Тағылымға толы ғұмыр
qarmaqshy-tany.kz «Ауылыңда қартың болса, жазып қойған хатпен тең”, - дейді халық даналығы. Үлкеннен үлгі алып, әжелерімізді ардақ тұтып, атадан ақыл сұрайтын халықпыз. Себебі, көпті көрген данагөй аналар, қазыналы қариялар балаларының ғана тәрбиеші емес, бар қазақтың ақылшы, кемеңгері. Дәл осы жолдарды Ақтұрған Табынбаеваға арнап айтуға болады. Ол исі қазақтың алтын бесігі саналатын ауылда саналы да салиқалы өмір кешіп, ұрпақтың ұлы мұраты жолында бар ғұмырын сарп еткен ұлағатты ұстаз.
Әкесі Жақан ауданға белгілі ауқатты кісі болған. Алтын сататын дүкен иесінің ауыл-аймаққа, жоқжітікке жасаған жақсылығы мен қамқорлығы аз болмаған. Бұл жөнінде Абдулла Омар өзінің Марал ишан жайлы 2021 жылы жарық көрген кітабында жазған. Алты Алашқа аты мәлім, атақты әулие «Марал баба» кітабының 160-бетінде «Марал ишанның немересі Оспан ишан дүниеден өтерден бұрын Жам тауындағы Жалаңаяқ пірге зиярат етуге әзірленеді. Қармақшы өңірінде алтын дүкен ұстаған, тегі Алтын руынан шыққан ағайынды Жақан мен Жүсіпке келеді. Үлкен сый көріп, қарызға біраз алтын ақша алады. Ізгі мұратына жетіп, сапардан қайтарда тағы да Жүсіптің шаңырағына тоқтайды. Үй иесі мал сойып, әулиені бірнеше күн қонақ қылады» деп ағайынды Жақан мен Жүсіптің жомарттығы мен кеңпейілдігін, әулие ұрпағына тигізген шапағатын кеңінен сөз етеді.
Кітапта Жүсіп бай-бақуатты болса да бір перзентке зар болғаны айтылады. Оспан ишан: «Жүсіпжан, саған ризамын» деп алған ақшасын қайтармақ болғанда, Жүсіп жылап жібереді. Әйелі Зәмзе де: «Тақсыр, сізге қарыз деп бергеніміз жоқ. Алмаймыз» деп зар еңірейді. Алмасына көзі жеткен ишан екі қолын жайып, «Жүсіпжан, Алладан не тілегің бар?» дегенде, «Ишеке, бірінші әйелімнен перзент көрмедім. Мына келіншегіме қосылғаныма да екі жыл өтті. Алладан жынды болса да бір перзент тілеймін» деп тағы жылап қоя беріпті Жүсіп. Оспан ишан «Алладан тілегенің болсын!» деп бата беріпті. Жүсіптің бауыры Жақанда да бала тұрақтамай, перзент зардабын тартқан адам. Ақтұрған анамыз он баланың ішінен аман қалған жалғыз тұяқ.
А.Жақанқызы өмірлік серігі Абдулда Сериевпен 38 жыл отасып, ұл-қыз тәрбиелеп өсірген алтын құрсақты ана, аяулы жар. Ұлдарын ұяға, қыздарын қияға қанаттандырып, немере-шөберелерінің қызығына бөленіп отырған әзиз әже.
Ол уақытында М.Калинин атындағы №105, О.Шораяқұлы атындағы №30 орта мектептерінде қызмет атқарды. Ұстаздық жолында қаншама шәкірттің жүрегіне жол тауып, темірқазықтай бағыт-бағдар беріп, қолына білім кілтін ұстатты. Ұзақ жылдар бойы білім нәрімен сусындатып, мейірім дәнегін сепкен ұстаздың шәкірттері аз емес. Бүгінде құрметті зейнет демалысына шыққан ардагер ұстаз жер жәннаты Жетісудың кіндік қаласы – Талдықорғанда тұрып жатыр.
Адал еңбек еткен ақ жаулықты анамыз 75 жастың асқарына шығып, ғұмыр дариясының жаңа белесіне қадам басып отыр. Ғибратты ғұмыр иесі бұл мерейлі жасқа асқақ абырой, терең білім, толысқан тәжірибемен жетті. Ағаш жапырағымен, адам өмірі өркен жайған ұрпағымен көрікті. Отбасындағы береке-бірліктің ұйытқысы мен шаңырақтың шырақшысы бола білген ананың саналы ғұмыры, атқарған игілікті істері жас ұрпақ үшін нағыз өмір мектебі. Жан-жары Абдулдамен жүріп өткен ізгі жолы – ұл-қыздары үшін адамгершілік пен тәлім-тәрбиенің ең жоғары үлгісі.
Жеке басым Ақтұрған Жақанқызын жақсы білемін. Отбасында болып, оның қолынан талай шай іштім. Кіші қызы Анель Атырауға ұзатылғанда үйлену тойында құдалар қатарында бардым. Туған жері қасиетті Қармақшы жеріңде де болғанмын. Екі атадан жалғыз тұяқ Ақтұрған әже бүгінгі күні үбірлі-шүбірлі немере-шөберелері арасында мейірім бұлағындай болып, күліп-ойнап жүре берсін.
Амангелді ҒАБДЫЛКӘРІМҰЛЫ,
ҚР Парламенті Сенаты депутаты, тарих ғылымдарының кандидаты