» » Өз ісінің білікті мамандары

Өз ісінің білікті мамандары

Пошта дегенді естігенде хат жіберіп, хат қабылдап алатын маманның қызметі көз алдымызға елестейтіні рас. Беріге дейін айшылық алыс жерлерден ағайынның сәлемдемесін жеткізіп, хабар алуда пошта қызметі үлкен маңызға ие болды. Қазір ақпараттық ағым ауысып жатқан тұста Қазпоштаның қызметі басқаша сипат алып, ұсынатын қызметі де заманауи тәсілмен толыққан.

Конвертке салынған хат пен қорап-қорап тапсырысты қабылдап, оны әрі қарай тиісті мекен-жайға жолдап отыруда Нұрболат Исабекұлы мен Нұргүл Батырханқызының қызметі зор. Ерлі-зайыптылардың аудандағы пошта байланыс торабында үздіксіз қызмет істеп келе жатқанына көп жыл жуықтаған. Қазақстанның әр аймағынан келген түрлі хаттар мен газет-жорналдар алдымен Нұрболаттың алдында сұрыпталады. Оларды жік-жігіне бөліп, таратушыларға үйлестіру міндеттелген.

– Өзіме жүктелген жұмыс қауырт басталады. Азанда ерте пойызбен келген заттарды қабылдап алып, сұрыптаймын. Үйілген хаттар мен ұсақ қорапшалардың әрқайсысын компьютерге базаға тіркеп, кент ішіндегі өзіміздің бөлімшелерге, таратушыларға және операторға бөліп жіберемін. Одан кейін әрі қарай мамандардың жұмысымен тиісті мекен-жайға жетіп отырады, – дейді ол.

Ал Нұргүл мұнда оператор маман. Ол халыққа әртүрлі сала бойынша қызмет түрін көрсетеді. Келген адамның несиесін қабылдайды, ішке келген хат немесе заттарды өз иелеріне таратып, басқа мекен-жайға жіберетін хат болса алып қалып отырады. Одан бөлек пошта арқылы алатын зейнеткерлердің зейнетақысын берсе, жеке кәсіпкерлерге де қызмет көрсетеді.

Ерлі-зайыптылар бір салада жүріп қызмет істегеннің оң әсері мен пайдасын барын алға тартады. Көп жағдайда жұмыс барысында бір-біріне көмектесіп, үлгере алмаған тұстарында қолдау білдіріп отыратынын айтады. Сонымен қатар бірге болғанның жақсы жағы үйде де, қызметте де артық реніш болмайды дейді олар.

– Маған қарағанда жолдасымның қызметі физикалық жағынан салмағы басым. Азанда ерте тұрып пойыздан зат күтіп алып, ішке әкеледі. Оны сұрыптап жіберудің өзі үлкен процес. Кейде келесі пойыздың уақытына үлгеру керек болған кезде орнына қалып, жұмысын тоқтатпай жалғастырамын. Әріптестер арасында отырыс, жиын болса бара алмағанымыз қалып, барғанымыз орнымызды жоқтатпаймыз. Ал отбасында балаларымызға қамқор әке-анамыз. Алты баламыз бар. Оларды қатарынан қалдырмай тәрбиелеп өсіріп, бар мейірімізді төгудеміз. Үйімізде көбіне әкенің тәрбиесі жоғары тұрады. Ананың көңілі, жүрегі қашанда жұмсақ қой. Балаларым бір жерге барғысы келсе, болмаса керек зат сұраса «Бірінші әкелеріңнен сұраңдар, рұқсатын алыңдар» деп отырамын. Бізді кезінде ата-анамыз ешкімнің ала жібін аттамауды, үлкенді сыйлауды үйреткен. Қазір сол тәрбиені балаларымыздың бойына сіңіріп келеміз, – дейді отанасы Нұргүл.        

Ерсін СӘДУҰЛЫ

09 қыркүйек 2023 ж. 676 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№82 (10347)

15 қазан 2024 ж.

№81 (10346)

12 қазан 2024 ж.

№80 (10345)

08 қазан 2024 ж.

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 2 370

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031