Жиен ел болмас, желке ас болмас...
qarmaqshy-tany.kz Қазір осы мәтелдің мағынасына көпшілігі үңіле бермей, қолдану жерін аңғара алмайтын болыпты. Қазақ жиенін сый тұтып, ұрғанның қолын қайыстырған ұлт. Себебі, қызын бесігінен әлпештеп, одан төрінен басқа орынға лайық көрмей құрметтегенінен туындаса керек. Мәселе, бұл мәтелдің түсінігіне сай негізі, жиеннің қандай түрінде болып отырғанында. Әйтпесе, құрметтеген жиен сыйлы күйде ел қатарынан қалайша шығып қалып, тексіздей текке кетеді?!
Тек демекші, әлбетте осы тектіліктің жіктігіне сызат түсті. Ол қалай десеңіз, қоғамда талай қара көзді қарындасымыз жолда жүріп жатыр кеңейтті. «Санасына берсін!» дер ата-анасының құр сөзбен немқұрайлы қарап, қыздың етегін қымтауды жазда жүріп желпілдеп, күзден өтіп қысқа қалдыруы. Қысқа көйлектен ұзын ақыл үміт етіп, ашық кеудеден таза жүрек күткен сорлы ата-ана санасына сенген тұста «қызым алдандыға» жұбату іздемек. Күліп жүріп күлге аунамағанын бәрі жақсы біледі. Аяқ ауырлығынан тағдырдың ауырлығын көтере алмаған қыз не түсік, не суицид, не басқа таңдауын жасамақ. Басқа таңдауы, сол баланы босанып, өзінің ата-анасына бақтырмақ. Қайтсін енді, шала жетімнің не кінәсі бар дейсің? Зинақордың баласын олардан басқа кім қойнына бассын? Осылайша оны, яғни жиенді бағып-қағып ел қатарына қосқан болады. Тіпті, тегі белгісізге тек беріп, фамилиясын иеленеді. Сол ауылда өсіп, сол руданмын деп жүрерлері де бар. Бұл атабаба ғұрпына да, шариғи заңға да оғаш. Біріншіден, салттық санада жеті атадан қыз алыспау, шежіреге қыз бен өзге рудан адамды қоспау ежелден келе жатқан заңдылық. Кейін басқа руданмын деп жүріп өзінің сүт бауыры, не қан бауырына үйленбесіне кім кепіл?
Екіншіден, шариғатта зинаның қан және сүт жағынан үйленудің харам болуы осы тектің асыл күйінде сақталуының кепілдігі үшін болып отыр. Хадисте асырап алған баланың ақылы кірген шағында тегінің кімнен екендігін айтуды бұйырған. Фиқһта басқа имам тұра зинадан туған, жамағатқа имам бола алмайтындығы айтылған. Осымен тектің тазалығына негізделіп, имам статусының жоғары қойылғандығы анық.
Қорытындылай келе, зинадан туған жиеннің елге денемен қосылса да рухымен қосыла алмайтындығы белгілі. Тегін білмейтіндігі және толыққанды отбасыдан жанашырлықпен толық тәлімтәрбие сусындамаған, мейірім иманнан дәм сезбеген тірі жетім, өсе келе басқа балалар көрген бақытты көре алмағаннан соң психикасында деффект пайда болары ықтимал. Ондай бала қоғамдағы орнын таппай, салауатты өмір салтынан ауытқи келе нашақорлық, ұрлық-қарлық, зорлық-зомбылыққа бейім келеді. Қазақ ел қатарына осындай сипаттағыны ешқашан қоспаған. Жиеннің осылай ел болмауы анасының арқасы десек те болар. Ол әжесіне келіп тірелмей қоймайды. Құрметті бауырлар! Алманың дәнінен ешқашан алмұрт өсіп шықпайды. Бұл Алланың «тек» деген нәрсенің асылдығын сақтағаны. Ақыл, сана бола тұра бүкіл табиғаттан үстем, адам бола, оның үстіне мұсылман бола тұра, тегімізге мұқият қарайық!
Қызды қырық үйден тыйып, ессізіне етек жинатып, зинақорлық, жасанды түсік, жетімнің мұңын, жалғыз басты ананың зарын тоқтатайық. «Тектілік үлгісіндей Зере әжеміз,
Құнанбайды дәретсіз емізбеген.
Атаның бойындағы тазалықтан,
Абай туған тектілік негізбенен» демекші, тектің тазалығы қашанда қай заман, қай өркениет болсын ұлы тұлғаларды әкелген.
Әбу Һурайрадан жеткен хадисте Пайғамбарымыз (с.а.у): «Мен қазіргі отбасымнан пайда болғанға дейін ғасырдан ғасырға адам баласының ұрпақтарының ішіндегі ең хайырлысынан (тазасынан) жіберілдім» (Бухари).
Әли ибн Әбу Толибтен: «Некеден дүниеге келдім. Зинадан дүниеге келгем жоқ. Адам атадан бастап әке-шешем дүниеге алып келгенге дейін надандық дәуірінің арсыздықтарынан ешнәрсе жұқпастан ата-анамнан дүниеге келдім» (Табарани).
Яғни хадисте Пайғамбарымыздың тегінің асылдығы Адам атаға дейін жалғасқандығы айтылған.
Тектілік, бұл – би, сұлтанның, тіпті бай әулеттен болу емес, ол – жергілікті салт бойынша некелескен ата-анадан өмірге келу. Осылай өмірге келген жиенге – «Жиен қалай ел болмасын жайлы болса, желке қалай ас болмасын майлы болса» деген мақал мәйегі дөп келгендей.
Жылқы екеш жылқы да қанын сақтаған, өз тұқымына шаппаған. Басымызға малдан төмен инстинкт көтеріп, қызылға тоқтап, жасылға жүргеніңнен не пайда?
Боқ көтерген боқтың қабы болмай адамдық асылын сақтау салт пен санаға да, қиын да, қайшы да, қалыс та емес ағайын. Ойланайық!
Рахат ҚОЖАНОВ,
«Қармақшы ата» мешітінің бас имамы