Қай салада маман тапшы?
Аңғарсақ, қай кезде де болмасын өндірістен хабары бар маманға сұраныс кеміген емес. Рас, қазір өнеркәсіп мейлінше жаңа технологияларды енгізуге тырысады. Әйткенмен, сол құрылғыларды адам басқарады ғой. Өндіріс саласының мамандарына сұраныс алпауыт компаниялар шоғырланған өңірлерде байқалады. Онда жұмыс істеуге ниеттілерге ұсынылатын жалақы да тәуір. Бірақ дәп сол саланың маманы өзге аймақтарда аз жалақыны қанағат тұтып жүруі әбден мүмкін. Мұндайда қос тарап, яғни жұмыс беруші мен сала маманы электронды еңбек биржасының көмегіне жүгінуіне болады. Электронды платформаның артықшылығы осы. Еңбек ресурстарын дамыту орталығы стратегия басқармасының бас сарапшысы Мадияр Алдияровтың айтуынша, еңбек нарығында кейінгі айларда мұғалімдерге сұраныс жоғары болып тұр.
– Электронды еңбек биржасындағы мәліметтерге сүйенер болсақ, кейінгі айларда мектеп мұғалімдеріне сұраныс күрт көбейгенін байқаймыз. Әсіресе математика, жаратылыстану бағытында сабақ беретін мұғалімдер қажет. Оның бірден-бір себебін жаңа оқу жылының басталуымен байланыстырамыз. Бұл статистикаға мектеп табалдырығын аттаған оқушылардың саны да әсер етеді. Айта берсек, тағысын-тағы бірнеше фактор бар. Кейінгі айларға көз жүгіртсек, электронды еңбек биржасында мектеп мұғалімдеріне 18 мың бос жұмыс орны қалыптасыпты. Өндіріс, қызмет көрсету саласындағы мамандарға да сұраныс жоғары. Бұл бағытта әуелі байланыс операторларына, дәнекерлеуші, тігінші, көлік жөндеу желілеріне мамандар қажет екенін еске саламыз. Әрине, еңбек нарығында белгілі бір мамандықтарға сұраныс күрт артқан соң, оның орны ә дегеннен тола қоймайды. Біз мұны ай сайын министрлікке ұсынып отырған ақпараттардан аңғардық. Негізі, еңбек биржасында жұмыс іздеп жүрген мұғалімдердің де түйіндемелері көп. Алайда олардың басым көпшілігі – гуманитарлық бағытты таңдағандар. Ал гуманитарлық пәндердің ішінде қазір ағылшын тілі пәнінің мұғалімдеріне сұраныс жоғары болып тұр, – дейді М.Алдияров.
Елде қызмет көрсету, білім саласымен қатар өнеркәсіпте маман тапшылығы байқалатынын білдік. Тақырыпты қаузаған соң, қалыптасқан жағдайдың себеп-салдарына да үңілгенді жөн көрдік. Математика, жаратылыстану бағытында мұғалім тапшылығы көбіне өңірлерде байқалады. Мұның бір себебі – математика пәнін екінің-бірі таңдай бермейді. Сосын математикада білімі, машығы бар мамандар басқа да салаларда еңбек етуден қашпайды. Біз білсек, бұл бүгін ғана туындап отырған мәселе емес. Әсіресе шалғай ауылдарда мұғалім бұрыннан тапшы. Нақ қазір электронды еңбек биржасында мұғалімге бос жұмыс орындарының қалыптасуы, түйіндемелердің артуы маусымдық сипатқа ие. Шілде, тамызда білім саласында сұраныс пен ұсыныс қалыптасса, күн жылына бастаған шақта ауыл шаруашылығы мамандарын іздейтіндер көбейеді. Сол секілді көктемде құрылыстан хабары бар жұмысшылар қажет болды. Жұмысшылардың жалақысы әр өңір, қаланың әлеуметтік-экономикалық жағдайына қарай қалыптасатынын білеміз. Сәйкесінше, ауылдан қалаға тек жұмыс үшін баратын жас көп. Мысалы, педагог-психолог мамандығы бойынша білімі бар Ерболат Өсербаев таңдаған мамандығын шетке ысырып, басқа салада бағын сынап көруге оқталған.
– Осыдан төрт жыл бұрын ауылдан Атырауға жол тарттым. Бағыма қарай, ірі мұнай компанияларының біріне асханаға жұмысқа орналастым. Сонда азды-көпті төрт жылға жуық еңбек еттім. Еңбегіме қарай көп ұзамай асханаға жауапты болдым. Мұнайлы өлкеде бір ай жұмыс істеп, бір ай демалатынмын. Вахталық жұмыстың талабы – солай. Табысы да жоғары. Демалыста да «екі қолға бір күрек» табыла кететін. Қазір қарап отырсам, менімен бірге педагог-психолог мамандығы бойынша білім алған қатарластарымның басым көпшілігі басқа салада шыңдалып жүр. Себебі белгілі, жұмыс жоқ. Жұмыс жоқ екен деп қол қусырып отыруға болмайды ғой. Басқа салаға бет бұрғаныма еш өкінбеймін. Қазір өзімді қызмет көрсету саласында біраз шыңдай түсу үшін Атыраудағы жұмыстан шығып, Астанаға келдім. Салада тәжірибем болған соң жұмыс бірден табыла кетті. Енді осы бағытта шыңдала түсуге ниеттеніп отырмын, – дейді ол.
Сарапшылардың пайымдауынша, келешекте аналитикалық талдау жасай алатын, білігі жоғары маманға сұраныс болады. Себебі Үкімет те өмір бойы білім алу, мамандардың дағдысын көтеру концепциясын алға тартып отыр. Яғни мұнда кез келген маман жыл сайын өзінің білімін жетілдіріп отырғаны маңызды. Әрине, алысқа көз тастасақ, болашақта жасанды интеллектінің дамуы еңбек нарығына әсер етуі мүмкін. Бұл дегеніңіз білікті маман осындай кедергілерге дайын болып, машықталуы қажет дегенді ұқтырады. Есте болса, алғаш компьютер пайда болған тұста сарапшылардың араға 10-20 жыл салып барлық саланың мамандары ғаламторды пайдаланады дегеніне сену қиын болды. Қазір ше, компьютерді жас-кәрі тегіс біледі. Тіпті ел-жұрт мемлекеттік қызметке жүгіну үшін табанынан таусылып мекеме кезбейді.
Ұлттық статистика бюросының дерегіне сүйенсек, елде жұмыс күшінің үлесі – 68,8 пайыз. Бұл көрсеткішті былтырмен салыстырғанда бәлендей өзгеріс байқалмайды. Сонымен қатар еңбекке жарамды жастардың үлесі – 69 пайыз (3,7 млн адам). Былтырмен салыстырар болсақ, мұнда да өзгеріс жоқ. Дегенмен еңбекке араласқан жастардың үлесі былтырға қарағанда 1 пайызға өскен.
Әлеуметтанушы Бақыт Әлмұратовтың пікірі де Еңбек ресурстарын дамыту орталығы стратегия басқармасының бас сарапшысы ұсынған статистикамен ұштасады.
– Үкімет білім саласына ерекше көңіл бөліп отыр. Мұғалімдердің жалақысы өсті. Әрі былтыр Президент Жолдауда «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы туралы айтты. Елде демографиялық өсім байқалады. Осыдан келіп қоғамда мұғалім тапшылығы байқалады. Әсіресе математика, физика, жаратылыстану бағытында білімі бар педагогтерге сұраныс жоғары. Әрине, жергілікті әкімдіктер де педагогикалық мамандықтарға грант қарастыратынын жоққа шығара алмаймыз. Жыл сайын мемлекеттік тапсырыс шеңберінде тағайындалатын гранттарда техникалық мамандар, инженер, технологтер қамтылады. Бірақ оларға да сұраныс азаймай тұр. Бұл қатарға су шаруашылығы мамандарын қосамыз. Жоғарыда атаған және өзге де техникалық мамандықта білім алған жастар ертең қайда барып жұмыс істейтінін білмейді. Елде өндіріс орындары аз. Жалақы төмен. Біз мейлінше жастардың ғылыммен айналысуына жол ашуымыз қажет деп ойлаймын. Себебі еліміз ғылыми патент алу жағынан 39-орында болғанымен, оны өндіріске енгізуде 80-орында, – дейді Б. Әлмұратов.
Әрине, өндіріс орындары барда техникалық мамандықты меңгерген жастар әрдайым қоғамға қажет. Ал кейінгі кездегі суға қатысты туындаған мәселелердің бір шетінде елде су шаруашылығынан хабары бар мамандардың тапшылығы айтылады. Себебі зерделеу жұмыстарынан кейін сушылардың жалақысы аз екені белгілі болды. Әлеуметтанушы орайы келгенде бастауыш сынып оқушылары арасында жүргізген сауалдамаға тоқталды.
– Біз бір мектептің бастауыш сынып оқушыларына «Сіз болашақта қай саланың маманы болғыңыз келеді?» деген ортақ сұрақ қойдық. Ғарышкер боламын дейтін бірде-бір бала жоқ. Инженер, дәрігер, полицей, мұғалім болуды армандайтындар санаулы. Қызығы, балдырғандардың арасында «тик-токер» боламын дегендер кездеседі. «Неге?» десек, «оларда ақша көп» деп жауап береді. Төртінші сынып оқушысының көзқарасы осындай. Біздіңше, өңірлерде кәсіпорындар көптеп ашылса, мемлекеттік грантта білім алған студенттердің арасында жұмыспен қамтылғандардың үлесі көбейер еді. Шыны керек, грантта оқыса да өзінің келешекте қайда жұмыс істейтінін білмейтін жастар бар. Жастардың зейінін мейлінше ғылымға бұруымыз керек. Мұны қоғам да жақсы біліп отыр. Ойымды түйіндейтін болсам, жас маман қай саланы меңгерсе де білікті, бәсекеге қабілетті болса, әркез бәсі жоғары болады, деп пікірін толықтырды ол.
Қайбір жылдары заңгер, экономистерге сұраныс артып, сол мамандықта оқуды көксейтіндер көбейді. Қазір заңгер, экономист жетерлік. Алайда жұмыс ұсынатындардың қай-қайсысы да білікті экономисті, білікті есепші, заңгерді, жалпы, қай салада болсын тәжірибесі толысқан маман іздейді. Ендеше, білім саласындағы реформалар келешекте сапалы маман даярлауға септеседі деген сенімдеміз.