Алда аптап ыстық бар
Сыр өңірінде маусым айының алғашқы онкүндігі аптап ыстық пен екпіні қатты желден арылған жоқ. Әдетте жергілікті жұрт мұндай ыстықты шілде түскенде күтетін еді. Ауа райының құбылысы жанға да, малға да оңай тиіп тұрған жоқ.
Аймақта алдағы күндерде де ыстық ауа райы күтіледі. Жауын-шашын жоққа тән. Әйтеуір, бір тәуірі түн ауасы қарасып тұр. Күндізгі 37-42 градус ыстық, түнде 15-20 градусты көрсетуде.
– Қызылорда, Түркістан облыстары елімізде жазы ыстық өңірлер қатарында. Әдетте ауа райының жоғары температурасы осы екі облыста тіркеледі. Қазірге дейін ең аптап ыстық біздің өңірде 2019 жылы көрініс берген болатын. Басқа уақытта одан жоғары температура байқалған емес. Тек өткен жылы термометр 46 градусқа дейін жетті. Жалпы ыстық ауа райы облыстың барлық ауданында болады. Әсіресе, ол Жаңақорған мен Арал аудандарының құмды аймақтарында кездеседі. Енді 25 маусымнан кейін ауа температурасы тағы жоғарылап, шілде айында 45-46 градусқа дейін жетеді деген болжам бар, – деді «Қазгидромет» РМК облыс бойынша филиалының бөлім басшысы Әйгерім Жүкелова.
Оның айтуынша, маусым айында жауын-шашын аз болады деп болжанып отыр. Сондықтан облыстың кейбір аймақтарында құрғақшылық байқалып, өрт қаупі сақталады.
– Айта кетерлігі, кейінгі күндері өңірде екпінді жел байқалады. Бұл – антициклонның жиі ауысуына байланысты кездесіп отырған құбылыс. Десе де кейінгі бес жылда жел біршама азайған, – деп толықтырды ол.
«СБ» ақпарат