Жасыл желек – жанға сая
qarmaqshy-tany.kz Көркейту-көгалдандыру, санитарлық тазалық, абаттандыру – қоғамды гүлдендіріп, дамытатын, әдемі көрсететін дүниелер. Жасыл желегі жайқалған, арығынан сызыла су аққан, көркем қасбеті келіскен елге сырттан келетін қонақтың да, тұрғылықты жұрттың да риза болары сөзсіз.
Жақында аудандық Әйелдер, Аналар кеңесінің бірлесе ұйымдастыруымен №284 мамандандырылған мектеплицей-интернаты ауласына көркейтукөгалдандыру жұмыстарын жүргізді. Атап айтқанда, кеңес мүшелігіндегі ардақты аналар мен қыз-келіншектер қазақтың ұлттық киімімен келіп, түрлі тал көшеттерін отырғызды.
Игі шарада аналар қауымы білім ұясының жаңадан тағайындалған директоры Тәжігүл Әбеноваға ақ тілектерін жеткізіп, алдағы жұмысына табыс тіледі. "Орамал тон болмайды, жол болады" дегендей, өздері тарапынан әкелген азын-аулақ сыйлығын тарту етіп, баталарын берді.
Іс-шараға аудандық білім бөлімінің басшысы Гүлзира Мәжитқызы арнайы келіп, кеңес мүшелерімен әңгімелесті. Оларға алғысын білдіріп, жаңа білім ұясының келешектегі жоспар-бағытын таныстырды.
– Аналар қашанда елдің берекесі мен игілігіне өмірін арнаған. Алдымен перзентін мәпелеп өсіріп, қатарға қосса, одан кейін қоғамның дамуына белсене араласқан. Менің де бүгін Ақжар ауылынан тал көшеттерін әкеліп жатқан жайым бар. Осында жақсылап жер дайындалып қойылған екен. Аудан аналары аз да болса өз қолтаңбамызды жасыл өскінді кейінгі ұрпаққа қалдырып жатсақ, бізден бақытты жан болмас еді. Ендігі жерде еккен қаламшалардың тамыр алып кетуін тілейміз, – дейді Ақжар ауылдық әйелдер кеңесінің төрайымы, ардагер ұстаз Рая Жөнейтова.
С.ДАТ