» » «Қарттар үйінің» қажеті қанша?

«Қарттар үйінің» қажеті қанша?


Жұмыс барысымен ақпарат алмасып, жаңалықтарды зерделегенде жарнамадан шыға келген мына бір сөйлем жүрегімді жаншыды. «Шымкентте қарттар үйі ашылды». Бәзбіреулерге қарапайым сөйлем, енді біреуге кезекті бір жаңалық болар. Алайда мен үшін бұл сөйлемнің жүгі ауыр.
Санамда арпалысқан сан ойлар қолыма қалам алғызбасқа болмады. Қартын сыйлаған ұлттың ұрпағы емес пе едік? Қазір қайда барамыз? Кімге айналудамыз?
Жоғарыда аталған мақалада қарттар үйіне 30-ға жуық қарттың орналастырылғанын айтады. Сонда олардың ешбірінің перзенті жоқ деу қисынға келмейді. Ал баланы «Бақыт» дейміз, баласы барлар бақытты, балалы үй базар дейміз. Ата-ананы осынша қуанышқа бөлеп, өмірінің мәніне айналған баласы өскен соң керексіз дүниедей тастай салмақ па? Бұл қалай болғаны?
Бұл үйдің басты мақсаты – қараусыз қалған қарттарды мемлекет қамқорлығына алу деп көрсетілген. Қызметкерлер кеңпейіл, адал болады дейді. Лайым солай болсын. Жарайды делік, қамкөңіл қарттардың көңілін қанша алдаусыратқанмен, перзентінің мейірімі мен немерелерінің шуылын алмастыра ала ма?
Қарт десе, әркімнің өз шаңырағына береке кіргізіп, құт дарытып отырған ақ сақалды атасы мен ақ жаулықты әжесі елестері қақ. Тілеуімізді тілеп, балаларына ақылын, немерелеріне ертегісін айтып, ортамызда аман-есен отыра берсе екен дейміз. Өкінішке орай, перзент атаулының бәрі ата-анасын алақанына салып, аялап отырған жоқ. Өзін мына жарық дүниеге әкеліп, ақ сүт беріп өсірген, түн ұйқысын төрт бөлген анасын, мойнына мінгізіп еркелетіп, баласының бақыты, игілігі үшін бар күш-қуатын арнаған әкесін қартайған шағында өзектен тепкендер де аз емес, әлі де азаймай тұр. Әйтпесе, қарттар үйіндегі қариялардың саны жылдан-жылға артар ма еді? Әу баста үй-күйі жоқ қарттар мен мүгедектерді әлеуметтік қорғау мақсатында өткен ғасырдың 1950-1960 жылдары құрылған мекемелер қуатты ұлы бар ақсақалдың, дәулетті қызы бар кейуананың құтты мекеніне айналар ма еді?
Расында да, мұсылман елдерінде, әсіресе, қазақ қоғамында жалғызбасты қа­рия, қараусыз қалған қарт деген ұғым мүлдем болмаған.Қазақта «Әкең жынды болса, байлап бақ» деген тіркес бар. Қандай болсаң да бағу міндетің. Ата-анаға таңдау жасай алмаймыз. Ал баласы болмады дейік. Осындайда қартты қаңғытып қойып ағайын-туғаны күнделікті  тұрмысын кеше бермек пе? Ұлтымызды айтып мақтанғанда «жетімді жылатпадық, жесірді қаңғытпадық» дейміз. Ал әр үйдің төрінде отыратын ардақты ата-әжелеріміз «Қарттар үйінде» «қаңғып» жүр.
Қазақылықтың ортасы, салт-дәстүр берік сақталған деп есептелінетін Шымқалада қарттар керексіз болып жатса, өзге өңірлерге не айтамыз? Бәзбіреулер «қарттардың қадірі қалмады, сондықтан қараусыз қалуда» деп жастарды ақтап алғысы-ақ келеді. Бірақ қандай деңгейде жаман адам болса да, ол сенің осы жарық өмірді көруіңе себепші болған жан. Екінші анам үнемі «Барлық адам жақсы. Жаман адам деген жоқ. Ең жаман деген адамның да жақсылығы болады» деп айтып отырады. Меніңше жастардың адам бойындағы тек жамандықты көрмей, жақсылығын да жіпке тізіп, бағалағаны жөн сияқты.
Түйін
Қарт бар жерде береке бар. Қарт бар жерде тоқтау бар. Олар айтатын ақылдың құны ерек, олар көрсететін жолдың жөні басқа. Сондықтан қарияларды қадірлеп, ардагерлерді ардақтау үшін «Қарттар үйінің» қажеті қанша? Қарттарымыз өз үйінің берекесі, мерекесі, шырақшысы, тілекшісі болып төрімізде отырса айып па? Керісінше үйімізде сән де, мән де болар еді. Ата мен әженің тәрбиесін алған ұлдар ұлықты, қыздар қылықты болар еді. Жүзіміз айтылса жүгіре жөнелетін, руымыз аталса өре түрегелетін қазаққа қариясын қаңғытатындай не болды?Санамдағы сан сұрақтар осылайша өрілді. Бірақ жауабы жоқ. Байқағаным мейірім азайып, жақсылық шырағы сөніп барады. Қоғам қайтсе түзелмек?
Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ
27 маусым 2023 ж. 440 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№94 (10359)

26 қараша 2024 ж.

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 315

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 413

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930