» » Ағза ауыстыру: күнгейі мен көлеңкесі

Ағза ауыстыру: күнгейі мен көлеңкесі

qarmaqshy-tany.kz «ТРАНСПЛАНТОЛОГИЯ» ТЕРМИНІ ХАЛЫҚҚА ТАҢСЫҚ ЕМЕС. МҰНЫ ЖҰРТ ЖАҚСЫ БІЛЕДІ. АЛ «МӘЙІТТІК ДОНОР» ДЕГЕНГЕ ҮРКЕ ҚАРАЙДЫ. ХАЛЫҚ БҰЛ МӘСЕЛЕГЕ МОЙЫН БҰРМАЙ, ТЕРІС КӨЗҚАРАС ҰСТАНЫП ЖАТАДЫ. АҒЗАҒА МҰҚТАЖ ӘРБІР ЖАН ҮШІН БҰЛ ӨМІР СҮРУГЕ ДЕГЕН ҮЛКЕН ҮМІТ. МАМАНДАР МӘЙІТТІК ДОНОР АРҚЫЛЫ МӘСЕЛЕНІ ШЕШІП, ТАЛАЙ АДАМНЫҢ ӨМІРІН САҚТАП ҚАЛУҒА БОЛАТЫНЫН АЙТАДЫ. БІРАҚ БҰЛ ІСКЕ КЕЛГЕНДЕ КӨБІ ҚАРСЫЛЫҚ ТАНЫТАДЫ. ДЕРЕКТЕРГЕ ЖҮГІНСЕК, ДЕРТІ ДЕНДЕГЕН АҒЗАЛАРДЫ ТРАНСПЛАНТАЦИЯЛАУДЫҢ КҮТУ ПАРАҒЫНДА 3 953 АДАМ ТҰР. ОНЫҢ ІШІНДЕ 128 БАЛА БАР.

Елімізде ағза ауыстыруға донор тапшы. Айталық, жылына 1 млн адамға тек 1 ғана донор табылады. Трансплантолог мамандардың айтуынша, қазіргі статистика көңіл көншітпей тұр. Соңғы жылдары дамып келе жатқан ағза алмастыру отасы көбінесе туыстық бауырлар арасында жасалады екен. Алайда ағзасын ауыстыруға мұқтаж жандар көбейгенімен, денесінің бір бөлшегін өзгеге қиятындардың қатары өте аз. Бір адамның донор ретінде берген рұқсаты 6-7 адамды ажалдан арашалап алуы мүмкін екендігін айтады.
Трансплантациядағы ең өзекті мәселенің бірі – күту парағындағы ағза ауыстыруды қажет ететін адамның көптігі мен «донор боламын» деушілердің аздығы. Қазақстандықтар басқа ағзаға қарағанда бүйрек ауыстырып салуды қажет етеді. Оның көрсеткіші – 91,2 пайыз. Екінші орында бауыр – 4,6 пайыз, жүрек – 3,7 пайыз, өкпе – 0,4 пайыз, өкпе-жүрек кешені – 0,1 пайызды құрап отыр. Қазақстанда жүрек, өкпе, бауыр, бүйрек, ұйқы безі транспланттанады. 2012 жылдан бастап биылғы жылдың тамыз айына дейін барлығы 2475 трансплантаттау жасалған. Оның ішінде тірі донорлардан – 83,4 пайыз болса, қайтыс болғаннан кейінгі донорлардан – 16,6 пайыз. Аталған ағза ауыстыру отасында 1833 бүйрек, 472 бауыр, 90 жүрек трансплантациясы, 19 өкпе, 2 ұйқы безі, 59 қабықша жасалды.
Жыл сайын 360 адам қажетті ағзаны күтумен бақилық болады екен. Ал мәйіттік донорға келісетін адамдар саусақпен санарлық. Мәселен 2022 жылы 4 адам мәйіттік донорлыққа келісім беріп, олар 16 адамның өмірін сақтап қалған екен.
Республикамыздағы әрбір азамат қайтыс болғаннан кейінгі ағза ауыстыру бойынша келісім бере алады. Бас тартуға да құқы бар. Қазір мұны электронды форматта жүзеге асырады. Бұл қызмет түрін Egov.kz порталында қолдануға болады. Әрбір азамат электронды қолтаңба арқылы порталға кіріп келісетінін немесе келіспейтінін білдіреді.
Айта кету керек, донорлық және трансплантация елімізде заң шеңберінде ғана жүзеге асады. ҚР ҚК 1-бөлігі 116-тармағына сәйкес, тірі адамның органдары мен тіндерін трансплантациялау, өзге де пайдалану үшін алуға немесе заңсыз алуға мәжбүрлеу, сол сияқты тірі адамның органдары мен тіндеріне қатысты заңсыз мәмілелер жасау 12 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға апарады.
Бүгінде елімізде 7 трансплантология орталығы бар. Олардың негізгісі Астана, Алматы, Шымкент, Ақтөбе қалаларында орналасқан. Ең алғашқы ағза ауыстыру отасын жасау 1979 жылы Алматыдағы А.Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургиялық орталықта басталған. Сондай-ақ елімізде 16 стационар мәйіттік донорлықпен айналысады. Өкінішке қарай, реципиенттердің дені бүйрек жетіспеушілігіне ұшыраған. Оның 90 пайызына тірі туысының ағзасы салынады. Ал шет мемлекеттерде, керісінше, мұқтаж жандардың ғұмырын мәйіттік донор құтқарады. Заң да осыны талап етеді. Бір адам 5-8 науқасқа ғұмыр сыйлай алады екен. Бізде таңдау еркі өзімізде. Әйтсе де «бауырым» дейтіндер көп, бірақ бауырын беретіндер жоқтың қасы.
Ақнұр САҒЫНТАЙ
07 желтоқсан 2023 ж. 239 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№94 (10359)

26 қараша 2024 ж.

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 294

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 390

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930