» » Әзіл сөздің зергері

Әзіл сөздің зергері

qarmaqshy-tany.kz Сыр еліндегі көңілі дарқан, тумысы бөлек, пейіл-парасаты кең, тегі мықты, өзгелерде бола бермейтін, тек өзіне ғана әзіл айту мәнері жарасатын, басқаларға бұйыра бермейтін өзіндік тәубесі, шүкіршілігі, қанағатшылдығы, ой-өлшемі бар, шындықтың бетіне тура қарап, күлтектемей сөйлейтін және ешкімнің көңіліне тие бермейтін тұшымды, тұжырымды әңгіме айтып, сол айтылып отырған мәселенің мешеніне дәлдеп атылған оқтай дөп қадалып тиетін әзіл-қалжыңдары бөлек, ой өлшемі ерен, әр сөзінің әрі мен нәрі терең, еліне ұйытқы, жұртына қалқан болған ағамыздың бірі – Қаһарман Табынбаев болатын.
Көненің көзі, заман қанша өзгеріп, сол қоғамдағы адамдардың мінезі, адами болмысы өзгергенмен сырт сипатын жоғалтпаған, жан дүниесіндегі тазалықты, имандылықты ызғырыққа да, аз күндік жылымыққа да тонатпаған, абыройлы ағамыздың өткен жолына, кешкен өміріне көз салсаңыз, көп нәрсе жібек жіптей суырылып өте береді. Ол жарды жесір, баланы жетім етіп, миллиондаған адамның өмірін қиған сұрапыл соғыстың тылдағы азабы мен тозағын қарғадайынан көріп өссе, әкесі Тоғызбай ақсақал ел ішінде беделді, арғы бергі тарихты жақсы білетін, есте жоқ ескі заманның естеліктерін айтып отыратын, ата-бабаларының басынан кешкен небір кезең, оқиғалардан хабары көп, зерделі, шежіре кісі болғаны бала кезімде үлкендерден естіген әңгімелерден есімде қалыпты.
Сондай қасиет Қахаңның да бойынан табылатындығына қол астында жұмыс жасап, қызметтес болған кезеңдерде көзім жеткен еді. Ата салтын келешек ұрпаққа танытқан бітім тұлғасы бөлек, қадау бәйтеректей еңсесі биік, сол кездегі заман керуенінің бетін жақсылықтың, сыйластықтың ауылына бұрып, өз тұстастарына, әріптестеріне кісілік келбеті, ақ көңілі арқылы сыйлы болып, өзгеде бола бермейтін тапқыр әзілімен халық ойынан шыға білген, мінезі жарасымды, от жалыны аузында болғанмен, артында зілі жоқ, кішіпейіл, парасаты мол қарым-қатынасымен құрметті болған оның жастарға үлгі болып, халқына, еліне кіршіксіз қызмет ету абыройына ие болған ағамыз екенін айту біздің парызымыз.
Әр адамның бірден бәрін көріп-біліп, өмірге бірден келіп, араласып кетпегені белгілі. Олай болса, мен де студенттік кезең мен оқу бітіріп жаңа қызметке орналасып, өз әлімізше сатылап өсіп, аудан көлеміндегі басшылық жұмыстарында болған тұста да, тіпті қазіргі күнге дейін аралас-құралас жүрген жолдас-жораң, қызметтес болған әріптестерің, ағайын-туыстарыңнан, ең бастысы өзіңнен жасы да, лауазымы да үлкен ағалардан үйренуге бағыт алып, алдыңа қарайтының жасырын емес. Өмір мектебі деген соңғы демің таусылғанша үйрете беретін қазына екенін айтпай кете алмаймыз. Бір кезде өзіңе өмір мектебі болған, ұстаз болған аяулы ағаларың, замандастарың туралы әңгімелегің келгенде жастық шағыңа оралмай тұра алмайды екенсің.
Өткен ғасырдың 60-шы жылдары өз тарихында нені көріп, нені өткізбеген. Комсомолдың үлкен мектебінің тарихи орны бар киелі табалдырығынан аттаған Қаһарман Табынбаев ағамыз да өзінің өмір мектебін комсомолдан бастап, Қармақшы аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы болып жемісті жұмыс атқарған. Сол кезеңдерден кейін араға 20 жыл салып, ол Қармақшы аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болып қызмет атқарды. Жаратылысынан іскер, қолға алған жұмысына адал, ұйымдастырушылық қабілеті мол Қаһарман Табынбаевтың Жалағаш ауданында аудандық партия комитетінің екінші хатшысы, облыстық партия комитеті ауыл шаруашылық бөлімінің бастығы, Қазалы аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы қызметтерін атқарған, тәжірибелі басшы екенін білетінбіз.
Жоғарыда айтқанымыздай, өмірде, еңбекте жақын араласа жүріп, Қаһаңның әзілмен безбендеп әңгіме айтуы, «Жақсыда – жаттық жоқ» дегендей, ешкімді бөлмей-жармай, бәрін дос, бәрін бауыр санап, елдің бәріне болсын, деп жұмыс жасаған кезеңдері көз алдымызда. Бүгінде өткен күннің бәрі елес секілді. Ойланып, өткенге көз жіберсек, тарих өз парақтарын аша бастайды. Қандай қызметте жүрсе де биіктен көрінетін Қаһаң Қармақшы ауданын басқарған жылдары аудан экономикасы мен мәдениетінің өсу жылдары болды. Аудан бірнеше рет Бүкілодақтық жарыстың жеңімпазы болып, абырой биігінен көрінді. Сол жылдары ауданда 160 мыңға жуық қой, 21 мың ірі қара болып, онан өндіретін өнім түрлері көбейді. Мал бордақылау алаңдары қайтарымды жұмыстар атқарды. Оған қоса, аудан халқының әлеуметтік жағдайын арттыру барысында бірнеше мектептер мен бала-бақшалар, кітапханалар бой көтерді. Кент орталығында бірнеше көшелерге асфальттар төселіп, халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету үшін әр шаруашылықтан кірпіш зауыттары салынып, жұмыс істеді. Сырдария жағасындағы балалар демалатын сәнді де салтанатты пионер лагері шаруашылық әдіспен салынып, пайдалануға берілді.
Қолға алған ісіне жауапкершілікпен қарау, өзіне де, өзгеге де талап қоя білу, әріптестері мен қызметтестеріне деген адалдық пен әділдік Қаһаңның қоғамдағы орнын әрдайым биікке көтеріп, оның Қызылорда облысының бірнеше ауыл шаруашылық аудандарында бірінші басшы болған ағамыз екенін мақтан тұтамыз. Ер жігіттің бағының ашылып, халық алдындағы беделінің артуы құдай қосып, таңдап алған жарына байланысты екенін бізден бұрынғы бабалар айтып кеткен ғой. Осы қырынан келгенде ағамыз нағыз бақытты адам деп айтуға болады. Қаһаңның осындай қызметте, ортасында беделінің артуына құдай қосқан қосағы атақты Жиенбай жыраудың бел баласы Рүстембектің қызы Ерші апамыздың үлесі зор десек артық айтқандық болмас.
Ел ағасы Қармақшы ауданына басшылық жасаған тұста күріш егісінің көлемі ұлғайып, мал басы өз төлі есебінен өсуі еселей артты. Ауданда ет, сүт, жүн өндірудің қарқыны молая түсті. «Ұстазы мықтының – ұстанымы мықты» демекші, республикаға белгілі Сыр бойының ардақты азаматы, ақсақалы болған Исатай Әбдікәрімовтің шәкірті ретінде Қаһаң ол кісі туралы өте жақсы әңгімелер айтып, «Елге танылған азамат болуыма, Сыр бойының үш ауданын басқарып, абыройлы жұмыс атқарып, ат арқасында жүруіме үлкен қамқоршы болды» деп сағынышпен еске алып отыратын.
Ғұмырының 45 жылын партия жұмысына арнаған, елдің ақсақалы болған ұстазымыз Қаһарман ағамыздың айтқан ақылы, көрсеткен үлгі-өнегесі көкірегімізде сайрап тұр. Тағы да бір қосарымыз, ол жұмыс барысында өте талапшыл, қарамағындағылардан да соны талап ететін. Жақсының соңынан қашанда жақсы әңгіме, салиқалы пікір қалады. Ол ешқашан тура жолдан таймаған, кішіпейіл, тәжірибелі маман, іскер басшы ретінде ерекшеленді.
Иә, «өмірге келмек барда, өтпек бар» деген. Кешегі тұлғасы таудай, азамат ағамыз өзі ортамызда болмаса да, ауданға сіңірген еңбегі, қалдырған қолтаңбасы аға буын өкілдерінің көкірегінде сайрап тұр. Ерші апамыз да өмірден өткен. «Жақсының аты қалады» дегендей, Қаһаң туралы көп айта беруге болар. Бірақ біз оның қызмет еткен жылдардағы көзбен көргенімізді ғана қағаз бетіне түсіруге тырыстық.
Нұртілеу САЛЫҚОВ,
Қармақшы ауданының Құрметті азаматы
15 тамыз 2023 ж. 431 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№94 (10359)

26 қараша 2024 ж.

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 312

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 411

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930