Жануарларға жауапкершілікпен қарау түсіндірілді
qarmaqshy-tany.kz Қазақстан Республикасының «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» Заңы 2021 жылдың 30 желтоқсанында қабылданып, былтыр 2 наурыздан бастап күшіне енді. Осы Заң нормаларын жүзеге асыратын тиісті қағидалар әзірге қабылданған жоқ. Дегенмен олардың жобалары ұсынылған-ды. Осыған орай, аудандық ветеринариялық стансасы аудандық жергілікті учаскелік полиция кызметкерлерімен бірлесіп «Жануарларды аулау, уақытша ұстау және жансыздандыру» мен «Үй жануарларын ұстау және серуендету» қағидалары туралы қала, кент, ауылдық округтерде және халық арасында түсіндірме жұмыстарын жүргізді.
Түсіндіру кезінде Заң талаптары мен әзірленіп жатқан қағидалар туралы кеңінен айтылды. Заңның 3-бабы 2-тармақшасында атап көрсетілген жануарлардың тіршілігі, саулығы мен амандығы үшін иесінің дербес жауаптылығы, 4-бабы 2-тармағы, 4-тармақшасындағы жануарлар арнаулы панажайларға орналастырылғанға немесе өзге де заңды тәсілмен иеліктен шығарылғанға дейін жануар иелерінің оларды ұстау жөніндегі міндеттерін орындаудан бас тартуына тыйым салынатыны туралы жануарларды ұстаушы тұрғындарға баса айтылуда.
Тұрғындар арасында жануарларды өріске айдап апармай үйден шығара салу, сонымен қатар иттерін байлап ұстамайтын азаматтар кездесуде. Ондай жануарлар қоғамдық орындарды бүлдірумен қатар, адамға қауіп төндіреді. Аталған Заң талаптары осындай келеңсіздіктерді болдырмауды көздейді.
Сондықтан, жануарларды асырау, оларды бағып-күту және серуендету кезінде жануарларды ұстаушы тұлғалар заң талаптарын басшылыққа алуы тиіс.
Ринат СҮЛЕЙМЕНОВ,
аудандық ветеринариялық станция
директорының орынбасары