Зейнетақы жүйесінің тиімділігін арттыруға қатысты
Зейнетақы жүйесінің тиімділігін арттыруға қатысты. Қазіргі қолданыстағы жүйе зейнеткерлердің 3 буынын қамтиды. Біріншісі – аға буын. Бұл санатқа 1998 жылғы 1 қаңтарға дейін зейнетке шыққан, толық еңбек өтілі бар зейнеткерлер кіреді.
Осы санаттағы адамдар базалық және еңбек зейнетақысын мемлекеттік бюджеттен алады. Олардың басым көпшілігіне 120 мыңнан 160 мың теңгеге дейінгі аралықта зейнетақы төленеді.
Екіншісі – бүгінгі буын. Бұл – зейнет жасына 1998 жылғы 1 қаңтардан кейін жеткен азаматтар.
1998 жылғы 1 қаңтарға дейін еңбек өтілі болғандықтан, олар да еңбек және базалық зейнетақыларын мемлекеттік бюджеттен, ал Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан өз жинақтары есебінен– жинақтаушы зейнетақы алады.
Алдағы уақытта зейнетақы жүйесінің негізгі проблемалары болып 1998 ж. 1 қаңтары бойынша жұмыс өтілінің азаюына байланысты мемлекеттен зейнетақыны алып отырған зейнеткерлердің ынтымақты зейнетақысының мөлшерінің азаюы және болашақ зейнеткерлердің жеткіліксіз жинақтары болмақ.
Сондықтан Кодексте бүгінгі буын зейнеткерлері үшін алдағы 5 жылда базалық зейнетақы мөлшерін кезең-кезеңімен көбейту қаралды.
Оның ең төменгі мөлшері күнкөріс деңгейінің 54%-нан 70%-ына дейін, ал жоғары мөлшері 120%-ға дейін арттырылады.
Сондықтан
1) 2023 жылғы 1-қаңтарынан бастап бірінші және екінші буын зейнеткерлердің
* ең төменгі базалық зейнетақы мөлшерін күнкөріс деңгейінің 54%- 60% дейін артты. Бұл шара 2028 жылға дейін жалғасып, базалық зейнетақының көлемі 2022 жылмен салыстырғанда 1,5 есеге өсетін болады;
* зейнеткерлік жасына жеткен азаматтар үшін 1998 жылға дейін еңбек өтіліне сәйкес төленетін зейнетақының мөлшері 55 айлық есептік көрсеткішке тең келетін табыстың көлемінен (алдын 46 АЕК) есептеледі.
* нәтижесінде орташа зейнетақының мөлшері биыл 120 мың теңгеден асып, орташа еңбек ақының 50% (міндетті зейнетақы жарналарын төленген мөлшерінде есептелген) құрап отыр.
Бұл өзгерістер бүгінгі буын зейнеткерлері зейнетақы төлемдерінің негізгі бөлігін мемлекеттен алатынын және толық мемлекеттік қолдауда болатынын көрсетеді.
Үшіншісі – болашақ зейнеткерлер. Олар зейнетке 2038 жылдан кейін шығады. Бұл санаттағы азаматтар мемлекет тарапынан базалық зейнетақы және Бірыңғай жинақтаушы қорынан өздері жинақтаған қаржының есебінен зейнетақы алады.
Ал зейнетақысы өз жинақтары есебінен қалыптасатын болашақ зейнеткерлер үшін 2024 жылдың 1-қаңтарынан бастап жұмыс берушілер тарапынан қосымша зейнетақы жарналары енгізіледі.
Бұл жарна қолданыстағы заңда көзделген шартты жинақтаушы зейнетақы жүйесі үшін база қалыптастырады.
Осылайша, бұл топтағы азаматтар да зейнет жасына жеткенде қазіргі зейнеткерлер сияқты зейнетақының 3 түрін (мемлекет есебінен – базалық зейнетақы, жұмыс берушілер есебінен – шартты-жинақтаушы зейнетақы, өз жинақтары есебінен– жинақтаушы зейнетақы) алады.
Аталған шаралар азаматтарды лайықты зейнетақымен қамтуға мүмкіндік береді.
Бұдан бөлек, Кодекс жобасына өз активтерін басқару бойынша салымшылардың құқығын кеңейтуге қатысты өзгерістер енгізілді.
Енді азаматтар белгіленген жеткіліктілік шегінен асқан зейнетақы жинақтарын тек емделуге және тұрғын үй сатып алуға жұмсай алады.
Сондай-ақ салымшыларға зейнетақы жинақтарының 50 пайыздан аспайтын бөлігін активтерді басқару компаниясына беру және мұндай компанияны өздері таңдау құқығы беріледі.
Бұл ретте, мемлекет зейнетақы жинақтарының сақталуына кепілдікті жинақтың Ұлттық банк басқаратын бөлігіне ғана беретінін атап өткен жөн.
Ал жеке басқаруға берілетін зейнетақы жинақтарының сақталуына және оның табыстылығына салымшы таңдап алған компания жауапты болады.
Сондықтан әрбір салымшы басқару жөніндегі жеке компанияны таңдаған кезде ықтимал тәуекелдерді мұқият ескеруге тиіс.
Қорыта айтқанда, Әділетті Қазақстанды құру үшін әділ әлеуметтік саясат жүргізуіміз керек.
Әлеуметтік кодекс осы саясатты табысты жүзеге асыру жолындағы маңызды қадам болады.
З.З.Шаймерденова,
«Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік
корпорациясы» КеАҚ Қызылорда облысы
бойынша филиалы - Әлеуметтік қамсыздандыру
жөніндегі Қармақшы аудандық бөлімінің басшысы