Баға жетпес мұра
qarmaqshy-tany.kz Тіл байлығы – әрбір елдің ұлттық мақтанышы. Ол атадан балаға мирас болып қалып отыратын баға жетпес мұра. Демек, әр адам ана тілін көзінің қарашығындай қорғауы тиіс. Тіл қай ұлтта, қай елде болса да қастерлі, құдіретті. Ол әрбір адамның бойына ана сүтімен бірге еніп қалыптасады.
Қазақстан Республикасының тiл туралы заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негiзделедi, осы Заңнан, тiлдердi қолдануға және дамытуға қатысты Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық актiлерiнен тұрады. Заңнама Қазақстан Республикасының азаматтарына, онда тұрақты тұратын шетелдiктерге және азаматтығы жоқ адамдарға қолданылады. Мемлекеттiк, мемлекеттiк емес ұйымдар мен жергiлiктi өзiнөзi басқару органдарының қызметiнде тiлдердi қолдануға байланысты туындайтын қоғамдық қатынастарды реттейді.
Қазақстан Республикасының мемлекеттiк тiлi – қазақ тiлi. Ол Қазақстан Республикасы мемлекеттiк органдарының, ұйымдарының және жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарының жұмыс және iс қағаздарын жүргiзу тiлi болып табылады, орыс тiлi ресми түрде қазақ тiлiмен тең қолданылады.
Азаматының ана тiлiн қолдануына, қарым-қатынас, тәрбие, оқу және шығармашылық тiлiн еркiн таңдауына құқығы бар.
Тіл туралы заңнаманың 11-бабына сәйкес, Азаматтардың өтiнiштерiне қайтарылатын жауап тiлi – мемлекеттiк және мемлекеттiк емес ұйымдардың азаматтардың өтiнiштерi мен басқа да құжаттарға қайтаратын жауаптары мемлекеттiк тiлде немесе өтiнiш жасалған тiлде берiледi. Осы заңның 13-бабына сәйкес, «Сот iсiн жүргiзу тiлi» Қазақстан Республикасында сот iсi мемлекеттiк тiлде жүргiзiледi, ал, қажет болған жағдайда, сот iсiн жүргiзуде орыс тiлi немесе басқа тiлдер мемлекеттiк тiлмен тең қолданылады.
Мемлекеттiк тiлдi меңгеру – Қазақстан Республикасының әрбiр азаматының парызы болып табылады.
С.ҚОЖАБАЕВ,
аудандық соты әкімшісінің бас маманы,
сот отырысының хатшысы