Көлеңкелі экономиканың кедергісі көп
qarmaqshy-tany.kz Бүгінде елімізде көлеңкелі экономиканың түрлері аз емес. Салық пен кедендік алымдардан жалтарудан бөлек қаржы пирамидасы, жалған шотфактура жасау, астыртын ойын бизнесі мен алкоголь цехы және тағы да басқа түрлері жетерлік. Бұлар қылмыстық жымқыруға жататын жалған кәсіп болса, одан бөлек өзін-өзі жұмыспен қамтығандар табысынан салық төлемейді.
Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты биылғы Жолдауында экономиканың тұрақты өсуі – салық саясатының түсінікті және болжауға болатындай етіп жүргізілуіне тікелей байланысты екенін атап өтті. Осыған сай биыл фискалды реттеу ісін қайта жаңғырту үшін жаңа Салық кодексі әзірленді. Енді ең түйткілді тұсы саналатын салықтық әкімшілендіру мәселесі түгел қайта жазылмақ.
Өткен аптада аудандық Мемлекеттік кірістер басқармасының басшысы Данияр Қосбергенов БАҚ өкілдерінің қатысуымен брифинг өткізді.
Мемлекеттік кірістер басқармасының негізгі міндеті – бюджеттің кіріс бөлігін қамтамасыз ету, салық төлеушілерге қолайлы жағдай жасай отырып, мемлекеттік қызметті сапалы және уақытылы көрсету, «көлеңкелі» экономиканы болдырмауға қызмет жасау, қоғамдағы салық мәдениетін көтеру.
– Қазір ақпараттық және инновациялық технологиялар жаңарған сайын салық жүйесіндегі бақылау мен әкімшілдендіруді жетілдіруге байланысты, бизнеске қолайлы, сапалы, мемлекеттік қызмет көрсету үшін, кірістер органдарымен жылма-жыл цифрландыру жұмыстары жүргізіліп, ұдайы жетілдірілуде. Өздеріңізге белгілі, қазіргі уақытта цифрландырудың дамыған заманы. Мемлекеттік кірістер комитеті тарапынан қызметті оңтайландыру бағытында әртүрлі пилоттық жобалар енгізілді. Бірнеше отандық өнімдер іске қосылып, кәсіпкерлер мен жалпы халық пайдалануда. Атап айтсақ, азаматтар үшін қолайлы «e-Salyq Азамат», бизнес өкілдері үшін «e-Salyq Бизнес», «Онлайн-БКМ», «Үш компонентті интеграцияланған жүйе», бөлшек салықтың арнаулы салық режимі іске қосылып жұмыс жасалуда, – дейді аудандық Мемлекеттік кірістер басқармасының басшысы.
Салық кодексінің 71-тарауына сәйкес e-Salyq Азамат мобильдік қосымшасы арқылы жалпыға бірдей декларациялау бойынша 250,00, немесе 270,00 нысанды салық есептілігін тапсыруға және жергілікті салықтар үшін есептеуге, төлеуге мүмкіншіліктер қарастырылған. Енді келер жылдан бастап жалпыға бірдей декларациялаудың 3-ші кезеңі бизнес өкілдеріне қатысты болмақ, яғни жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің басшылары, құрылтайшылары, дара кәсіпкерлер және олардың жұбайлары табыс ету міндеттеліп отыр.
Ал, e-Salyq бизнес мобильді қосымшасы арқылы да ешқайда бармай-ақ, жеке кәсіпкерлікті ашуға немесе жабуға мүмкіндік туады. Сонымен бірге, e-Salyq бизнес арнаулы мобилді қосымшаны оңайлатылған декларация негізінде арнаулы салық режимін қолданатын дара кәсіпкерлер жеке табыс салығы мен әлеуметтік төлемдерді есептеу, оларды төлеу және оңайлатылған декларацияны ұсыну бойынша салықтық міндеттемелерді орындау үшін пайдалана алады.
Жалпы ауданның бюджетіне қосымша кіріс көздерін іздестіру, салық базасын ұлғайту мақсатында басқармамен жыл басынан бері бірқатар жұмыстар атқарылған. Нәтижесінде осы жылдың 9 айында қосымша резерв түсімі 302 млн 668 мың теңгені құраған. Оның ішінде республикалық бюджет бойынша 97 млн 632 мың теңге, жергілікті бюджетке 205 млн 36 мың теңге қосымша түсім түсірілген. Былтырғы жылдың 9 айымен салыстырғанда 147 млн 250 мың теңгеге, яғни 195%-ға артық орындалған.
Басқарма тарапынан ауданда жүргізілген жоспардан тыс тақырыптық тексеру жұмыстары нәтижесінде биылғы жылдың 9 айында дара кәсіпкер ретінде тіркелместен заңсыз такси қызметімен айналысқан 5 жеке тұлғаға және тіркелместен алкоголь өнімдерін сатқан 1 адамға Қазақстан Республикасының «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексі бойынша 463-бабының 1-тармағына сәйкес әкімшілік хаттама толтырылып, сот шешімімен барлығы 217,3 мың теңге айыппұл салынып, толық өндірілген. Ал, 2 дара кәсіпкерден темекі өнімдеріне есепке алу-бақылау таңбалары жоғы анықталып, Қазақстан Республикасының «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексі бойынша 283-бабының 2-тармағына сәйкес әкімшілік хаттама толтырылған. Іс-құжаттары аудандық сотқа жолданып, нәтижесінде 724,5 мың теңге айыппұл салынған.
Алдағы уақытта да жеке кәсіпкер ретінде тіркелместен заңсыз айналысып жүрген тұлғаларды анықтау мақсатында жоспардан тыс тақырыптық тексеру жүргізілмек.
Ерсін ӘЛІБАЙ