Халықпен кездесу жалғасуда
Аудан әкімі Жандос Еркінбек ел Президентінің жарлығы аясында Қуаңдария және Т.Көмекбаев ауылдық округтерінің халқымен кездесті.
Еркін форматта өткен кездесуде аудан басшысы жыл басынан бері атқарылған жұмыстарды саралап, алдағы жоспарларымен бөлісті.
Биыл Қуаңдария ауылында облыстық бюджет арқылы Ерімбет және Бейбітшілік көшелеріне орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ, Т.Жұбандықов көшесінің бойындағы балалар ойын алаңына жасанды (газон) төсеніш және ауылға КТПН-400-10/0,4 кВ трансформатор сатып алынбақ. Одан бөлек, 5 көшені жарықтандыру үшін жоба-сметалық құжаттама әзірлеу және сараптамадан өткізуге қаржы қаралып отыр.
Ал Т.Көмекбаев ауылында ағымдағы жылы су құбыры ғимараттарын қайта жаңғырту, №18 «Қуаныш» бөбектер бақшасы қазандық ғимаратын салу және «Қарақ», «Қоңыраулы» учаскелерінде су шаруашылығы жұмыстары жүргізіледі. «Т.Көмекбаев ауылы паспорты» орнатылып, абаттандырылады. Сонымен қатар, Тәуелсіздік, Балқы базар көшелеріне жөндеу жүргізуге жоба-сметалық құжаттама әзірлеу және сараптама қорытындысын алуға тиісті қаржысы қаралған.
Жиын соңында аудан басшысы елдімекендерді дамыту мен халықтың тұрмыс-тіршілігін арттыруға бағытталған игі істер жалғасын таба беретінін жеткізіп, әрі қарай тұрғындардың қойған сұрақтары мен ұсыныс-пікірлеріне жауап берді.
Сондай-ақ аудан басшысы халықпен кездесулерден кейін Қуаңдария ауылындағы Ерімбет және Бейбітшілік көшелерінің орташа жөндеу жұмыстарымен және Т.Көмекбаев ауылындағы «Жастар бастамаларын қолдау» әлеуметтік жобасы аясында атқарылған жұмыстармен танысты.