Үшем келді өмірге
qarmaqshy-tany.kz Шаңырақ көтерген әрбір жас жұбайдың алғашқы арманы – бала сүйіп, ата-ана атану. Алайда, болашаққа үлкен үміт артып бас құраған жастардың барлығы бірден бұл қызыққа жете бермейтіні тағы бар. Қазір ең алдымен келінді кінәлап, тәуіп іздеп тентіреп, емші іздеп ес кетіретін уақыт емес. Бала сүйе алмай жүрген жандарға медицинада мүмкіндік көп. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен еліміздегі демографиялық ахуалды жақсарту мақсатында «Аңсаған сәби» арнаулы бағдарламасы іске қосылған болатын. Бағдарламаның мақсаты – қосалқы репродуктивті технологиялардың көмегімен отбасылықдемографиялық мәселелерді шешуге жәрдемдесу.
Бұл бағдарламаның игілігі арқасында қуанышқа кенелгендердің бірі – Байқоңыр қаласының тұрғыны 31 жастағы Әйгерім Әлімханова. Ол жуырда Айлин, Анель, Аделя есімді үшем қызды дүниеге әкелді. Әйгерім Арыстанқызы Байқоңыр қаласында жүктіліктің 28 аптасында мерзімінен бұрын кесарь тілігімен босанды. Шақалақтар 1180, 1200, 1400 грамм болып туған. Уақытында санитарлық авиация арқылы облыстық перинаталдық орталыққа жеткізіліп, орталық неонатологтарының ерекше күтімінде болған. 1 сәуірде облыстық перинаталдық орталықтан Алматыға жеткізілген. Қазір анасы мен үшемдердің жағдайы жақсы. Дәрігерлер бақылауында.
– Бір сәбиді аңсап жүрген мен үшем босанамын деп үш ұйықтасам да ойламаппын. Жүкті екенімді білсем де құрсағымда үш жүректің соғып тұрғанын сезбедім. Естігенде жолдасым екеуміз көзімізге жас алдық. Ата-анамыздың қалай қуанғанын білсеңіздер. Қыздардың ата-әжесі өзіміз бағамыз деп үйге оралғанымызды асыға күтіп отыр. Шақалақтар өте әлсіз болғандықтан барлық жағдайымды жасап, қолдан келген демеулерін аямаған медицина мамандарына алғысым шексіз. Қызылордадағы «ЭКО мед» дәрігері Гүлсім Қанатқызына, Алматыдағы дәрігер Айгерім Қайратқызына, «Ана мен бала» орталығындағы дәрігер Лаура Асқарқызы, невропатолог Жазира Серікқызы, «Нәресте» паталогиясының меңгерушісі Шынар Дастанқызы, Индира Ерболатқызына, учаскелік гинеколог Айгерім Бекмамбетоваға ерекше рақметімді айтқым келеді. Ана атану керемет қуаныш екен. Сөзбен жеткізе алмаймын. Біз жолдасымыз екеуміз бұл керемет сәтті ұзақ күттік. Осындай бақыт барша нәзікжандыға бұйырсын, – дейді үшемнің анасы.
Бірден 3 қыздың әкесі атанған Еркебұлан Ұзынжасовтың да қуанышында шек жоқ. Ол туған-туыс пен достарымен бірге үш қызын перзентханадан үйге шығарып алатын күнге дайындалып жүр.
– Алла Елшісі Мұхаммед пайғамбарымыз: «Кімде-кімнің үш қызы дүниеге келсе, сол үш қызының қиыншылығына шыдап, қуанышымен бөліссе, жақсылап тәрбиелесе, жеткізсе, Алла Тағала осы рақымы үшін оларды өз жұмағына кіргізеді» деген екен. Қыздарыма жақсы тәрбие беруге тырысамын. Келешекте олардың ізінен тағы да іні-сіңлілері ереді деген сенімдемін. Бастысы – ұрпағымыздың дені сау, болашағы жарқын болсын дейді, – ағынан жарылған әке. Дана халқымыз «Бір қозы туса, бір түп жусан артық шығады» деген. Әр баланың өз несібесі бары анық. Баласын елжірей сүйіп, еміреніп отырған ата-ананың бақытты сәтін көру – қандай ғажап! Бұл әлемде шаңырақ шаттығын еселеп, өмірге сәби келгеннен артық мерей болмас, сірә!
Гүлжанат ДҮЗЕНОВА