Байланыстың бесінші буынына дайынбыз ба?
qarmaqshy-tany.kz Қазір жаңа технологиялар өмірімізге ешкімнен рұқсат сұрамай-ақ, лезде еніп жатыр. Жаһандану басталғалы бұл көштің қарқыны жылдам. Тіпті дамыған сыртқы елдер бұл дәуірдің әлдеқашан игілігін көруде. Айтып отырғанымыз 5G жылдам желісі. Ал еліміз бұл бесінші буынға қаншалықты дайын?
Жаңа инновациялық әлемге қадам басқан мобильді 5G қызметі 2009 жылы пайда болған 4G-дің ізбасары. Бұл жүйе төртінші буыннан мың есеге дейін жылдамырақ болмақ. Мамандар толық метражды фильмді желіден бірнеше секундтаақ жүктей алатынын және ап-анық әрі сапалы көре алатынын айтады. Байланыстың басты мақсаты – тек ойын-сауықты дамыту емес, бизнес үрдісінде жаңа кезеңнің туындауына есер етпек. Қарапайым тұтынушылар 5G желісінің жылдамдығын бірден қажет ете бермегенімен, жаңа технологияларды енгізгеннен кейін оған деген қажеттілік міндетті түрде пайда болатыны сөзсіз. Қазір әлемнің алпауыт мемлекеттерінің 5G байланыс жүйесін енгізудегі құлшыныстары жанталаса қарулану болып отыр. Себебі барша ғылым мен техниканың, инновацияның, жалпы экономикалық өркендеудің кілті осы бесінші буын желісінің табанының астында жатқанын мойындауда. Сондықтан елімізде бұл үрдісте көш соңында қалмауға тырысып, әлемнің озық технологиялы компанияларымен байланыстарды тереңдетуде қол қусырып отырған жоқ.
Үш жыл бұрын 5G желісі ел аумағында байланыстың инфрақұрылымдарын жүргізу жұмыстары аясында Астана, Алматы, Шымкент қалаларында қанатқақты жоба ретінде сыналды. Алайда 5G технологиясын енгіземіз деп алысқа қолымызды сермегенімізбен, еліміздің кейбір ауылдары әлі де байланыстың үшінші буынынан, яғни 3G-дан шыға алмай жүр. Ауылдықтар телефон арқылы жіберген сурет, бейнефайлдарын тез жүктей алмай, тіпті бір-бірімен анық сөйлесіп, дауыстарын анық ести алмай жүргені жасырын емес. Енді олар жаңа жүйенің игілігін көре ала ма деген сұрақ бар.
Осы жылы Алматыда Kcell Eurasian Mobile Summit 2023 ауқымды халықаралық конференциясы өтті. Онда басты тақырып – бизнестің өмірін өзгертетін 5G технологиясын енгізу мәселесі талқыланды. Телеком-конференцияда тарифтер, цифрлық білім беру және оның Қазақстанға пайдасы, қоғамның жаңа цифрлық әдеттері мен жасанды интеллекттің дамуы, әйелдердің IT саласында бизнес құру мүмкіндіктері жайы айтылды.
Қазақстанға енді ғана кіріп бейімделу кезеңінен өтіп жатқан 5G желісі – бұл тек деректерді жеткізудің жылдамдығы ғана емес, сонымен қатар алдағы уақытта ақылды қалаларды, автоматтандырылған өндірісті қуаттайтын болады. «Kcell» АҚ Басқарма төрағасы Асхат Өзбеков жиында тұрақты және жылдам өзгерістердің уақыты келгенін айтып, бастапқыда кезіккен қиындықтарға қарамастан 5G жақын болашақта мейнстримге айналатынын сөз етті. Сондайақ аса маңызды жобаны ірі қалалар мен облыс орталықтарында енгізу арқылы бизнестің жаңа түрлерін қалыптастыруға мүмкіндік туатынын жеткізді. 5G байланысымен қамтылған Астана, Алматы, Шымкент қалаларындағы жүздеген орындар қазірдің өзінде дәлел болып отыр. Бүгінде бұл облыс орталықтарында байланыс операторларының 800-ден астам 5G базалық стансасы орнатылған.
Жақында Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Әлихан Смайлов кеңес өткізіп, Мемлекет басшысының тапсырмасына сай республикалық маңызы бар қалалар мен облыс орталықтарында 5G желісін енгізу жұмыстарын 2025 жылдың соңына дейін аяқталуы тиіс екенін еске салды. Осыған байланысты Премьер-министр артық әкімшілік кедергілерді жедел жойып, халықты сапалы жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз ету қажет екенін баса айтты.
Ерсін СӘДУҰЛЫ