Бала тілі неге дұрыс шықпайды?
qarmaqshy-tany.kz Кішкентай бала көрсек оны сөйлеткенді жақсы көріп тұрамыз. Былдырлаған тәптәтті сөзін қызықтап, ананы-мынаны сұраймыз. Талпынған бала әріптерден сөз құрап сұрағаныңа жауап береді не болмаса үндемейді. Жақында танысымыздың үйінде қонақ болып, қызық жағдайға тап болдық. Төрттен асқан баласы түсініксіз тілде сөйлеп, әкесінен бірдеңе сұрап жүр. Оған түсінбеген біз қызықтап аудармасын сұрадық. Сөйтсек, қазақшаға тілі дамымапты. Бірақ шетел тілінің үш әрпін құрап «Yes», «No» деп сайрап жүр. Қысқасы сол баяғы смартфон кеселі.
Қазір қоғамда логопед-дефектолог іздеген отбасы көп. Баласын ойлаған жұрттың уайымы – ұрпағы. Себебі, бала тілі бал болмай тұр. Мінберден түспейтін осынау мәселенің ушығып тұрғанын сұраныстан-ақ аңғаруға болады. Әлеуметтік желіні ашсаңыз «Мықты логопед керек» немесе «Тәжірибелі логопедке жүгініңіз» деген жарнамадан көз сүрінеді. Соған қарағанда бала тілінің мүкістігі де әбден індеттеген сыңайлы. Бұл жайға не түрткі?
Баяғыда үлкендер тілі былдырлай шыққан баласын ортаға алып, әлек болушы еді. Қазір үш әріпті біріктіріп, төл әріпті кіріктіріп сөйлейтін бала көп. Кейбірі сөйлемейді. Сөйлемейді дегенде, олармен тіл табысу қиын. Кей бала төл тілінде сөйлемей, ағылшынша санамақ айтып, тіпті сайрап жүр. Осы жағдайдың жөнін білмекке мамандардан сұрағанымызда олар баланың уақытында сөйлемеуі немесе тілінің мүкістенуіне бірнеше себеп барын алға тартады. Ананың жүкті кезіндегі денсаулығы маңызды рөл ойнайды. Жүкті әйел дұрыс күтінбесе, оған жағдай жасалмаса шаранаға қауіп дейді.
Бұрынғы жұрт тілі мүкіс баласының сөйлеп кетуі үшін жоралғы жасаған. Нағашысынан мал ұрлап әкеліп, оның ішегімен буындырған. Бұл сол кездегі тіл шығарудың амалы. Одан бөлек, қазекем бала тәрбиесіне көп мән берген. Баба салтында балабақша деген атымен болмаған. Нағыз балабақша – әжелеріміз болған. Ал қазіргі атаананың қызығы – балаларға тәлім беруден гөрі телехикая тамашалап, жанжалдасқан бағдарлама көруден басталады. Осы ретте мамандар әкешеше мен бала арасында байланыс азайған, екі тарап сөйлеспейді. Есесіне қалта телефон беріп, бала тыныш отырса болды, дейтін ата-ана көп екенін айтады.
Жалпы бала кішкентай кезінен сұрақ қойғыш келеді. Ал ата-ана соған лайық жауапты дұрыс берген ләзім. Бала сұрағына толық жауап ала алмаса оны басқа маңнан іздейді. Сана дейтін тостағын басқа жерден толтырады. Мәселен, ғаламтордан. Қазір бесіктен белі шықпаған бүлдіршін смартфонға ауыз салған. Керегін өзі-ақ іздеп табады. Ол қазақша ма, шетел тілінде ме бастапқыда мән бермейді. Балалар қанық түсті әрі жылдам, тартымды әуенді мультфильмдерге әуес келеді. Көрсетілімдегі мультфильмдердің дені шетелдікі. Шетелдің арнасы балалар елітетін музыкаларды пайдаланып, қуыршақтарды, оның ішінде қатты қызықтыратын мультфильм кейіпкерлерін билетеді. Оны көрген бала экран алдынан тапжылмай көргенін қайталайды. Ал біздегі отандық «Балапан» арнасындағы өнімдер баланы тез жалықтырып жібереді.
Қазіргі смартфонға телмірген балалардың қимыл-қозғалысы өте аз. Төрт қабырғаға қамалған бала не жарытып ойын ойнасын. Бұрын балалар асық атып, ләңгі тебетін. Күндіз дала кезіп, ойынмен ой өсіретін. Ал бүгінгінің жайы мүлдем басқа. Қозғалыссыз қалған бала дертке душар келеді. Логопед маман Айерке Буреханова алақаны мен табаны топырақ көрмеген баланың тілінде міндетті түрде ақау болады дейді.
– Бұрынғының балалары топырақпен ойнайтын. Түрлі ұлттық ойындармен есейетін. Қазіргі балалар телефонға байланған. Сәби дүниеге келгенде оң жақ жарты ми жақсы жұмыс істейді де, сол жақ ми қабылдау арқылы жұмысын дамытады. Алақан мен табанда сипап сезу рецепторлары бар. Олар миға белгі беріп, қалыпты дамуына әсер етеді. Қоршаған ортадан әсер алмаған баланың миы дұрыс дамымай, сөйлеуі тежеледі, – дейді ол.
Сайып келгенде балаға дұрыс жол сілтейтін де, бұрыс бағдар беретін де өзіміз. Ұрпақ саулығы – ұлт саулығы деген. Иә, баланың саулығы бәрінен маңызды. Бүлдіршін тілінің кеш шығуы алаңдайтын мәселе. Сондықтан баламен жиі тілдесіп, жөн сұрап тұру керек. Егер сіз сөйлеспесеңіз онымен ғаламтор тілдесіп, тәрбиелейді.
Ерсін СӘДУҰЛЫ