Қорғансызға қиянат: қоғам көне бере ме?
Қоғамда болып жатқан түрлі келеңсіз құбылыстар. Көлеңкелі тұстар. Зорлық пен зомбылық жаныңды тілгілемей қоймайды. Әсіресе елдегі соңғы жаңалықтар жан түршіктіреді. Ілуде кездесетін мұндай оқиғалардың күн санап өскені ойландырмай қоймайды. Аталарымыз «Мал аласы сыртында, адам аласы ішінде» деп айтатын сөзінің астары осы жерде анық көрінетіндей. Бір жаманы, қорғансызға қиянат жасайтындардың көбейгеніне етіміз де үйреніп бара жатқандай. Жуан жұдырықтылардың күш көрсетуінен болатын зардаптар көрсеткіші әлем бойынша да шектен шықпаса, төмен емес. Енді нақты деректермен сөйлейік.
ӘЛЕМДЕ ҚАНША АДАМ ЗОМБЫЛЫҚТЫҢ ҚҰРБАНЫ?
Осы жылдың қыркүйегіндегі мәліметке сүйенсек, соғыс пен зорлықзомбылықтың кесірінен әлемде 114 млн адам үйін тастап қашса, соңғы 4-5 ай көлемінде 110 млн адам мәжбүрлі түрде қоныс аударған. Өткен жылғы БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі кеңестің мәліметінше, әлемде әрбір үшінші әйел дене және жыныстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған. Жыл сайын 2-17 жастағы әрбір екінші бала әртүрлі осындай келеңсіздік оқиғасына тап болады екен. Зомбылықтың салдарынан дүние жүзінде 1,25 млн адам көз жұмады. Бұл үрейлі сандар біздің елімізде де оңып тұрмаған көрінеді. Ішкі істер министрлігінің мәліметі бойынша соңғы 4 жарым жылда елімізде тұрмыстық зорлық-зомбылық көрген 870-ке жуық адам жарық дүниемен қош айтысқан. Үкіметтік емес ұйымдардың зерттеуіне мән берер болсақ, алдыңғы жылы үйде орын алған зорлықзомбылық жағдайының сотқа тек 40 пайызы жеткен болса, күдіктілердің 39 пайызы 2 сағат пен 3 тәулік аралығында әкімшілік жаза арқалап, құтылып кетіп отырған.
Жалпы өмірде қиянатқа ұшырайтындардың дені әйелдер, балалар, қарт кісілер мен дәрменсіз мүгедек жандар. Зомбылық зобалаңының зияны әсіресе әлі өмірге икемделмеген, ақ пен қараны ажырата алмайтын, санасы аппақ, кімге болса соған сенетін балаларға қатысты. «Зорлықзомбылық ақыры – өлімге, өз-өзіне қол жұмсауға, психологиялық ауытқуға, ми-жүйке жүйесі ауруларына әкеліп соқтырады. Жас балалар өмірден баз кешіп, темекі, алкоголь, есірткіге әуестеніп, соңында өмірлері құрдымға кеткен жағдайлар да жиі кездеседі». Иә психологтар осылай дейді. Олардың келесі ой-пікіріне де құлақ салып көрелік.
– Отбасындағы зорлық-зомбылық ең өзекті мәселе болып отыр. Зорлық-зомбылық құрбандарының көпшілігі көбіне әйелдер, балалар. Әйелдердің дені қорқыныштан болмаса баспанасыз қалудан зорлыққа амалсыз шыдауға бел байлайды. Сондай-ақ зардап шегушілердің дені түрлі себепке байланысты полицияға хабарласуға асықпайды. Бірі – отбасының материалдық жағдайының төмендігін ойлап шешім қабылдай алмаса, енді бірі – бұл қадамды онсыз да берекесі қашқан шаңырағын одан әрі шайқалтудан қауіптенеді. Әрине, мұндай жағдайлар отбасындағы тәрбиеленіп жатқан балалардың психикалық саулығына да әсерін тигізеді. Осы тектес отбасындағы балалардың мінез-құлқы тұйықталып қалады, өзіндік бағалауы төмен әрі өзін қорғансыз сезінеді, – дейді психолог Гүлнар Бүркітбаева.
Бүгінде орта мектептерде психологтар отбасындағы зорлықзомбылықты анықтауда проективті әдістер, диагностикалық бағыт бойынша кешенді тест алып, жұмыстар жүргізуде. Әрбір білім беру ордасында позитивті ата-ана қалыптастыруда «Ата-аналарды педагогикалық қолдау» орталықтары ашылып, отбасындағы жанжал, келіспеушілік, жағымсыз, қолайсыз ортаның болмауын, алдын алуда мектеп психологтары, тәрбие орынбасарлары түрлі ағартушылық жұмыс атқаруда. «Балаларға қамқорлық жасау, оның абыройы мен құқығын құрметтеу – бұл тек мемлекеттің ғана емес, жекелеген әрбір адамның міндеті екенін естен шығармау қажет. Ұрпақ тәрбиесіндегі – тәртіп пен мәдениет күллі адам атаулының күнделікті әдетіне айналған кезде, біздер мейірімі мол, қайырымды қоғам құрып қана қоймай, зорлық-зомбылықсыз балалық шақтың шаңырағын биіктете түскен болар едік. Бейбіт ел, ынтымағы жарасқан халық, үлгілі отбасын құру, бәрі де адамның өз қолында. Жамандыққа баратындарды бала кезінде зорлық көргендер деп те қоғамда айтылып жүрген көзқарастар бар. Бұл пікірді қате санаймын. Мүмкін кейде болуы да. Жас кездегі психологияның жаралануы адамның белгілі бір дәрежеде психикалық ауытқуға әкелуі мүмкін. Бірақ бәрі солай дегенге келіспеймін. Қолайсыз отбасынан шыққан баланың да келешекте жақсы азамат болып қалыптасып жататын жағдайы жетерлік. Зорлық-зомбылыққа барудың көптеген себебі бар. Соның бірі – құмар ойынға әуестенушілік, психотроптық заттарды пайдалану, балалар арасында үлкендер тарапынан қараусыздық салдары да болуы мүмкін. Мотивтеріне келсек, жамандық жасаушы адам кек алу үшін жасауы және дұшпандық сезімі басым болуы мүмкін. Отбасындағы билік үшін күрес және отбасының «мықты бір тұлғасымын» деп қате есептеуден де орын алып жатады. Елеусіз қалғанда жұрттың назарын өзіне аударғысы келетін адамдар да зорлық-зомбылық жасауға бейім келеді деуге негіз бар, – дейді психолог.
ХАЛЫҚ ҚАЛАУЛЫЛАРЫ ДА БАС КӨТЕРДІ
Бас жарылса бөрік ішінде» дейтіндей көп замандас. «Әйелімді ұрсам не болады екен маған? Ұрсам, өз балам, өзім туғанмын» дейтіндер де табылады. Бірақ, кім болса да біреудің өміріне қауіп төндіруге ешкімнің құқы жоқ екенін түсінетін уақыт әлдеқашан жеткен сияқты. Жуырда елордада орын алған әйел өліміне қатысты депутаттар да пікір білдірді. ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Жұлдыз Сүлейменова сөзінде: «Отбасындағы зорлық-зомбылықты тоқтату үшін заңды қатаңдату керек. Әйелдер мен балалар зорлық-зомбылықтың құрбаны болмас үшін тіпті жеңіл түрдегі зорлық-зомбылық қылмыс деп танылуы керек. Әйел мен балаға зорлық-зомбылық көрсеткендерге аяушылық танытуға болмайды. Ешкімнің әйел адамдарды қорлап өлтіруге қақы жоқ. Қылмыскерге қатаң жаза берілуін талап етеміз. Екінші, Заңнамада тұрмыстағы зорлық-зомбылыққа қарсы күрес жүргізетін жауапты мемлекеттік органды бекітетін уақыт жетті» деген еді.
Сонымен қатар танымал өнер, спорт қайраткерлері, белсенділер заңды қаталдатуға петиция жариялады.
Заңның солқылдақтығы мен зомбылықпен тікелей айналысатын жауапты мемлекеттік органның болмауы кері әсерін тигізіп тұрғаны рас. Дегенмен, мұның алғышарттары да жоқ емес тәрізді. Оған себеп, Қарағандыда тек қана әйелдер жұмыс істейтін полиция бөлімі ашылған. Бөлім отбасында зорлық-зомбылыққа ұшырағандарға көмек көрсетеді. «Әйелдің жанын әйел түсінеді» дегендей, ондағы мамандар тұрмыстық зорлыққа тап болғандар сырларын нәзік жандарға айтуға бейім келеді дейді. Тағдыры тәлкекке түскен ана мен бала осы бөлімді паналайды. Бір айтарлығы, бұл жер еліміздегі полиция бөлімдеріне мүлдем ұқсамайды. Кең әрі жарық бөлмелері бар, қызметкерлері де полиция формасын кимейді. Қашанда есігі айқара ашық орталықтың аты полиция бөлімі дегені болмаса, пана іздеушіге қолайлы орта жасалған. Атауы да өзгеше – «Отбасыға көмек» деп аталады. Мұның бәрі жәбірленушіге ыңғайлы болу үшін. Бөлімше қызметкерлерінің айтуынша, қиындыққа душар болғандардың жүйкесіне әсер ететін жағдайларды болдырмау, оларға сеніммен қарау басты мақсат саналады екен. Орталықта қызмет ететіндер де әйел-аналар құрамынан. Шынында да, әйел әйелге ғана сырын ашып айта алады. Бөлім отбасылық зорлық-зомбылықтың алдын алу, қылмысты ашу, тергеу жұмыстарымен айналысады. Тергеуші, жасөспірімдер жөніндегі инспекторлармен қатар, психолог, теолог, қамқоршылық ұйымдарының мамандары да мұнда қызмет етеді. Біз қылмысқа санамай, әкімшілік айыппұлмен жазасы өтелетін қылмыс түрі – зорлық-зомбылыққа байланысты осы орталыққа тек қана 1 айдың ішінде 500-ден аса ана шағым түсірсе, жыл басынан бері Қарағанды облысы бойынша жәбірленушілерден 50 мыңға жуық арыз түскен.
Осы бағытта қолға алынып жатқан тағы бір ілкімді іс-шара – Қазақстанда балаларға көмек көрсететін «BalaQorqay» бірыңғай байланыс орталығын ашу жоспарлануда. Бұл балалар арасындағы буллинг пен суицидті азайтуға бағытталмақ. Осыған қатысты елімізде 20232025 жылдарға арналған кешенді жоспар аясында балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау, суицидтің алдын алу, олардың құқы мен саламаттылығын қамтамасыз етуде жаңа шаралар жүзеге асады деп күтілуде.
АУДАНДАҒЫ ХАЛ ҚАЛАЙ?
Аудандық полиция бөлімінде әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобы жұмыс атқарады. Оған инспектор, полиция капитаны Айнұр Қасымова жетекшілік етеді. Топтың қызметкерлері орын алған құқық бұзушылықты анықтап, зорлық-зомбылыққа тап болып, зардап шеккен және өмірдің қиын жағдайында қалған тұлғаларға құқықтық кеңес беріп көмек көрсетеді. Зорлық-зомбылықтың құрбандарына көмек көрсетуде облыс көлемінде орналасқан «Қамқорлық», «Жан», «Аналар үйі» дағдарыс орталықтарымен бірлесіп ісқимыл жасайды. Отбасы-тұрмыстық саладағы құқықбұзушылықтың алдын алуда «Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың профилактикасы туралы» қабылданған ҚР Заңына сәйкес, полиция бөлімі учаскелік полиция инспекторларымен жыл басынан бері отбасында құқық бұзушылыққа бейім 76 адамға қатысты қорғау нұсқамасы шығарылса, ІІО профилактикалық есепте тұрған адамдардың тұрғылықты жері бойынша тексеру мерзімділігін, ҚР «Құқық бұзушылықтың профилактикасы туралы» Заңына сәйкес, 15 құқық бұзушының мінез-құлқына ерекше талаптар белгіленген.
– Отбасы-тұрмыстық қатынастар аясындағы құқыққа қарсы әрекеттер жасағаны үшін ҚР ӘҚБтК-нің 73-бабына сай осы жылдың 1 шілдесінен бастап 41 азаматқа хаттама толтырып, істері аудандық сотқа жолданды. 8-і әкімшілік қамаққа алынған, 11-і медиация тәртібімен татуласуына байланысты тоқтатылып, 20-сына ескерту жасалды. Қайталану 1 дерегі және қысқартылған бойынша 1 дерегі тіркелді. Қорғау нұсқамасының талаптарын бұзған үшін ҚР ӘҚБтК-нің 461-бабына сәйкес 7 азаматқа хаттама толтырып, аудандық сотқа жолданып, 10 тәулік әкімшілік қамаққа алу белгіленген. ҚР ӘҚБтК-нің 669-бабына сәйкес ерекше талабын бұзған 8 азаматқа хаттама толтырылып, іс аудандық сотқа жолданса, 3-еуі әкімшілік қамаққа алынды, 1-еуі медиациямен татуласуына байланысты тоқтатылып, 1-еуіне әкімшілік айыппұл салынды, 1-еуінің әкімшілік құрамы жоқ болуына орай қысқартылса, 2-еуіне ескерту берілді. Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алуда жыл басынан бері әлеуметтік желілер арқылы 47 мақала, газетке 8 мақала және «ЛЭД» экраннан 4 бейнеролик әзірленіп, халықтың назарына ұсынылды. Министрліктің осы жылғы жоспарына сәйкес, аудан көлемінде отбасытұрмыстық қатынастар саласында жасалатын қылмыстардың алдын алу мен жолын кесуде «Тұрмыс», «Профилактика апталығы», «Бала және отбасы» атты жедел-профилактикалық іс-шаралары, «Әйелдерге қатысты зорлықзомбылықсыз 16 күн», «Отбасындағы зорлықзомбылыққа жол жоқ!» тақырыбында акциялар өткізілуде. Сонымен қатар 65 профилактикалық іс-шара ұйымдастырылды, – дейді Айнұр Шакзадақызы.
Одан бөлек, ауданда құқықбұзушылық пен қылмыстылықтың алдын алу, болдырмау, тежеу мақсатында әрбір учаскелік полиция инспекторының өз әкімшілік аймақтарында тұратын қылмысқа бейім азаматтардың, басқа өңірден келгендердің тізімі алынады. Қоғамдық қауіп төндіретін мінез-құлқы асоциалды бағыттағы психикалық сырқаттың есебінде тұратын адамдармен жеке-дара жұмыс жүргізіледі. Олардың тұрмыстық жағдайы мен жанұясына кіретін кірістерге көңіл бөле отырып, қылмысқа баруына жол бермеу үшін күнделікті жұмыстар жүргізіледі.
«ҚР ІІМ бүгінгі таңда алға қойған мақсатының бірі – отбасы-тұрмыстық қарым-қатынасындағы қылмыстардың алдын алу, жалпы профилактикалық шараларды күшейту болғандықтан, бізде осы бағыттағы жұмыстарымызда алдыңғы қатарлы тәжірибелерді пайдалана отырып, нәтижелі жұмыс істеуге назар аударамыз» дейді әйелдерді зорлықзомбылықтан қорғау тобындағылар.
ДІННІҢ НЕ АЙТАРЫ БАР?
Бір білеріміз зорлық-зомбылықтың қай түріне болсын қатаң тыйым салынған. Асыл дініміз де оны қолдамайтыны белгілі.
– Алла Елшісі Мұхаммед пайғамбарымыз: «Зұлымдық көрушінің (мазлюм) дұғасынан қорқыңдар, тіпті ол имансыз (кәпір) болса да. Өйткені оның дұғасы мен Алланың арасында кедергі жоқ» (Ахмад) деген. Яғни адамның ұлтына, дініне, әлеуметтік мәртебесіне қарамастан іспен де, сөзбен де зиян беруге болмайды. Тағы бір хадисте «Нағыз мұсылман өзгеге тілімен де, қолымен де зиян бермейтін адам» (Бухари, Муслим) деп айтылады. Қазіргі қоғамда әйел кісілер сыртта болсын, отбасында болсын зорлық-зомбылық құрбаны болып жатқандығы туралы ақпарат көп. Ислам – адамның моральдық және материалдық құқығын толық қорғайтын бірден-бір дін. Оның ішінде әйелдің құқығы ерекше қорғалады десек, артық емес. Келесі бір хадисінде «Сендердің іштеріңдегі ең жақсыларың әйелдеріңмен жақсы қарымқатынаста болғандарың» деген сөздің астарында да үлкен мағына жатыр, – дейді ауданның бас имамы Рахат Серікбайұлы тақырыпқа тұздық жасап.
Жанұясының шырқын бұзып, жақынын өлімші етіп сабаған, қорғансыз сәбилерге көз алайтқан қаныпезерлер жайлы ақпарат құралдарында материалдар мен видеолар өріп жүр. Жаға ұстарлық өлім жағдайлары да қызу талқыға түсуде. Онда нәзік жандылардың отбасында күйеуінің күш көрсетуіне, жұдырық жұмсауына, қорлығына шыдап жүре бермеуге шақыратын жазбалар тізбегі де көп кездеседі. Тіпті кейбір ата-аналар балаларының болашағына қатты алаңдайды. Жасыратыны жоқ, қоғам үрей үстінде.
– Мектеп жасында балаларым бар. Адамның миына сыймайтын жағдайлардың орын алуы – отбасындағы ұрыс-керіс, балағат сөз, орынсыз сөгу, қорлаудың әсері ме деп те ойлаймын. Балаларды әкенің болмаса шешенің мас күйінде ұрып-соғуы, жеке өмірлеріне қол сұғуы, дұрыс емес тәрбиеде болуы да айтарлықтай кері ықпалын тигізсе керек. Жастайынан атаананың мейірімін көрмеген бала ертеңгі күні өзі де осындай қиын жағдайды басынан кешіруі мүмкін. Ұрлыққа барады. Қазір қоғамда ауыз бармайтын жағдаяттарды кездестіреміз. Сондай жағдайлардың алдын алу үшін баланы отбасында мейірімге, еңбекке, адалдыққа баулып өсіру керек. Тәрбиесі дұрыс адам зорлық-зомбылықсыз әлемді құрады. Маңайындағыларға да адами құнды қасиеттерді көрсете алады, – дейді көпбалалы ана Манат Жалғасова.
Түйін Өмір жақсарар, заң талабы да күшейер. Бірақ қаншама жазықсыз ана кісі қолынан мерт болып, балалары жетім қалды. Қаншама бала жазықсыз жапа шегіп, о дүниелік болды. Қаншамасы зорлық пен қорлықтың қамытын киді. Құрбанына айналды. Өмірлеріне өшпес дақ түсті. Кейде олардың жер бетіндегілерге «Біз дәрменсіз едік қой, неге бұлай еттіңдер?» деген дауыстары естіліп жатқандай сезіледі. Амал нешік?! Қатігездік ешкімге опа әпермеген. Оны жеңетін және оған қарсы тұра алатын мейірімділік деген бір-ақ күш бар. Сол мейірім қасиетін отбасында бала бойына сіңіре білейік, ұрпағымызды мейірім нәрімен сусындатып өсірейік!
Сәрсенкүл АҚКІСІ
Сурет Әлихан САРИЕВТІКІ