Әскери қызмет майталманы
Әскери қызмет – абыройлы міндет. Осы ұранды өзіне өмірлік мақсат етіп жүрген азаматтар жетерлік. Ел әскерінің беделін арттырып, айбынын асыра түсуге үлесін қосып жүрген әскери қызметшілердің бірі – Нұрдидар Құдайбергенов. Ол жаста болса жұмысқа деген жауапкершілігімен көзге түсіп жүрген білікті маман. Оның отбасы жақында ғана жас әскери қызметшінің жаңа шен алғанын айтып сүйіншіледі. Еңбегі ескеріліп, дәрежесі жоғарылаған қызметкердің өмір жолына тоқталсақ.
Нұрдидар Аралбайұлы – 1987 жылы ауданға қарасты Қуаңдария ауылында дүниеге келген. №186 орта мектепті бітіріп, сол жылы бала кезінен әскери қызметші болсам деген арманы оны әскери кадрлардың ұстаханасы «Алматы қаласындағы Құрлық Әскери институтына» жетелеп, мотоатқыштар факультетіне қабылданып, курсант атанады. Аталған әскери оқу орнын 2009 жылы аяқтап, Алматыдағы «Шет ел тілдер Әскери институтына» взвод командирі, 2010-2012 жылдары «Алматы қаласындағы Байланыс және Радиоэлектроника институтының» курсанттар ротасының рота командирі, кейіннен Луговой стансасы №03811 әскери бөлімінің арнайы мақсаттағы (спецназ) барлау ротасының командирі болып тағайындалған. 2014-2015 жылдары Тараз қаласындағы №91678 Әскери бөлімінің Спорт бөлімінің бастығы, Қызылорда қаласындағы №66597 Әскери бөлімінің Дене дайындағы және спорт қызметінің бастығы қызметтерін абыроймен атқарған. 2020-2022 жылдары Тараз қаласындағы Оңтүстік өңірлік Әскери қолбасшылығының Спорт басқармасының бастығы болса, биылдан бастап Шымкент қаласындағы арнайы операциялар күштерінің дене дайындығы және спорт қызметінің бастығы қызметінде. Отбасында жары Айсұлумен бірге 5 перзент тәрбиелеуде.
Білікті маман жақында подполковник шенін иеленді. Шағын ғана ауылдан түлеп ұшып, үлкен арман қуған бозбала, жігіт ағасы болған шағында мақсатына жете білді. Алдағы уақытта да өз ісінің білгірі екенін дәлелдеп, ел үшін қызмет ете бермек. Ата-анасы Аралбай мен Күнсұлудан алған тәлімді тәрбие, алға қадам бастырып, жетістікке жетелеуде. Өмірінде қарапайым тірлік кешіп, адал еңбекпен перзент тәрбиелеген ата-анасы да балаларын мақтан тұтады. Ата-ананың бақыты деген осы емес пе? Бүгінде ауыл балалары да Нұрдидардың есімін естісе, «мен де осындай әскери қызметкер боламын» деп бой түзеп келеді екен.
– Нұрдидар Құдайбергенов – ауылымыздың тумасы. Ол өз ісінің майталманы болумен қатар, бойында үлкенді сыйлау, кішіні құрметтеу, білгенін әріптестеріне аянбай үйрету секілді сыпайылылықтың өнегесі қалыптасқан. Жақында әскери шені өскенін естіп ауыл болып қуандық. Осындай ауылды елге танытатын, елімізді әлемге танытатын азаматтарымыз көп болсын, – дейді ауыл әкімі Ардақ Аймырзаев.
Иә, «Ерім дейтін ел болмаса, елім дейтін ер қайдан шығады» дегендей, біз де жағымды жаңалықпен бөлісуге асықтық. Биік рухты, өр мінезді, білімді де білікті, өскен елін өрге сүйрейтін туған жер перзенттерінің қатары арта берсін!
Ардақ СҮЛЕЙМЕНОВА