Адами құндылықтың асқары
qarmaqshy-tany.kz «Шын мәнінде, біз айтып жүрген Әділетті Қазақстанды Адал азаматтар құрады. Бұл – бір-бірімен өте тығыз байланысты ұғымдар. Отанға, отбасына адалдық – парасаттылық пен адамгершіліктің белгісі. Адал еңбек етіп, адал табыс тапқан адам жетістікке жетеді, құрметке ие болады. Ұлы Абай «Адал еңбекпен мал іздемек – арлы адамның ісі» деген. Ал арлы адам әділетсіздік жасамайды. Әр салада адалдық басты орында тұрса, әділ қоғам орнайды. Жемқорлыққа жол берілмейді, ел мүддесіне сай шешім қабылданады. Бір сөзбен айтсақ, қоғамдық ізгіліктің бәрі адалдықтан бастау алады. Ендеше, Әділетті Қазақстан және Адал азамат ұғымдары ел тірегі болатын егіз құндылық ретінде әрдайым қатар тұруға тиіс. Әділетті Қазақстанды құру үшін әрбір отандасымыз адал азамат болуға ұмтылуы қажет».
Қасым-Жомарт Тоқаев,
Қазақстан Республикасының Президенті
Бұл менің студенттік аудиториядағы кемеңгер профессорлар мен докторлардың берген дәрістерін тәмамдап, алған біліміммен мектеп деген өндірістің оты сөнбейтін қара қазанының қайнап жатқан ортасына келіп түскен уақытым. Алған теориялық білімімді тәжірибемен ұштастырғаныма да екі жыл болып аудан орталығына келдім. Ол уақытта кезкелген жоғары білімді жас маман екі жылға ауданнан алыс қашықтықтағы елді мекендерге жіберілетін.
Жас маман ретінде 1977-1978 оқу жылының жазында аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Елеу Көшербаевтың қабылдауында болдым. Байыпты да байсалды қабақпен қабылдаған басшының сөйлемей тұрғандағы сыртқы келбетінің өзі маған ашылмай тұрған бір өнегенің көзіндей көрінді. Жоғары оқу орнын бітіргеніме екі жыл өткен. Өзім жақсы сыйластықта болған ұстаздарым С.Қирабаев, Қ.Әдібаев, М.Мырзахметов ағайларды мына кісі есіме салып, оларға деген сағынышты сезімімді қозғағандай әсер қалдырды.
Бұл кісінің сөйлеген сөзіне қарап, «Япыр-ай, үлкен аудиториялардың мыңдаған тыңдарманын сілтідей тындыратын қабілеттегі адам екен» деген оймен шықтым.
Уақыт өтіп, жылдар ауысып жатты. Өзім таңдаған педагогикалық қызметте жүріп аудан жаңалықтарын қуана қабылдап, оны жас ұрпақ санасына сіңіремін.
1980 жылы ауданда үлкен бұрын-соңды болмаған жаңалық болды. Ол – Қорқыт ата мемориалды ескерткіш кешенінің ашылуы. Кент орталығынан автобус шығарылып халықтың «Қорқыт ата» ескерткішіне баруына қолайлы жағдай жасалды. Осы жылы Сыр шайыры Тұрмағамбет Ізтілеуовке де ескерткіш қойылып, ашылуы салтанатты жағдайда өтті.
Әдебиетші болғандықтан ба ауданның әдеби-мәдени және дәстүрлі жыраулық өнеріне бейжай қарай алмайтындығым мені осы ортаға қарай тарта берді. Тұстастарыма қарағанда алдымдағы аға буын өкілдерімен қоян-қолтық араласуым рухани түлеп өсуіме көп көмегін тигізді. Сондай айтулы тұлғаның бірі және бірегейі ұстазым – марқұм Бекпанов Тұрсынбек ағай еді.
Күнделікті ақыл-кеңесін беріп жүретін ағайымның мен бұрын байқап көрмеген ыждағаттылығы, ықтияттылығы, аманатқа деген адалдығы қайран қалдырған сәттер еді бұл! Сол уақыттан бері де шапқан аттай зулап он алты жыл өте шығыпты.
Ия, Сыр шайырлары дегенде темірқазықтай санамызда жарқырап жанатын бір бейне болса, ол – Тұрмағамбет ақын. Батысың мен Шығысың, Оңтүстігің мен Солтүстігіңді орай Алты Алаштың даласына даналық сөзі кеткен Тұрмағамбет шайырды кім білмейді?!
Қазақстан Республикасы Премьер Министрінің 2007 жылғы 21 ақпандағы №32 өкімімен бекітілген қазақтың біртуар он екі дара тұлғаларының мерейтойын республикалық деңгейде өткізу туралы құжаты бекітілді. Тізімнің реттік саны бойынша екінші тұрған – Тұрмағамбет Ізтілеуов.
Осы құжат қолымызға тиген бойда Тұрмағамбет Ізтілеуовтің 125 жылдық мерейтойын республикалық деңгейде атап өту шараларына қызу кірісіп жатқан кез еді. Ең бастысы – мерейтойдың маңызына мән беру. Сол үшін ақынның осы уақытқа дейін қысқарып, толық жарияланбай келген құнды әдеби мұраларын жинақтап бастыру ісі, Алматы қаласынан ескерткіш мүсінін орнату, ғылыми-теориялық конференциялар мен ақындар мен жыршыжыраулар байқауын өткізу, тағы сол сияқты халықтың рухани демалуы туралы шаралар молынан қамтылды.
Комиссия отырыстарының бірінде сол кездегі аудан әкімі Б.Қаюповқа ұсыныс еттім. Ол ұсынысым – басқа өңірлердегі, мысалы: Жетісуда – «Жамбыл», Семейде – «Абай», Алматыда – «Мұқағали» журналы шығып тұратыны сияқты Сырдан «Тұрмағамбет» журналын неге шығармасқа дегенім бар. Бұл ұсынысым әкім тарапынан қолдау тауып, ақыры бұл жұмыс өзіме жүктелді. Журналистік тәжірибем болмаса да жоғары оқу орнын бітіріп келген кезімде мектептерде орын болмағандықтан тұрмыс құрғанша бір-екі жыл аудандық «Коммунизм шамшырағы» газетінде әуелі корректор, сонан соң әдеби қызметкер боп істеген тәжірибеме сүйеніп «Тұрмағамбет» журналын шығаруды қолға алдым.
Міне осы кезде, Тұрмағамбетке бет бұру арқылы адами құндылықтың асқарына айналған адамның рухани дүниесінің байлығына баттым десем артық айтпаспын. Осыншалық байлық қазынасына қолымнан жетелеп әкеп жолықтырған марқұм Тұрсынбек Бекпанов ұстазым еді. Ия, бүгінде мен тілге тиек етіп отырған осы екі асыл азаматтың екеуі де дүниеден озды. Бірақ екеуі де Қармақшы жері – Қорқыт еліне адал қызмет етіп, халық жүрегінен берік орын алды.
– Мынау маған ғана жететін байлық емес, бүкіл түркі дүниесіне жететін байлық қой! – дедім Тұрсынбек ағайға қарап.
Маған бір жеті, әрі кетсе он күн бойы баяндаған Сырлы дүниеден ұққаным – өткеннің аманатына деген адалдықтан асқан не бар екен деген шексіз ризашылықты айналама, ағайынға, рухани ортаға, қауымға, қалың елге қалай жеткізем деген шаттығым кеудеме сыймады. Менің шығаратын журналымның құндылығы Тұрсынбек ағайдың қолында тұрғандай қолынан ұстап алып жібермеймін.
– Ағай, мына маған айтқандарыңыздың үтір, нүктесін қалдырмай жазып беріңізші, тақырыбын мен-ақ айтайын, міне былай деп қойыңыз «Гуманист басшы» қандай сұранып тұрған тақырып деп қайталаймын. Ағай болса:
– Қызым-ау, мен сен сияқты әдеби қалыпқа келтіріп, көркемдеп жаза алмаймын ғой, мен саған қаңқасын беріп отырмын, ал өзің жан бітір, – деді. Мен болсам:
– Жоқ, жоқ ағай түпнұсқа сізде, бүгешүгесіне дейін осы істің басы-қасында болып, қолыңызбен атқардыңыз. Мен сіздей бұның байыбына бара алмаспын, – деп ақырында ағайды жазу үстеліне отыруға көндірдім. Жазылған материалдың нүктесін қойып, қолыма әкеп беріп тұрып:
– Гуманист деген сөзді қазақшалау керек шығар, ерсілеу емес пе? – дегенде мен:
– Ағай, бұл интернационалдық термин, мазмұны бай, бәрімізге түсінікті, бар ұлтқа ортақ түсінікті термин. Өзгертпейміз. Осылай қалады! – деп бір-ақ кестім.
– Ия, қызым, сол уақыттан бері де 25 жыл өтіпті. Осыншама жұмысты басын қатерге тігіп, жанкештілікпен атқарған Көшербаев Елеу ағамыздың қызмет бабын көрші Қазалы ауданына ауыстырғанда кетіп бара жатып менімен қоштасты. Әрине қимастық сезім екеумізді де үнсіз қалдырды. Сәлден соң Елекең маған қарап:
– Тұрсынбек, мынау менің саған қалдырып бара жатқан аманатым. Болашақтың баға жетпес байлығы. Менің атымнан болашаққа тапсыр, – деп Т.Ізтілеуовтің 100 жылдық мерейтойында түскен суреттерден құрастырылған фотоальбомды қолыма ұстатты.
Елекең қалдырған бұл затты көзімнің қарашығындай қаншама жылдан бері сақтап келемін. Мен бұл дүниенің тұтынар иесін тапқаныма қуанып тұрмын. Қажетіңе керегін ал, болған соң қайтарып бер, – деп сыртын таза ақ шүберекпен қабаттап ораған фотоальбомды қолыма берді.
Дереу, «Қармақшы таңы» газетінің редакторы Алтай Үсеновпен хабарласып фотограф Алданазаров Наршаны жіберуін өтіндім. Нарша келген бойда альбомды ашып Т.Ізтілеуовтің 100 жылдығындағы суреттерді жаңалап қайта түсіртіп шығарттырып алдым. Бұл суреттермен Тұрсынбек Бекпанов ағайдың дайындап жазып берген материалы бірімен-бірі керемет мазмұнда үйлесіп, менің шығарып отырған мерейтойлық журналымнан тарихи шежіре іспетті орын алды.
Кейін Тұрсынбек ағайдан өткендегі ақ шүберекпен оралған фотоальбомды менен қайтарып алдыңыз, не істейсіз дегенімде:
– Аудан шежіресін шертіп тұрар мұражай ашылса, соған арнайы салтанатты түрде өткіземін, – деп жауап берді.
Оқырман қауымға аз ғана 1000 данамен шығарылған «Тұрмағамбет» журналы біреудің қолына тисе, біреулерге жетпегені аян. Сондықтан, ауданымыздың 95 жылдық тарихи кезеңінде Елеу Көшербаев сынды ел ардағының басшылық уақытындағы ісқимылындағы батыл қадамдары туралы айтпай өтуге болмайтынын білдім. Бұл біздің ұлтжанды ұрпағымызға берілетін мәңгілікке кететін өнегеміз. Ауданымызды басқаруға 1975 жылы келген Көшербаевтың өз қолымен жазған өмірбаяны төмендегіше тарқатылады.
Ол 1929 жылы Арал ауданы, Октябрь ауылдық кеңесіндегі кедей-шаруа Көшербаев Дәрібайдың отбасында дүниеге келген. Әкесі ұжымдастыру жылдарында артельдің алғашқы мүшесі болған. Оған 1949 жылы Социалистік Еңбек Ері атағы берілген. Анасы колхозшы болып жұмыс істеп 1963 жылы, әкесі 1964 жылы қайтыс болған. Ұлы Отан соғысы жылдары жетіжылдық мектепті бітіріп, Арал ауданындағы Ақшелек бастауыш мектебінде мұғалімдік қызметті бастайды. 1946-1950 жылдары Қызылорда қаласындағы Н.Гоголь атындағы педагогикалық институтта оқиды. 1950-1952 жылдары Қазалы ауданындағы Октябрь орта мектебінің директоры, 1952- 1958 жылдары Қазалыдағы аудандық партия комитетінің үгіт-насихат бөлімін басқарса, 1958-1960 жылдары аудандағы «Социалистік жолы» газетінің редакторы, 1960-1962 жылдары Мәскеу қаласындағы Жоғары партия мектебінің тыңдаушысы, одан соң Қазалы, Сырдария ауданы партия комитетінің екінші хатшысы, Сырдария ауданының атқару комитетінің төрағасы, облыстық атқару комитеті төрағасының орынбасары, 1975-1983 жылдары Қармақшы аудандық партия комитетінің, 1983 жылы Қазалы аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы қызметтерін атқарған.
Қармақшы ауданында 8 жыл басшылық қызметте болған Елеу Көшербаев бір ғана Қармақшы ауданы халқының болашағына ғана емес, түркі әлемі өнертанушылары мен мәдениеттанушыларына, зиярат етушілеріне жаңаша таным мен жаңаша түсініктің, жаңаша баға берудің есігін ашуға еңбек етті. Бұл тас қамалға айналған қазына есігін ашу оған оңайға түспеген. Екі заңғардың биігіне қарап оның ұлт үшін берер құндылығына терең бойлаумен болды. Оның бірі – Қорқыт ата болса, бірі – сол уақытқа дейін қудалау мен түрме азабын тарта-тарта о дүниеге аттанып кеткен – Тау тұлға Тұрмағамбет болатын.
Кеңестік идеология дәуірінде бұл екеуі туралы сөз қозғау аса ауыр айып саналғандықтан емен-жарқын ашық айтуға, оны халықтық тұрғыда насихаттауға болмайды. Дегенмен, Сыр топырағында туып-өскен Елеу аға халық көкейінде өшпей жанып тұратын осы екі отты өшіріп алмауды жақыннан көре білді. Ерте қам жасауды көп ойлады. Өзінің болашақ заман алдында берер жауабының жолын іздеді. Бұл оның көрегендігі еді.
Ақын Тұрмағамбет Ізтілеуовтің мұраларының ішіндегі шоқтығы биік шығармасы «Шаһнамадан» ең алғаш рет 1961 жылы «Рүстем-Дастан» деген тарауы ғана кітап боп шыққан. Мұнан кейін оның ізіне «Тұрмағамбет – молда, ескі көзқарастағы дін жолын насихаттаушы» деп түсушілер жоғарыға домалақ арыздарын қарша боратып адымын аштырмады. Сол баяғы 1937-1938 жылдардағы репрессияның салдары 40 жыл өтсе де Тұрмағамбет бойынан тазарып жуылып кетпеді, тиісті орындардың қатаң бақылауында тұрды. Ақынды қолдаған адам сол уақыттың саясатымен қоғамнан аластатылатын еді.
Дегенмен, халық арасында даңқы асқан Тұрмағамбет үшін басын бәйгеге тіккен басшы тәуекелге бел буды.
Бұл қойылатын ескерткіш күмбезді «бейіт үстіне қойылатын белгі» деп шешу жөніндегі ұйғарымға тірелді. Ескерткіш ауылдың кіре берісіне қойылатын болғандықтан мәйітін қазып әкеп осы ескерткіш астына жерлеу керек. Әрине бұған Тұрмағамбет ұрпақтары мен ақынның рухын асқақ тұтқан ауылдың зиялы қауымын көндіруді айтсаңызшы?!
Сол кездегі саясат талабымен қарағанда тәуекелге бел буған аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Е.Көшербаевқа, аудандық кеңес атқару комитетінің төрағасы Н.Ысқақовқа ғимаратты салуға тек қаржылай ғана емес, табанды тәуекелшілдік жасауға да азамат ретінде үлкен сүйеу болған – сол кездегі облыстық кеңес атқару комитетінің төрағасы С.Құбашев еді.
Келешек көрсетер, бірақ әзірге ұрпақтары келісімдерін беріп, ақынның рухын асқақ тұтқан ауылдың зиялы ақсақалдары мен ауылдастары да ертеңгі күнге үмітпен қарағандары жөн дегенді айтқан да осы С.Құбашев болды. Айтылған пікір, ұсыныс бойынша ауыл зиялыларымен ақылдасқан Е.Көшербаевтың сөзі ескерусіз қалмады. Осындай ой-пікірге үмітпен қараған ақынның ұрпақтарының да, көпшілігі қазір өмірден озған ауыл қарияларының да, ауылдастарының да ертеңіне сеніммен қараған үміттері ақталып, орнаған күмбезді көздерімен көрді, ақын сүйегін де орнынан қозғамай, рухын риза етті.
1982 жылы 100 жасқа толған ақынның мерейтойы да аса зор кедергілерге ұшырай отырып, ақыры табанды басшы Е.Көшербаевтың жігерінің арқасында қазіргі кент орталығындағы мәдениет үйінде 1983 жылдың 28 мамыры күні салтанатты түрде ашылды.
Аудандық партия комитетінің 1983 жылдың 10 ақпанындағы «Тұрмағамбет Ізтілеуовтің 100 жылдығын атап өту туралы» №53 қаулысы қабылданып, атқарылар жұмыстардың ісшарасы, комиссия құрамы бекітілген.
Бұл салтанатты мерейтойға сол уақыттағы Жазушылар одағының бірінші хатшысы Ж.Молдағалиевтан бастап, бүкіл Қазақстанға, бүкіл одаққа танымал ғалымдар, ақынжазушылар, баспа мен газет қызметкерлері, бірнеше облыстардың ақын-жырауларының өкілдері келген. Әсіресе, бүгінде тарих беттеріне айналған бұл шараға айтулы қоғам қайраткерлері М.Қаратаев, Р.Бердібаев, С.Толыбеков, Ә.Спанов, Ә.Қоңыратбаев, А.Тоқмағамбетов, К.Ормантаев, У.Қожабаев, М.Алшынбаев, З.Бекжанов, тағы басқа жүзге жуық Қазақстанның өнері мен әдебиетінің, мәдениетінің қаймақтары қатысқан. Е.Көшербаевтың көз тіккен заңғарының екіншісі – Қорқыт ата. Тусырап жатқан дүниеге түрен салу дегенге келеді. Айналадағы жергілікті халық әулие «Қорқыт ата» деп табынып шырақ жағып басына түнеп келген жер де белгісіз қорымға айналып кеткен. Аңызақ далада ақиқат пен аңыздың елесі кезіп қадау-қадау ғана белгілер қалғандай.
Ақсақ қыздың зираты «жоқ» емес, «барбар» деп белгі бергендей. Биігіне шықсаң Тұран даласының арғысы мен бергісі көрінетіндей қоңыр төбенің үстіндегі соққан жел өткен менен кеткенге қобыз сарынын жеткізгендей сыбырлап сыр айтып тұрғандай. Осы төбенің биігіне шыққан көреген басшы Е.Көшербаевтың табанының астындағы топырақта бір ишарат бергендей жылылықты сездірген сыңайлы. Ақыры осы биікті таңдап құрылыс жұмысына кірісті. Архитектурасын Бек Ибраев жасап, қобыз бейнелі ескерткішке тапсырыс берілді. Биігінен жел соққан сайын қобыз сарынын шығаратын 40 түтікше дат баспайтын металлдан соғылып құйылғанын біліп шеберлерге тәнті болдық. Бұл туралы тағы да маған Тұрсынбек ағай былай деді.
– Ой, қызым-ай! Оңай болмады, оңай емес! Елекең бар ғой, көзсіз ерлік, көзсіз батылдыққа барды ғой. Талдықорған қаласындағы алюминий шығаратын зауытқа ескерткішті жасау жөнінде тапсырыс беріп, ол дайын болған кезде жеткізу жағын айтсайшы. Сол үшін мына Байқоңырдағы космодромда жұмыс жасап жатқан ресейлік азаматтармен екі жақты келісім жасап әкелетін көлікті де Елекеңнің өзі шешті. Енді, тыңда мені дегендей Тұрсынбек ағай түрін үрейлендіре өзгертіп мені шошыта сөзін жалғап кетеді.
Ол кезде мына тұрған Сырдарияңда қалтқұлт етіп тұрған ағаштан соққан аспалы көпір. Ауыр көліктерді өткізу қауіпті. Ол көпірден өзіңде талай әрі-бері өттің. Енді елестете бер, қобыз бейнелі төрт элементтен тұратын стелланың биіктігі 12,1 метр, ені 5,3 метр болатын ұзындықтағы ауыр затты тиеп келе жатқан көліктің дариядан өтуі бәрімізді толғандырды.
Не де болса тәуекелшіл Е.Көшербаев Сырдариядан бергі бетке өтуге «Қалай болар екен?» деп екі ойлы боп тұрған көлік иесін батылдыққа шақырды.
Өте қауіпті іс еді. Көлік те, жүргізуші де ресейлік. Жауапкершілік қатты.
Ойпырмай, өтті-ау бергі бетке. Қарап тұрған біз демімізді ішке тартып әлдеқалай болады деп тұрған едік. Жүк көлігі бергі бетке өткен кезде «уһ» деп шүкіршілік еттік-ау...
Осыған дейін талай басшылық қызметтің қиындығынан шар болаттай шыңдалып келген Е.Көшербаев Қармақшы ауданындағы басшылыққа келгенде мол іс-тәжірибесі бар толысқан кемеліне келген іс иесі екені осындай халық үшін, келешек үшін құндылығы жыл өткен сайын, уақыт керуені көшкен сайын арта түсетінін тап басып танығаны айқын көрінеді.
Шоқан Уәлиханов: «Қорқыт – өнердің басы» деп айтады. Олай болса, қоңыр төбенің басынан төрт тарапқа тараған қобыз сарыны Қорқыт елінің жадына өткенін салып, болашағына бағдар жасап тұрғандай.
Бүгінде Е.Көшербаевтың жасап кеткен жасампаз еңбегі әрбір жыл сайын түркі туыстас елдердің өнер мен мәдениет, әдебиеттанушыларын, қорқыттанушыларын біріктіруге, бауырластыруға, достастыруға қызмет етіп тұр. Қорқыт мемориалды ескерткіш кешені Түркия, Иран, Әзірбайжан, Сербия, Грузия, Өзбекстан, Қырғызстан, Татарстан, Башқұртстан, Саха республикаларынан келген шығармашыл ұжымдардың бас қосар өнер Ордасына айналып келеді.
Қармақшы ауданында басшылық қызметте жүргенде бүгінде ақылшы зиялы буын өкілдеріне айналған Бекмырза Еламанов, Қаршыға Есдәулетов, Әбдірахман Құлдүйсенов, Тыныштық Кеулімжаев, Нұртілеу Салықов, Сержан Нәметшаев, Үрзахия Махамбетова, Рабиға Досмаханова, Роза Боханова мен айтып отырған адами құндылықтың асқар шыңына биіктеген білікті де білімді басшы Көшербаев Елеудің сындарлы көзқарасында шыңдалып өскен ауданымыздың құрметті азаматтары екені әрқайсымыздың көңілімізге жылылық ұялатады.
Талайлы ДОСЫМОВА,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі,
Қармақшы ауданының құрметті азаматы