Жер мәселесі – басты назарда
qarmaqshy-tany.kz Аудан прокуратурасымен ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді жер пайдаланушыларға беру және оларды мақсатына сай пайдалану заңдылығына тұрақты түрде талдау жүргізілуде.
Қазақстан Республикасының «Жайылымдар туралы» 20.02.2017 жылғы Заңына сәйкес, екі жыл бойы жайылымдарда жаю үшін ауыл шаруашылығы жануарлары болмаған не олардың саны жайылымдардың жалпы алаңына түсетін жүктеменің шекті рұқсат етілетін нормасының жиырма пайызынан аз болған және (немесе) жемшөп дайындау мақсатында шөп шабу болмаған жағдайда, жер учаскелері Қазақстан Республикасының жер заңнамасында көзделген тәртіппен алып қоюға жатады.
Қазақстан Республикасы Жер Кодексінің 92-бабының 3-тармағына сәйкес, шаруа немесе фермер қожалығын, ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізуге арналған жер учаскесі пайдаланбау фактісі алғаш рет анықталған кезден бастап қатарынан екі жыл бойы мақсатқа сай пайдаланылмаған жағдайларда мұндай жер учаскесi осы Кодекстiң 94-бабында көзделген тәртiппен мәжбүрлеп алып қоюға жатады.
Осы Кодекстің 92-бабы 4-тармағында шаруа немесе фермер қожалығын, ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін берілген жер учаскесін мақсаты бойынша пайдаланбау жағдайларына жайылымдарда – жаю үшін ауыл шаруашылығы жануарларының болмауы не олардың саны агроөнеркәсіптік кешенді дамыту саласындағы уәкілетті орган белгілеген жайылымдардың жалпы алаңына түсетін жүктеменің шекті рұқсат етілетін нормасының жиырма пайызынан аз болуы және (немесе) жемшөп дайындау мақсатында шөп шабудың болмауы жататыны көрсетілген.
Алайда аудандағы жекелеген тұлғалар тарапынан жер учаскесін заңнама талаптарын бұзу немесе ауыл шаруашылығы мақсатына сай пайдаланбау деректері орын алуда (жер учаскелерін тиісті тәртіппен өз аттарына әділет органдарында тіркемеу, мақсатына сай жерді игермеу, аудандық жергілікті атқарушы органмен жалға алу шарттарын жасамай және т.б.).
Орын алған заң бұзушылықтар бойынша аудан прокуратурасымен 2022 жылы заң бұзушылықтарды жою мақсатында екі прокурорлық қадағалау актісі енгізіліп, қадастрлық кұны 20 миллион 493 мың 800 теңгені құрайтын көлемі 13 257 га 13 жер учаскесі мемлекетке қайтарылды.
Құрметті аудан тұрғындары! Сіздерді жер учаскесін заңнама талаптарына сай және нысаналы мақсаты бойынша пайдалануға шақырамыз.
С.АБДУЛҒАЗИЗ,
Қармақшы ауданы прокуратурасының аға прокуроры