Әскери міндетті атқару – ерлік
qarmaqshy-tany.kz ҚР 2012 жылғы 16 ақпандағы «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі» туралы заңына сәйкес әскери қызметке, әскери құрылымдарды жеке құраммен жасақтауға бағытталған кешенді шаралар көктемгі-күзгі мерзімде жүргізіледі. Аудан әкімдігінің 2023 жылғы 16 ақпандағы №28 қаулысына сәйкес осы жылдың 1 наурызынан 30 маусымға дейін, күзгі шақыру 1 қыркүйектен 31 желтоқсанға дейін 1996-2005 жылғы туған шақырылушыларды мерзімді әскери қызметке шақырту жұмыстары жүргізілуде. Әскери қызметке шақырылуға жататын 18- 27 жасқа дейінгі азаматтар жергілікті әскери басқару органдарының шақырту қағазы бойынша аудандық шақыру комиссиясына келуі міндеттелген.
Бөлімде әскери есепте тұрған шақырылушылардың тізіміне сай, шақырылуға жататын азаматтарды зерделеп, оның арасынан іріктеу жүргізіледі. Мерзімді әскери қызметке шақыру басталысымен, жергілікті әскери басқару органдарының шақыру қағазы бойынша мерзімді әскери қызметке шақырылады. Аудан бойынша 1310 азамат әскери есепте тұрады. Оның ішінде өз себептеріне байланысты 864 азамат әскери шақырылуға жатпайды. 232 азамат әскери шақырылуға жатады. Сонымен қатар білімін жалғастыру үшін, отбасы жағдайы бойынша мұғалім және дәрігерлер нотариат куәландырылған тиісті растайтын құжаттарын ұсынып, медициналық тексерілуден өткен жағдайда шақыру комиссиясының шешімімен әскери қызметке шақырудан кейінге қалдырылады. Келісім-шарт бойынша әскери қызметке ҚР Қарулы Күштерінде қызмет ету, әскерге шақыру жасына дейінгілерді және бұрынсоңды әскери есепте болмаған ауданның ер азаматтарын шақыру учаскесіне тіркеу, әскерге шақырылушыларды әскери есепке алу, есептен шығару бойынша осындай ауқымды жұмыстарды «Жасақтау тобының» бастығы Н.Елмағамбетов, осы бөлімнің қыз меткерлері Ж.Ршауова, М.Әбдікерова ұйымдастырып отыр.
Азаматтарды әскери қызметке шақыру жұмыстары ауқымды және үлкен күшжігерді қажет ететін маңызды жұмыстардың бірі. Оған жататын азаматтардың жергілікті әскери басқару органының шақыруы бойынша көрсетілген мерзімде дәлелді себепсіз келмеген жағдайда ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 647-бабына сәйкес бес айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
Аудандық шақыру комиссиясына белгіленген мерзімде азаматтардың әскерге шақыру учаскелеріне келмеуінің дәлелді себептері: біріншіден, еңбекке қабілетін жоғалтуға байланысты сырқаттануы (жарақаттануы), екіншіден, жақын туысы ның (заңды өкілінің) қайтыс болуы немесе ауыр сырқаттануы, үшіншіден, азаматтың өзі келу мүмкіндігі болмаған табиғи сипаттағы кедергілер болып табылады. Келмеу себептері тиісті құжаттармен расталады. Сонымен қатар шақыру барысында әскерге шақырылуға жататын азаматтың мекен-жайына барған уақытта азамат ол үйде тұрмайтын болып, басқа қалаға немесе басқа жаққа қоныс аударған болып шығады. Мұндай жағдайлар көптеп кездеседі. Сол үшін ата-аналардан және әскерге шақырылуға жататын шақырылушыдан сұрайтынымыз, сіз тұрғылықты мекенжайыңызды ауыстырып, басқа қалаға кетіп жатсаңыз, сол қаланың немесе ауданның қорғаныс істері жөніндегі бөліміне жеті жұмыс күні ішінде әскери есепке қою туралы өтінішпен жүгінуге міндеттелесіз. Тиісті білім беру ұйымдарында күндізгі оқу нысаны бойынша техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі арнаулы орта немесе жоғары, діни білім беру ұйымда рында, сондай-ақ басқа мемлекеттердің жоғары немесе жоғары оқу орындарынан кейінгі білім беру ұйымдарында күндізгі білім алып жүрген азаматтар білім беру ұйымында оқу оқып жатқанын растау құжаттарын (анықтама) «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясына, жеке басты куәландыратын куәлігі мен электрондық цифрлық қолтаңбасымен бару арқылы, (ЭЦП) «Е-license» ҚР электрондық лицензиялау порталы бойынша білім беру ұйымында оқу оқып жатқанын растау анықтамасын тапсыра алады. Сондай-ақ мерзімді әскери қызметке шақырылушылар арасында медициналық тексерілуден өту кезінде дәрігерлермен қосымша тексеруге жіберілсе, мерзімінде аяқтамай ұзақ уақытқа келмей кететіндер де жиі кездеседі. Сол үшін әскерге шақырылушы медициналық тексерілуден қосымша тексеруге жіберілсе (АКТ бойынша) онда уақытылы өтіп мерзімінде аяқтауға тиісті. Егер де шақырылушы медициналық тексерілуден жалтарса, ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 648-бабына сәйкес ескерту немесе үш айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
Әскерге шақырылушылар аудандық әске рге шақыру комиссиясына дәлелсіз себептермен келмесе барлық жағдайлар туралы аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімнің бастығы, оларды іздестіру және әскерге шақыру пунктіне келуін қамтамасыз ету үшін ішкі істер органдарына хабарлайды. Осыған сәйкес, өз құзыреті шегінде ішкі істер органдары 2012 жылғы 15 ақпандағы №561 ҚР «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі» туралы заңының 17-бабы, 4-тармағына сәйкес әскери міндеттілікті орындаудан жалтарған адамдарды іздестіруді жүзеге асырады.
Осы жылдың күзгі мерзімді шақыру барысында Отан алдындағы міндетін сезініп, ҚР Қарулы Күштер қатарында борышын өтеуге аудан бойынша 36 азамат аттанды. Оның ішінде ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің шекара қызметі 11, ҚР Қарулы Күштері 21, ҚР Ішкі істер министрлігінің Ұлттық Ұлан әскери бөлімдері 4 азаматпен толықты. ҚР Қорғаныс министрлігінің Ғылым және жоғары білім министрлігімен, сондайақ еліміздің жетекші жоғары оқу орындарымен бірлесіп, азаматтардың мерзімді әскери қызметін өтуге ынтасын арттыру мақсатында жаңа жобаны жүзеге асыруға бастама көтерілді.
ҚР Қарулы Күштері қатарында мерзімді әскери қызметтің белгіленген мерзімін өткерген, жеке қасиеттеріне, үлгілі тәртібіне жауынгерлік даярлық нәтижелері бойынша үздік нәтиже көрсеткен жастарға, жалпы орта білім аттестаты не техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары білім туралы құжаты бар азаматтарға мерзімді әскери қызмет өткеруді аяқтағаннан кейін екі жыл кезеңде ҚР ҚМ әскери оқу орындарына оқуға қабылдау қағидаларында көрсетілген кезеңде ҚР ҚМ-ның әскери оқу орындарына оқуға түсу емтихандарынсыз оқуға түсе алады. ҚР жоғары және жоғары оқу орындарынан кейінгі білім беру ұйымдарына ҰБТ-ны ескермей, ЖОО есебінен оқуға түсуге болады. Егер азамат білім алу үшін шығармашылық емтихан тапсыру көзделген мамандықты таңдаған жағдайда азамат шығармашылық емтихан тапсырады. Мерзімді әскери қызмет өткерген азамат осы жеңілдіктерді пайдаланып, жоғары білім алуға ниет білдірген болса, әскери оқу орнына оқуға түсу үшін оқуға қабылдау жылының 30 сәуіріне дейінгі мерзімде тұрғылықты жері бойынша жергілікті әскери басқару органдарының басшысы атына өтінішпен жүгіну қажет.
«Отан – отбасынан басталады» дейтін ұрпақтың балалары елін ержүректікпен батыл қорғайтын, Отанға деген сүйіспеншілігі жоғары он сегіз жастан жиырма жеті жасқа дейінгі, әскерге шақыруды кейінге қалдыруға немесе әскерге шақырылудан босатылуға құқығы жоқ азаматтар Қарулы Күштердің қатарында болып, әскери қызметтің ауыртпалығы мен қиыншылығын қырағылықпен көтеріп, мемлекеттің қауіпсіздігін сақтауға өзінің үлесін қосады деп сенеміз.
Дастан БАЙДӘУЛЕТОВ,
аудандық Қорғаныс істері жөніндегі
бөлімнің бастығы