Қоқыс тастау этикасын қашан үйренеміз?
qarmaqshy-tany.kz «Әкімдік қайда қарап жүр, неге қоқыс тазаланбайды?» Осы секілді арыз-шағымды күн сайын естиміз. Әсіресе, жаз мезгілінде көшелерде, есік алдында бей-берекет тасталған қоқыстан жағымсыз иіс шығып, қоршаған ортаға қолайсыздық туғызып жатады. Жалпы, қоқыс – ғасыр мәселесі. Қыста да, жазда да жиналмайтын қоқыс тақырыбы қашанда өзекті. Жылда солай. Бірақ, түптеп келгенде, бұл өзге емес, өзіміздің мәдениетсіздігімізден. Ал оның машақаты тиынын тірнектеп жиған көше тазалаушыларға тиеді. Бұл тақырыпта қалам тербеуге кентте өз көзімізбен көрген мына көріністер себеп болды.
Әдеттегідей бір күні азанғы сегіздер шамасында аудандық емханаға қарай жол тарттық. Кенет көшедегі қоқыс жәшікке көз түсті. Ол көшедегі ары-бері өткен жүргіншілердің босаған пластик ыдыстарын, балмұздақтың қағазы секілді майда дүниелерді тастауға арналған зат еді. Бірақ дәл сол сәтте оның іші мен сыртында үлкен бума жұлынған шөп, жұмыртқа мен картоптың қабығы, кішкене бөбектің бір реттік жөргектері шашылып жатты. Шағын жәшікке оның барлығы сыя қойсын ба? Тұрмыстық қалдықты көшедегі қоқыс жәшігіне тастау не сән? Ол адамның өзін де, өзгені де сыйламайтындығынан хабар берсе керек. Бұл қоқысты өзге аймақтың тұрғындары арнайы әкеліп тастай қоймас. Бірақ осы көшенің бір тұрғыны екені рас. Бұл көрініске қынжылып келе жатқанымызда, анамызбен жасты апайлар қаптарын арқалап күнделікті жұмысына кірісіпті. Олар кентіміздегі тазалықшы апайлар еді. Әрбір жәшіктің жанындағы қоқыс бір қапты толтырып отырса, олардың жұмысы қалайша өнбек? Барлығын жинап болып, кері айналып көше басына келсе айналасы қоқысқа толы жәшік қайта шығары анық. Осындайда тұрғындардың тірлігіне, мәдениетсіздіздігіне бас шайқайсың. Әрдайым өзгені кінәлауға дайын тұрамыз. Бірақ өз үйіміздің айналасын тазалауға ерінеміз. Бес саусақ бірдей емес, әрине. Кенттегі тұрғындардың арасында есігінің алдына күнде су шашып, қоқыс жатса алып, артық шөп өсірмей, тап-тұйнақтай етіп отыратындары бар. Алайда олар көп емес. Барша тұрғын осылай жасаса, тазалықшыларға тіпті жұмыс та қалмас еді.
Тұрмыстық қалдықты қайда тастарыңызды білмегендіктен көшеге тастап жүрген болсаңыз, мынаны ескергеніңіз абзал. Кент әкімдігінен тұрмыстық қалдық салуға арналған қоқыс контейнерін жалға алсаңыз болады. Айына төлейтін жарнапұлы да қымбат емес. Толған кезінде арнайы көлікке хабарлассаңыз, алып кетіп, қоқыс полигонына тастайды. Қарап тұрсаңыз, қиын дүние емес. Сонда көше де, аула да, есігіңіздің алды да таза тұрар еді.
Көңілімізге қаяу түсірген тағы бір оқиғаны баяндасақ. Кентімізде жыл сайын балаларға арналған ойын алаңдары пайдалануға берілуде. Бұл қуантарлық жайт. Күн ұясына кіре бастаса, барлық бала сонда. Біздің үйдің де кішкентайы сол алаңқайға баруға құмар. Бір барғанымыздағы көрініс жаға ұстатты. Қолданысқа берілгеніне көп уақыт бола қоймаса да, біраз дүние істен шығыпты. Алаңқай ішілген сусынның ыдысына, балмұздақ пен шемішкенің қағазына толыпты. Оны тастаған бала да, баласын бақылауға келген ата-ата да бейқам. Соған қарағанда бұл күнделікті қайталанар қалыпты дүние секілді. Қасына екі баласын ерткен жас отбасы да шемішкені шағып, төселген газон үстіне тастап, қамсыз кетіп барады. Мүмкін үлгі болар деп, жердегі біршама қоқысты көтеріп, арнайы жәшікке салдық. Бұл ісімізге айналада отырғандар «жердегі қоқыста несі бар?» дегендей жақтырмай қарады.
Бұған қарап, тұрғындардың қоқыс тастау этикасы әлі де қалыптаса қоймаған ба дерсіз. Егер әрбіріміз мемлекет дүниесіне кішкене болсын жанашырлық танытсақ, мұндай мәдениетсіздікке бармас па едік? Айтқанды емес, көргенді қайталайтын бала да, мұндай істі санасына құйып, көзі таныс боп өсетін еді.
Қазір біреу әлеуметтік желіге өзгеше дүние салса, оны қайталап түсіру сәнге айналып, тренд аталып жүр емес пе? Тазалыққа қатысты да тренд керек секілді. Мәселен, швециялықтар «Плоггинг» деген жаңа тренд шығарыпты. Бұл спорт түрі өзіңізге де, өзгеге де пайдалы. Ол үшін бізге спорт киімі, қапшық және бастысы, ниет керек. Жүгіріп жүріп, жолыңызда кездескен қоқысты жинай бересіз.
Қазіргі уақытта «Плоггинг» Еуропа елдерінде кеңінен таралған. Әлеуметтік желілерде жасаған еңбегін осы «Плоггинг» хэштегі арқылы жариялап жатқандардың санында шек жоқ. Жалпы, оларда қоқыс тастау мәдениеті қатты дамыған. Қажетсіз заттарды сұрпына қарай әртүрлі жәшікке тастайды. Мәселен, пластикті бөлек, қағазды бөлек, тағысынтағы. Бұл болашақта қайта өңдеу жұмыстарына үлкен көмек. Ал, Оңтүстік Кореяда тіпті қызық екен. Көшесінде қоқыс жәшігін таппайсыз. Қоқыс шашсаңыз, 300 мың вон, яғни, 100 мың теңгеге жуық айыппұл төлейсіз. Тіпті, ішкен суының құтысын олар өздерімен бірге алып, үйлеріне дейін апарып, арнайы орынға тастайды. Мүмкін бізге де осындай қатал заң керек-ау. Әрине, сын айту орынды. Мұны аудан тазалығына жанашырлық білдіруі деп түсінеміз. Алайда сын «шын» болса ғана. Ал өзі қоқыс тастауға бала-шағасын жұмсап, ойын баласы ойынға айналып, қолындағы қоқысы көрінген жерде қалып, қоршаған ортаға зияны тиіп жатса, әкімдікке не мердігер компанияға кінә арту қаншалықты орынды деп ойланып көрдік пе?! Бала былай тұрсын, кейбір ересек адамдар да үйінен шыққан бір пакет қоқысын тиісті контейнерге жеткізуге ерініп, есік алдына қойып кете салатыны жасырын емес. «Әкімдік қайда қарап жүр?» деп ұрандай бергеннен гөрі көз алдымыздағы кем-кетікті өзіміз де түзеуге атсалысып, кент тұрғынына сай ішкі мәдениетімізді көтеруге тырыссақ нұр үстіне нұр болар еді...
Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ