» » Делдалдың дегені бола бере ме немесе делдалдық та дерт

Делдалдың дегені бола бере ме немесе делдалдық та дерт

qarmaqshy-tany.kz Қазір бәрі қымбат. Арзан дүниені табу қиын. Бұл бүгінде көп адамның жиі айтатын сөзіне айналған. «Үйдегі көңіл күйді базардағы нарық бұзады» дегендей, қазір қара базардағы нарыққа шыққан өнімнің бастапқы бағасы мен саудадағы бағасын тіпті салыстыруға келмейді. Тек азық-түлік бағасында ғана емес, тұрғын үй мен көлік саудасында да шаруа делдалсыз шешілмейтін болған. Әрине, бұл тұста кәсіпкерлердің асығы алшысынан түсіп тұр. Осылайша өндіруші ұтылып, тұтынушы тұтылып, ал алыпсатар асап жатыр. Алайда қара халықтың қалтасын ойлап жатқан адам бар ма?! Зерделеп көрелік.
Иә, өзі түк өндірмей ауырдың үсті, жеңілдің астымен пайда табатындарды қазақ қоғамы да, ислам діні де құптаған емес. Ертеректе мұндай кәсіп ардан безгендерге тән қылық деп есептелетін. Кейін Тәуелсіздікпен бірге табалдырықтан аттаған нарықтық қатынас бұрынғы құндылықтың орнына жаңа түсінікті қалыптастыра бастады. Бұл қоғамда әлгінде айтқан «алыпсатар» ұғымы басқа кейіпке еніп, «епті» адам аталып жүр. Қазірде мұны жұмсартып «делдал», «саудагер» деп әспеттейтін жағдайға жеттік.
Жалпы «делдал» деп сатуға немесе сатып алуға көмектесуші, сатушы мен алушы тарапты табыстырушы адамды атайды. Бүгінде мұндай қызмет түрі дилер, маклер, брокер, агент деген атауларға ие. Дәл қазіргі уақытта қай қайсының да дегені болып «түкірігі жерге түспей» тұр.
Алыпсатардың қызметі мынадай. Айталық, делдал бірінші тараптан оң қолмен 150 теңгеден бір затты қабылдап алды делік. Оны екінші тарапқа сол қолмен 250 теңгеге өткізеді. Ал мұны сатып алған үшінші адам да үстіне баға қосып, нарыққа 300 теңгеден ұсынады. Еңбек өндірушінікі болғанымен, пайдасын делдал көреді. Бір зат қолдан-қолға өтіп бастапқы бағадан осылай бірнеше есеге өсе береді.
Делдалдың дәурені
Қалайда ақша тауып, баюды басты арманы санайтын дамыған елдерде делдалдыққа жол ашық. Десе де, оларда осы кәсіппен айналысатын адамдарға қандай да бір шектеулердің бар екенін де білеміз. Саланың өзіне тән заңы мен мәдениеті қалыптасқан. Ал бұл үрдіс бізге келгенде жабайыланып, шыға келгенін көріп жүрміз. Қайда барсаң да алдыңнан арсалаңдап шығады да тұрады. Жай ғана таксиге отырғыңыз келсе, әлдебір зат алу үшін базарға бас сұқсаңыз, жоқ әлде мемлекеттік қызмет алуға барсаңыз, сіз ең алдымен делдалға жолығасыз. Иненің көзінен өткендей «епті адамдар» қарсы алдыңыздан шығып, асты-үстіңізге түсіп, бәйек болады. Ақшасын артығымен беріп, қолын майлап жіберсеңіз, шаруаңызды тастай қатырып тындырып тастайды.
Біздің қоғамымызды жегідей жеген бірінші індет – жемқорлық десек, делдалдықты да соның қатарына қосуға болатын шығар. Себебі, елімізге, мемлекетке титімдей де пайдасын тигізбейтін, халықтың денесіне кенедей жабысып алып, қанын теспей соратын осындай сорақы құбылысқа тосқауыл қойылмай, баға да шарықтап, тұралаған қалпымыздан қашан алға жылжыр екенбіз?
Базар бағасы аспандап тұр
Алыпсатарлық нарықтағы тепе-теңдікті бұзып, қоғамда қымбатшылық туындатады. Кейбір алпауыт алыпсатарлар жеке бас пайдасы үшін талайды жарға жығуға бар. Өз мүддесін халықтың, қала берді мемлекеттің мүддесінен жоғары қояды. Нарықты билеп-төстеп, қолдан дағдарыс жасайды.
Азық-түлік бағаларының көтерілуіне алыпсатарлардың әрекеті көп әсер етіп жатқанын ашық айту қажет. Осының нәтижесінде өндірушіден шыққан тауарлар дүкенде 2-3 есеге дейін жоғары бағада сатылады. Мұндайда екінші тараптың яғни сауда-саттық саласындағы кәсіпкердің тауарға қосқан үстеме ақысы мен сауда орнын жалға алу құнына байланысты да баға көтеріледі.
Рас, қарапайым халықты қымбатшылық қысып барады. Азық-түліктің бағасы қалтаны қағып тұр. Базарға барып қажетті керек-жарақты алып, қала берді дүкендегі берешек қарыз бар, өлім-жітім мен той-томалаққа баратын ақшаны қосқанда бір айлық жалақыдан бір тиын да артылмайды. Ал жалақы мен зейнетақы көтерілді дегенше азықтүлік бағасы өздігінен аспандай беретіні айтпаса да түсінікті шығар. Сол себепті қарапайым халық ішер асын қарызға, не бөліп төлеуге алуға мәжбүр. Алайда жалақының жайы мәз емес. Жұмыс істемейтін жандардың жағдайы тіптен қиын. Ешқандай кіріс кірмейтін адамдардың күнделікті тіршілігін өзіңіз бағамдай беріңіз.
Ауадан ақша жасайды
Қазірде көп адамның осал тұсы – ақша. Ақшаны қыстыра қалса, қалай сылқ ете түскенін байқамай қалады. «Ақшаның артығы жоқ» деп өзін ақтап та алады. Сананы тұрмыс билегенде ақшаны қажеттілік деп қараймыз ғой. Бірақ ақшаға дәніккен бақшаға құныққаннан жаман болып тұр. Бақшаның пайдасы өніммен байланысты. Сәйкесінше тер төгетін еңбек те бар. Ал ақшаға құныққандар әмиянын әп-сәтте толтырып алғысы келеді. Біреулер – жеп жатыр, енді бірі – делдал, ал келесі бірі – ауадан ақша жасайды.
Осы орайда алып сатардың пікіріне де құлақ түріп көрдік.
– Үйде отырып сауда жасаймын. Қытайдан тауар алдырамын. Кейде Алматыдан алдыратын кездер де болады. Қытайда тауар расымен арзан. Бірақ мұнда салмақ дейтін дүние бар. Ебін тапқандар екі асап жатыр. Әйтсе де асаудың жөні осы екен деп құнығып кетуге болмас. Саудада бірге-бір деген түсінік бар ғой. Мен бұл бергі жағы ма деп қаламын. Себебі үлкен қалалардағы көтерме бағада сататын дүкенге бірде жолым түсті. Мектепке қажетті оқу құралдарын сататын дүкенге кірдім. Қораппен алғанда бір өшіргіштің бағасы 10 теңгеге түседі екен. Бұл ең арзан деген тауар түрі. Салыстырмалы түрде өзіміздің оқу-кеңсе құралдарын сататын дүкенге барып бағасын біліп, өзім де аңтаңмын. Әлгі өшіргіштің құны – 100 теңге. Сенесіз бе?! Енді 10 есеге бағаны сонша көтергені маған беймәлім. Дегенмен өзім жол шығыны мен азынаулақ көретін пайдама мәз боламын. Себебі сатып алушының қалтасына да қонымды. Менің де көңілім тоқ, – дейді есімін жасырып қалуды өтінген алыпсатардың бірі.
Қазір де ақша кім-кімге болсын керек екені түсінікті. Қажеттің жөні осы екен деп айды аспанға шығаруға болмайды ғой. Әрине, делдалдың пайдаға жұмыс істейтіні белгілі.
Өкінішке қарай біздің елде көп жерде осындай. Қолындағы затын сату үшін де, пойызға міну үшін де, пәтер жалдау үшін де делдалдың қызметіне жүгінуге мәжбүр. Мұның мемлекет қазынасына да еш пайдасы жоқ. Айналып келгенде қиналатын тағы да қарапайым халық.
Түйін Осыдан кейін өнімді өндірушіден гөрі арадағы делдал көп пайда таба ма деген ойға қалатыныңыз анық. Яғни саудада делдалдың дегені болып тұр. Бәрінен бұрын делдал байып, халық алақан жайып қалмаса болғаны. Өз қолымызды кеспеспіз-ау, бірақ халықты қанап, қалтасындағысын қашанғы қаға береміз?!
Ақнұр САҒЫНТАЙ
24 қазан 2023 ж. 441 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

№91 (10356)

16 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 262

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 361

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930