінді. Жыл аяғына дейін кәсіпкерлерден 51 тұрғын үй сатып алу жоспарланса, бүгінге мемлекеттік тұрғын үй қорына заңдылыққа сәйкес, 47 тұрғын үй сатып алынды.
Денсаулық саласы бойынша аудандық орталық ауруханасынан компьютерлік томография кабинеті ашылды. «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында орталық аурухана ғимаратына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Тұрмағамбет, Ақжар, Дүр Оңғарда дәрігерлік амбулаторияның құрылысы жүруде.
Аудандық білім бөлімінің «Жас өркен» лагері №284 мамандандырылған-мектеп-лицейинтернаты болып өзгертіліп, толыққанды жұмыс істеуде. Өткен оқу жылында 665 мектеп бітірушінің 581-і немесе бітірушілердің 89,0 пайызы ҰБТ-ға қатысып, олардың орташа балдық көрсеткіші 84,7 пайызды құрап, оның ішінде 40 түлек «Алтын белгі», 68 түлек «Үздік аттестат» иеленді. Саладағы жағымды жаңалық – аймақ басшысының қолдауымен 4 жаңа 40 орындық автобус мектептерге табысталды.
Өздеріңіз білетіндей, биыл ауданның құрылғанына 95 жыл толды. Мерейтойға байланысты мәдени-спорттық шаралар мен ақындар айтысы, жыраулар фестивалі өткізілді. Бұқаралық спортты дамытуда «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасымен Жосалы кентінде Дене шынықтыру-сауықтыру кешені ел игілігіне берілді.
Инфрақұрылым жұмыстарына тоқталар болсақ, осы жылы облыстық бюджеттен аудандық маңыздағы «Самара – Шымкент – Ақжар – Тұрмағамбет – Т.Көмекбаев» автомобиль жолдарының орташа жөндеу жұмыстарын жүргізуге 503,0 млн теңге қаржы бөлінді. Жоба құны 1 млрд 445 млн теңге. Қазіргі таңда мердігер мекеме биылға жоспарланған және бөлінген қаржы көлеміне сәйкес, 8 шақырым жолдың жұмысын аяқтады. Қазан айында аудандық маңызы бар «Қызылтам елді мекеніне кіреберіс» автомобиль жолын реконструкциялау жұмыстарына республикалық бюджеттен 602,0 млн теңге қаржы бөлініп, жол-құрылыс жұмыстары басталды. Одан бөлек, «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасымен Жосалы кентінің 19 көшесі мен Дүр Оңғар ауылының 5 көшесі жарықтандырылды.
Енді алдағы жылдардың жоспарына қысқаша тоқталсақ. Жалпы демеушілер есебінен 7 жоба-сметалық құжаты әзірленіп, нәтижесінде 2024 жылы республикалық бюджеттен 5 жоба қолдау табуда. Атап айтқанда, Жосалы кенті «Тәуелсіздік» ықшам ауданының үйлеріне газ желілерін жеткізу құрылысы, Т.Көмекбаев, Қуаңдария, Ақтөбе, Иіркөл ауылындағы тұрғын үй секторының инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымының (электр беру желілерінің) құрылысы жобасына, Ақжар ауылындағы А.Құнанбаев көшесінің жөндеу жұмыстарына және 2023 жыл бюджет қаражаты есебінен жалпы 66 жобаның жоба сметалық құжаттары әзірленуде. Оған қоса, елді мекендегі көшелерді абаттандыру мақсатында 65 жоба сметалық құжаттары дайындалуда.
Кезекті кездесулерде аудан әкімі тұрғындармен бірге ауыл әкімдерінің есебіне ден қойды. Кездесу дүйсенбі күні Ақай ауылдық округінен бастау алды. Онда ауыл әкімі Эльмира Қазиева атқарған жұмысы бойынша есеп берді.
Есепті мерзімде Ақайда мал жоғалу, ұрлау дерегі орын алмаған. 429 кәсіпкерлік субъекті тіркелсе, оның 393-і жұмыс істеп тұр. Жыл басынан 103 азамат жеке кәсіпкер ретінде тіркелген. Ауылішілік асфальтталған көшелерге жолақ сызу және жолаушы жолақтарын сызумен қатар, оқушылар макеті орналастырылды. Аудан әкімінің және аудандық мәслихат депутаттарының қолдауымен аудандық бюджет есебінен М.Жұмабаев, Шамшат жырау, Достық, Дүр Оңғар, Бәйтерек, Қызылорда, Қармақшы, Байқоңыр, Рүстембек жырау, Астана көшелеріне жарықтандыру үшін қаржы бөлініп, қолданыстағы бағаналарға жарық шамдар орналастырылған. «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасымен Қазыбек би, Құдайбердиев, Баймаханов көшелеріне орташа жөндеу жүргізілсе, «Балалар ойын және спорттық тренажер алаңының» құрылысы салынған.
Кездесу одан әрі Төретам кентінде жалғасты. Онда жиналған жұртшылық кент әкімі Ғалымжан Елеусіновтің есебіне құлақ түрді. Кент бойынша 7 гектарға картоп, 9 гектарға көкөніс, 13 гектарға бақша дақылдары егілген. Баға тұрақтылығын сақтауда әр сенбіде жәрмеңке өтіп тұрған.
Кентте 1197 кәсіпкерлік субъект тіркелген. Оның 1098 бірлігі жұмыс істеп тұр. «Аграрлық несие корпорациясы» және жастар бағдарламасы арқылы 8 жоба қаржыландырылса, «Қызылорда Өңірлік инвестициялық орталығымен» 3, «Ауыл аманаты» бағдарламасымен 3 жоба қаржылай қолдауға ие болған. Аудандық «Мансап» орталығы арқылы «Өмірзақ» ЖШС-на 3 азамат жұмыспен қамтылса, мемлекеттік бағдарламамен несиелендірілген кәсіпкерлер арқылы 10 азамат жұмыспен қамтамасыз етілген.
Мұнан соң Қармақшы ауылдық округінде жалғасын тапқан есепті кездесуде көпшілік ауыл әкімі Аязбек Есқараевтың есебін тұшына тыңдады.
Ауылда 1 ЖШС, 54 шаруа қожалығы жұмыс істейді. Олар негізінен мал өсірумен айналысса, агроаймақ үшін 18 гектар жер дайындалған. Жеке және шаруашылықтарда мүйізді ірі қара 2338, уақ мал 5449, жылқы 1171, түйе 1068 басты құраса, 735 құс тіркелген. Округтегі кәсіпкер саны – 92. Аудан бюджетінен Желдиірмен жөндеуден өтсе, Қызылтам елді мекеніне паспорт орнатылған. Жұмыссыздықты азайтуда қоғамдық арқылы 37, жастар тәжірибесімен 3, күміс жас 1, әлеуметтік жұмыс орны бағдарламасымен 1 адам жұмыспен қамтылған.
Келесі күні есепті кездесу аудан орталығынан шалғайда орналасқан Т.Көмекбаев ауылында өтті. Онда ауыл әкімі Нұрлан Ахметов осы жылдың 11 айында атқарылған жұмыстарының есебін берді.
Елді мекенде 61 тұрғын бақша өнімін егіп, игілігін көрген. Мал басында өткен жылмен салыстырғанда өсім бар. Мал шаруашылығын дамытуда 5 шаруа қожалығы тірлігін тіктеген. Тіркелген кәсіпкер саны – 56. Оның ішінде кәсіпкерлер балық аулаумен, такси қызметімен, жүк тасымалымен, тігінмен айналысады. 2,5 пайыздық жастарға берілетін несиеге 3 азамат тілек білдірсе, бүгінде олар жұмыстарын жасауда. Жылқы, сиыр өсіруді қолға алған. «Қызылорда Өңірлік инвестициялық орталығы» арқылы да 1 азамат өтініш білдіріп, ол қанағаттандырылған. Келесі жылға Қ.Қуаңбаев көшесін жарықтандыру, Тәуелсіздік және Балқы Базар көшелеріне орташа жөндеу жүргізу үшін ЖСҚ әзірленіп, сараптамадан өткізілген.
Ауыл тұрғындары Ғалым Әбиев, Қожабай Тұрғановтар елді мекенде жарықтың жиі өшетіні, электр желілерінің ескіргендігі, ауылда электрик штаты қарастырылмағаны жөнінде және клуб үйінің мәселесін айтса, Қожабай Тұрғанов жеке шаруасына қатысты сұрақ қойды. Сауалдарға жауап берген аудан басшысы Жандос Еркінбек аудандағы республикалық бюджеттен қолдау тапқан 5 жобаның бірі – 4 елді мекенде келер жылы электр желілерінің жаңартылатынын айтып қуантты. Оның арасында Т.Көмекбаев ауылының да бар екенін жеткізді. Басқа сауалдарға зерделеу жұмыстары жүргізілгеннен соң жауап берілетінін айтты.
Келесі кездесу Қуаңдария ауылында клуб үйінде жалғасып, онда ауыл әкімі Ардақ Аймырзаев 2023 жылы атқарған жұмыстарын тізбектеді.
Ауылды шөппен қамтуда «Таңатар» ШҚ 40 мың дана шөп дайындаған. Демеушілер есебінен 2 шақырым канал қазылған. Жергілікті халық 7 гектарға картоп, 7 гектарға бақша өнімін және 10 гектарға көкөніс еккен. Алдағы жылы да шаруалар осы көлемде бақша егуді жалғастырмақшы. 49 кәсіпкерлік субъекті тіркелсе, ірі қара малын көбейтуге 1 тұрғын қайтарымсыз грант жеңіп алған. «Іскер» бағдарламасымен 2,5-6,0 пайыз мөлшерінде 2 азамат жеңілдетілген несиеге ие болса, Ерімбет, Бейбітшілік көшелерін орташа жөндеуге облыстық бюджеттен қаржы бөлініп, жөндеу жүргізілген. Демеушілер есебінен де жайылымды суару, аяқ сумен уақытылы қамтамасыз етуде бірқатар жұмыстар жүргізілген.
Халықпен кездесу одан әрі Алдашбай ахун ауылдық округінде ауыл әкімі Ермек Жахановтың есеп беруімен жалғасын тапты. Ол соңғы 10 айда атқарылған жұмыстарының есебін баян етті.
«Керімбай» бөлімшесінде 30 гектар жерге картоп, бақша өнімдері егілген. Дақыл піскенде Қызылорда, Байқоңыр қаласы мен Жосалы кентінде өткен жәрмеңкелерге сатылымға шығарылған. Келесі жылы 40 гектарға егуді жоспарлауда. Кәсіпкерлік бойынша 1 тұрғын қайтарымсыз грантқа ие болса, тағы бір кәсіпкер сүт бағыты бойынша кәсібін бастаған. Ә.Егізбаев, Майлыөзек, О.Шораяқұлы атындағы көшелердің істен шыққан шамдары толығымен ауыстырылған. Спорт алаңы жөндеуден өтіп, қолданысқа берілсе, ауылішілік ұзындығы 5-6 шақырым болатын арықтар серіктестік көмегімен қазылып, тазаланған. Алдағы жылға Ә.Егізбаев, Түпбөгет, Ынтымақ көшелеріне орташа жөндеу және балалар ойын алаңын салу жоспарланған.
Кездесуде ауыл ардагері Қартабек Айтмаханов клуб үйі салынса деген пікірін білдіріп, есеп беріп жатқан аудан, ауыл әкіміне және жиналған бір қауым елге батасын берді. Аудан басшысы бұл мәселенің орынды көтеріліп отырғанын, бұл бағытта жұмыстар жүргізіліп жатқанын атады.
Кезекті кездесу Тұрмағамбет ауылының мәдениет үйінде Дауылкөл ауылдық округінің әкімі Мұрат Алдамұратовтың халыққа есеп беруіне ұласты.
Округте 85 кәсіпкер тіркелген. Жыл басынан қайтарымсыз грантпен 6 жоба жеңімпаз танылса, 6 пайыздық несиемен 4 жоба іске асқан, «Ауыл аманаты» бағдарламасымен 2 жоба құжаттандырылса, бірі қаражатын алып жұмысын бастаған. Ал бірі қаржысын күтуде. Жастарға арналған 2,5 пайыздық несиемен 2 азамат қаржыландырылған. Қазіргі уақытта ҚР Ұлттық қорынан ауылда дәрігерлік амбулаторияның құрылысы аяқталуға жақын. Аяқ су пайдалану үшін аудандық бюджет есебінен дизельді мотопомпа сатып алынған. Осы жылдың 9 айында 14 жұмыссыз азамат түрлі бағытта шағын несие алып, кәсіп бастаса, 72 жұмыссыз ақылы қоғамдық жұмысқа тартылып, 6 жас жастар тәжірибесімен, 14 азамат күміс жас жобасымен жұмыс істеуде.
Жиында ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жарылқасын Дәулетов ауданда, оның ішінде туған жерде игі істердің атқарылып жатқанына тоқталды. Әкімдерге алғысын білдіре келе, басшылық тарапынан тозығы жеткен электр желілері мен мал ұстауға жер, су мәселесінің шешімі табылса деген сауалын жолдады.
Бейсенбіде есепті кездесу 4 ауылда өтті. Оның біріншісі, жергілікті халық алдында Ақжар ауылының әкімі Нұржамал Тұрсынбаева өз есебін берді.
Ауылда әкімшілік үйі, орта мектеп, дәрігерлік амбулатория, балабақша, спорт мектебі, 1 ЖШС, 15 ШҚ, пошта, тағы басқасы ақжарлықтардың күнделікті тұрмыстық қажеттілігін қамтамасыз етуде. Ірі қара 3215, уақ мал 6226, жылқы 804, құс 3267-ге өссе, осы жылға 11 түйе басы тіркеуге алынған. Ауылда 105 кәсіпкерлік субъекті тіркелсе, оның жұмыс істеп тұрғаны 97. Ұлттық грант аясында 2 адам жеңімпаз болса, «Іскер» бағдарламасымен 3 адам 6 пайыз жеңілдікпен мал басын көбейтуге несиеленген. Бүгінде дәрігерлік амбулаторияның құрылысы бітуге таяған. «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасымен Жамбыл көшесі асфальтталса, балалар ойын және спорт алаңы пайдалануға берілген. Жаңа жұмыс орындары бойынша 9 ай қорытындысымен 108 адам жұмыспен қамтылған.
Келесі кезекте Ақтөбе ауылының тұрғындары ауыл әкімі Қанат Аралбаевтың есебіне зер салды.
Ауылда 76 кәсіпкерлік субъект тіркелген. Балабақша, орта мектеп, дәрігерлік амбулатория, клуб үйі қызмет көрсетеді. Мал шаруашылығы бойынша барлығы 11616 ірі қара, уақ малы есепке алынған. 14 жоба несиелендірілсе, 2 жоба грант ұтқан. Т.Салқынбайұлы көшесіне орташа жөндеу жұмысы жүргізілген. Балалар ойын алаңы, аяқ су ұңғымасы іске қосылған. Көркейтуабаттандыру бағытында да көзге көрінерлік жұмыстар жүргізілген. Келер жылға 3 көшеге қайта жаңғырту және орташа жөндеу жұмыстары жоспарлануда. 37 азамат қоғамдық жұмыспен қамтылса, 8 азамат жастар тәжірибесімен жолданған. Тұрақты жұмыспен қамтылғандар саны 35 адамды құрайды.
Ауыл тұрғындары Жеңіс Қарғабаев, Қалабек Шабақов, Әби Қойшығұловтар жарық желісінің көнергені, электрик маманының қажет екені, жер дауына байланысты сұрақтар қойды. Оған аудан әкімі Жандос Еркінбекұлы 2024 жылы электр желісі жаңартылатын ауылдар қатарында Ақтөбе де бар. Штат, басқа да сұрақ бойынша зерделеу жүргізілетінін айтып, жауабын берді.
ІІІ Интернационал ауылында есеп берген ауыл әкімі Нұрлыбек Сайымов ауыл шаруашылығы, шағын және орта кәсіпкерліктің дамуы, құрылыс, жөндеу, абаттандыру жұмыстарына кеңінен тоқталды. Тіркелген кәсіпкерлер саны 123 адамды құраса, «Іскер» бағдарламасымен 1, 2,5 пайызбен 1, «Халық банк» арқылы 1 адам несие алған. 4 жұмыссыз грант иегері атанып, кәсіп бастаған. Ауылда спорт кешенінің құрылысы қарқынды жүргізілуде, аяқтау мерзімі келер жылдың наурызы. 24 жұмыссыз ақылы қоғамдық жұмысқа тартылса, 8 азамат жастар тәжірибесімен, 1-еуі алғашқы және 1 азамат әлеуметтік жұмыс орны бойынша жұмыспен қамтылған.
Бұл күні аудан, ауыл әкімдерінің есепті кездесу жиынын Жаңажол ауылдық округінің әкімі Әбимүсілім Қоқанов түйіндеді.
Ауыл шаруашылығы бойынша «Жаңажол» ЖШС жоғары табысқа жеткені үшін «Алтын дән» мерекесінде І дәрежелі дипломмен марапатталған. Серіктестік 5 гектарға интенсивтік жобамен алма бағын еккен. Мал шаруашылығы бойынша да өсім байқалады. Тіркелген кәсіпкерлік субъекті саны – 127. «Қызылорда Өңірлік инвестициялық орталығы» арқылы 3 жоба несиелендірілген. Ұлттық жобамен 8 азамат грант жеңімпазы атанса, жастарға арналған бағдарламамен 4 азамат қаражат алған. «Ауыл аманатымен» 3 жоба мақұлданып, оның 1-еуі қаражатын алса, 2-еуі қаржысын күтуде. 5 көше жарықтандырылса, балабақшаның жылу қазандығын сыртқа шығару жұмыстары жүргізілуде. 31 адам қоғамдық жұмысқа тартылса, жастар тәжірибесіне 5 маман қабылданған. Әлеуметтік жұмыс орындарына 1, күміс жас жобасымен 1 азамат жұмысқа қабылданған. Сүйінші жаңалық, Дүр Оңғар ауылы – облыс әкімінің 2022 жылғы 28 желтоқсандағы №630-ө өкіміне сәйкес, «Үлгілі елді мекен» конкурсының жүлделі ІІ орын иегері атанып отыр.
Жиында ардагер Әбдіразақ Әбеновтің қойған сауалына аудан басшысы тарапынан жауаптар берілді.
Елді мекендерді аралау кезінде аудан әкімі Жандос Еркінбекұлы қайбір істің нәтижелі де сапалы болуы үшін тұрғындарды тонның ішкі бауындай бірлікте, ынтымақта болуға шақырды.
Аудан басшысы халықпен кездесулерде құрылысы жүріп жатқан әлеуметтік нысандарды аралап, сапасын бақылады.
Есеп беру кездесуінде аудандық мәслихаттың төрағасы Әділ Қошалақов, аудан әкімінің орынбасары Жұлдызхан Ерқосаев, мәслихат депутаттары, бөлім басшылары бірге болды.
Сәрсенкүл АҚКІСІ
11 желтоқсан 2023 ж. 378 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№89 (10354)

09 қараша 2024 ж.

№88 (10353)

05 қараша 2024 ж.

№87 (10352)

02 қараша 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 005

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930