» » Қасіретті жылдар ел жадында

Қасіретті жылдар ел жадында

«Мен – қазақпын мың өліп, мың тірілген,
Жөргегімде таныстым мұң тіліммен.
Жылағанда жүрегім күн тұтылып,
Қуанғанда күлкімнен түн түрілген», – деп ақын Жұбан Молдағалиев жырлағандай, жиырмасыншы ғасыр халқымыз үшін нәубет пен қасіреттерге толы ғасыр болды. Кеңес өкіметінің «Кіші Қазан» деп атаған күштеп ұжымдастыруы салдарынан жерімізде 1920-1930 жылдары ашаршылық орын алды. 1925 жылы қыркүйекте Қазақстанға басшылық қызметке Ф.Голощекиннің келуі елдегі жағдайды одан бетер ушықтырды. Ол Қазақстанды кеңестік өзгерістерден тыс қалған деп санап, «Кіші Қазан» төңкерісін жүргізу саясатын ұстанды. Оның жүргізген саясаты ұлт зиялыларын жаппай қуғындауға, «асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын» деген ұранмен жаппай ұжымдастыру мемлекеттің жоспарын шамадан тыс орындау мақсатының нәтижесі – халықты аштыққа ұшыратты. Ашаршылық туралы жантүршігерлік деректер «Қызылдар қырғыны» атты 1993 жылы З.Қыстаубаев пен Б.Хабдина құрастырған кітапта әсерлі берілген. Аштықтан соң іле-шала 1937-1938 жылдардың қуғын-сүргіні мен репрессиясы басталды. Тарихи деректерде осы зобалаңнан халықтың жартысы қырылғаны айтылады. Оқыған-тоқығаны мол, сауатты, баскөтерер азаматтардан дәл сол тұста айырылып қалдық. Ол заманда солақай саясат шындығын айтуға болмайтын, қара халықтың мүддесі мүлде ескерілмейтін. Ұлы Отан соғысы кезіндегі халықтардың депортациясы қатаң түрде, мыңдаған адамның өлімімен, трагедиямен жүрді.

Тарихи деректер бойынша 1937-1944 жылдары бір адамына дейін қалдырмай толық көшірілген, мемлекеттік белгісі, автономиялық құрылымы жойылған 10 халық бар екен. Бұлардың депортациясы классикалық түрде жүргізілген халықтарға қарсы геноцид деуге болады. Бұлар соғыс кезінде тек ауыр жұмыстарға пайдаланылды. НКВД өзінің барлық күштерін пайдаланып, бұлардың барған жерінде жергілікті халыққа сіңісіп кетпеуін, достасып кетпеуін қадағалап отырды. 1941 жылдың 12 тамызында КСРО-ның Халық Комиссарлар Кеңесінің және БКП (б) Орталық Комитетінің бірлескен №2060935сс «Волга бойы аудандарында тұратын немістерді көшіру туралы» қаулысы қабылданды. Л.Берияның Ішкі Істер Халық Комиссариаты басқармасына жіберген хатында «Оларды көшіріп орналастыру керек, қалада тұратындарды қалаларға, ауылдық жерлерде тұратындарды бар колхоз бен совхоздарға және немістер тиеген эшелондарды жөнелтуді 1941 жылдың 3 қыркүйегінен бастау керек» делінді. Жоспар бойынша 1941 жылдың 25 қазанына дейін Қазақстанға 467 мың немісті, оның 15 мыңын Қызылорда облысына көшіру белгіленді, бірақ та мұрағат деректері бойынша Қазақстанға 420 мыңнан 444 005 неміс ұлтының өкілі қоныстандырылды. Олардың 3145-і Арал және Қазалы ауданына орналастырылды. 1941 жылы Қазақстанға көшірілген немістермен бірге Севастопольден гректер де әкелінді. 1942 жылы Майкоптан көшірілген гректер Қазалыға жайғастырылып, облысқа қоныстандырылды. Олар қарапайым сөзбен айтқанда, еңбек майданына алынды. Осылай әскер қатарына алынғандар есебінен туындаған жұмыс қолының жетіспеушілігі жойылды. 1944 жылдың 31 қаңтарындағы Мемлекеттік Қорғаныс Комитетінің шешіміне сәйкес шешендер мен ингуштарды Қазақ КСР-на және Қырғыз КСРна көшіруге шешім қабылданды. Әр жанұяға өзімен бірге 500 келі зат алуға рұқсат етілді. Шындығына келгенде халықты асықтырып, қарсылық, наразылық білдіргендерін табан астында атып тастап отырды. Түрік халқының өкілдері де депортацияға ұшырады. 1944 жылдың қарашасында Орта Азия мен Қазақстанға Месхетияның 220 елді мекенінен (Грузия КСР) 110 мың адам көшірілді. Кеңестік биліктің халықтарды көшіруі соғыстан кейін де толастаған жоқ. Тың игеруге, өндіріс орындарын салуға маман керек деген түрлі желеумен елімізді «Халықтар лабораториясына» айналдырды. Оларға ел, туған жер ұғымы маңызды болған жоқ. Қаншама адамның өмірі мен болашағы тағдырлас болды.

Осыдан отыз жыл бұрын, нақтырақ айтсақ 1993 жылы сәуірдің 14-інде «Жаппай саяси қуғынсүргін құрбандарын ақтау туралы» Қазақстан Республикасының Заңы қабылданды. Содан бері 20 мыңнан аса мұрағаттық қылмыстық іс зерттелінген көрінеді. Алайда, зерттеуді қажет ететін бұл сан одан артық екенін байқауға болады.

Тарихта «Үлкен террор» деген атпен қалған нәубет құрбандарын еске алу мақсатында Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен 1997 жылдан бастап саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні болып белгіленді. Бұл күн қазақ халқының өткенін жадына сақтап, қаза тапқан ерлерді еске алуға және тәуелсіздігін бағалауға көмектеседі.
Ермек ЖЫЛҚЫБАЕВ,
№27 мектеп мұғалімі
31 мамыр 2023 ж. 232 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№94 (10359)

26 қараша 2024 ж.

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 324

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 417

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930