Аптап ыстықта қауіп көп
Биылғы шілде қай-қайсымызды да кәдімгідей әбіржітіп тастады. Ми қайнататындай ыстық. Көлеңке іздеп, су жағалап жүрген адамдардың қарасы қалың. Синоптиктердің айтуына қарағанда, ол Иран мен Орталық Азиядан жылжыған ыстық ауа массасының себебінен күн күрт ысып кеткен. Өзге өңірлерде 34-39 градус көрсетілсе, ауа температурасы біздің Сыр өңірінде бұл 42-45 градусқа дейін баруда. Бұл – біздің облыс үшін қауіпті құбылыс. Осындайда өрт қаупі де молаяды. Қалтафонымызға күнделікті «112» нөмірінен келетін ескерту хабарламалардың да саны артты. Ондағы мамандар ауа температурасының артуы, желдің ұйытқу деңгейінің өсуі, от қаупінің жоғары екендігі, белгіленбеген орындарға шомылуға болмайтынын, су айдындарында балаларды ересектердің қарауынсыз қалдырмауды жазып дабыл қағуда. Мұндай дабылды ескерту хабарламаның көптеп келуі тектен тек емес. Сондықтан мұндай сәтте ескертуге жауапсыздық танытпаған жөн.
Апта басынан басталған аптап ыстық әлі де сақталуда. Шілденің шіліңгірі жерді қуырып барады, буыны қатқан шөптің басы қурады. Иә, «шілденің шіліңгір ыстығы» дейміз. Алайда мәніне үңіліп көрмеппіз. Нақтыласақ, қазақта ай, ауа райы мен табиғат құбылыстарын атаудың өзіндік мағынасы бар. Олар табиғаттағы түрлі өзгеріске қарап, алдағы уақыттың ауа райын болжап, соған орай қам жасаған. Мәселен, маусым айының басында үркердің мүлде көрінбей кетуін «үркердің батуы» деп атайды. Кейде үркердің жерге түсуі дейді. 24 маусымда үркер таң ата батыстан көрінеді де, содан шілде айында 40 күнге созылатын ыстық басталады. Халық жұлдызшылары «үркер жерге түспей жер қызбайды» деген. 25 маусым мен 5 тамыз арасындағы жаздың ең ыстық қырық күнін «Ұлы шілде» деп атайды. Оның өзі кіші шілде (5 шілде-25 шілде) және үлкен шілде (25 шілде – 5 тамыз) болып екіге жіктеледі.
Ал шілде сөзінің түбірі парсы тіліндегі «чиһал, чиһил» сөздерінен шыққан. Ол «қырық» деген мағынаны білдіреді. Ал ай ортасындағы аңызақ аптап күндер «шіліңгір» деп аталады. Араб-парсы тілдеріндегі «һә» дыбысы қазақ тілінде айтылмайды. «чиһил – чиил – шіл» ретінде тілдік өзгеріске ұшырап, оған -лә, -ле, -де қосымшасы жалғанып қазақ халқының сөздік қорына «шілде» деп еніп кеткен делінеді.
Қазақ есепшілері жаздың ыстығы мен қыстың суығы қырық күндік уақытпен есептеп, «қырық күн шілде» деп атаған. Қырық күн шілде деп жаздың нағыз аспан айналып жерге түсер ыстығын айтады. Бұл халық аузында кейде «суыр» деп те аталады. «Сұмырай» сөзі «суыр айы» деген мағынаға саяды деседі. Қазақта «Сұмырай келсе, су құриды» деген мақал бар, яғни, шіліңгір шілде басталса, құрғақшылық жайлайтынын меңзеген. Қарап отырсақ, дана халқымыз бір ауыз сөзбен-ақ ауа райы туралы мол мәлімет біліп отырған екен.
Мұндай уақытта барлық жерде өрт қауіпсіздігіне төнер қауіп жоғары. Оған қоса төбеден тескен күн шекені қыздырып, сыртқа шаруасымен шыққан тұрғындардың денсаулығына да нұқсан келтіруі мүмкін. Дәрігерлер жер-жерде халыққа ақыл-кеңесін айтып, күннің астында жүрудің қаупін және одан қорғанудың жолдарын түсіндіруде.
– Күн астында көп жүрген адамның көзі қарауытып, басы айналуы, жүрегі айнуы мүмкін. Жүрек соғысы жиілеп, терісі боп-боз болып кетсе, бұл – күн өткенінің белгісі. Жалпы дәл қазіргі ауа райында таңертең сағат 10.00-ден бастап кешкі 17.00-ге дейін далада жүрмеген жөн. Әсіресе, қан қысымы жоғары, жалпы созылмалы аурулары бар адамдардың далаға шығуына мүлдем болмайды. Сондай-ақ 7 жасқа дейінгі балалардың да күннің ыстығы қайтқанға дейін үйден шықпағаны дұрыс. Себебі кішкентай балалардың ағзасы ыстық температураға өте сезімтал болып келеді, ыстық күнде көп жүру олардың ағзасын сусыздануға дейін әкелуі мүмкін, – деп сақтандырады Қызылорда жедел жәрдем аудандық 8-ші бөлімшесінің фельдшері Ерсайын Қайратұлы.
Қанша ыстық болса да, басына күн өтіп, құлайтындай деңгейге жетіп жатқандар жоқтың қасы. Себебі қазір ақпарат дәуірінде адамдар мамандардың ақыл-кеңесін оқып, соған құлақ түреді. Біз де бірер кеңес ұсынсақ. Ыстық ауа райында жүрек-қантамырлар жүйесі зардап шегеді. Ауа райы құрғақ әрі ыстық болған кезінде қан ұйып, тромбтардың түзілуіне алып келеді. Ал, қанның ұйюы– инсульттің басты себебі. Одан бөлек, аптап ыстық кезінде атмосфералық қысым әлсірейді. Бұл жағдайда гипертониктер де, қан қысымы төмен адамдар да жапа шегеді. Сау адамдардың өздері де күн температурасы артуымен бірге, жүрек соғысы артып, тамырлары кеңейе бастайтындықтан жүрек айну, көздің қарауытуы, әлсіздікті сезінуі әбден мүмкін. Сонымен бірге, адам көп терлейтіндіктен термен бірге денедегі сұйықтықты және минералдарды жоғалтады. Сондықтан адам әлсіреп, ұйқы басып, мазасыздана бастайды. Мұндайда калий мен магнийге бай жеміс-жидектерді күнделікті тағамдар тізіміне қосқан артық етпейді. Бас киім киіп, қосымша арнайы дәрі дәрмек алып жүрген жөн. Сұйықтықты көбірек тұтыну, аздаған қантты шырын, шай, компот – ыстық күнде шөл қандырудың тиімді тәсілі. Ал, алкогольді өнімдерден аулақ болған жөн. Сонымен қатар, күнге қарсы қалқан болар бас киім киіп, үнемі қолыңызға бөтелкеге ауызсу құйып, бірге алып жүрген жөн. Оған қоса күннен қорғайтын жақпа май жағу керек, себебі денесінде меңі мен қалы көп адамдардың денесін күн қатты күйдіруінен тері аурулары дертіне шалдығу ықтималдығы басым. Сонымен қатар табиғи таза матадан тігілген, күн көзін өзін тартпайтын ақшыл түсті киімдер киген абзал. Синтетика материалынан мүлдем бас тартқан жөн.
Сақтансаң, сақтаймын дегендей түрлі қауіптің алдын алу үшін өзіміз жауаптымыз. Сау болғымыз келсе, мейлінше сыртқа шықпауға тырысайық, жоғарыда айтылғандай дерті бар жандардың сырттағы жұмыстарын бітіріп беруге жағдай жасасақ нұр үстіне нұр болар еді. Тағы бір айта кетерлігі, тиісті мекемелер өрт қаупінің де алдын алу үшін түсіндірме жұмыстарын жүргізуде. Осы ретте халық та тілсіз жаудың қаупін түсініп, сақтық шараларын күшейтсе дейміз. Саулықты, амандықтықты қаласаңыз, күн ыстықта көп жүрмеңіз.
Ардақ СҮЛЕЙМЕНОВА