Мектеп театры туралы ой
qarmaqshy-tany.kz ВИКИПЕДИЯЛЫҚ ДЕРЕКТЕРГЕ СҮЙЕНСЕК, ҰЛЫБРИТАНИЯ АРАЛЫНЫҢ ҮШТЕН ЕКІ БӨЛІГІНІҢ ҒАНА ОРНЫН АЛҒАН АНГЛИЯ МЕМЛЕКЕТІН ҚҰРАУШЫ АҒЫЛШЫНДАРДЫҢ ХАЛЫҚ САНЫ 68 МИЛЛИОН ЕКЕН. АЛ ӘЛЕМДЕ АҒЫЛШЫН ТІЛІН БІЛЕТІНДЕР МЕН ОНЫ ҚОЛДАНАТЫНДАРДЫҢ САНЫ БІР ЖАРЫМ МИЛЛИАРДТАН АСЫП ЖЫҒЫЛАДЫ ДЕЙДІ БІР ДЕРЕКТЕР. ЖЕР КӨЛЕМІ МЕН САНЫ ЖАҒЫНАН БАСҚА ЕЛДЕРМЕН САЛЫСТЫРҒАНДА АЗ КӨРІНЕТІН ОСЫ ХАЛЫҚ ҚАНДАЙ ӨНЕРІМЕН ОСЫНША ЫҚЫЛЫМДЫ ЖАУЛАП, ӨЗ ТІЛІНДЕ СӨЙЛЕТІП ТҰР? – ДЕГЕН ОЙҒА АМАЛСЫЗ ЕРІК БЕРЕСІҢ.
Алайда қазіргі жаһандану дәуірінде бұл сұраққа лайықты жауабы берілген. Шығармалары әлем халықтарының барлық тіліне аударылып, ағылшын әдебиетін дүниежүзілік әдебиеттің биік деңгейіне көтерген драматург, ақын Ульям Шекспир әйгілі комедиялары мен трагедияларын осы тілде жазған. Оның «Гамлет», «Отелло», «Асауға тұсау», басқа да пьесалары көптеген елдердің драма және опера театрларында сахналанып, көрермендердің рухани әлемінен елеулі орын алған.
Физика, математика, астрономия және табиғат философиясына қосқан ғылыми үлесі әлемді адамзат тарихындағы орасан зор ғылыми революцияға алып келген Исаак Нютон да осы халықтың өкілі.
Жаһандық деңгейде белгілі болған құндылықтардың біразы «өндірістік революцияның отаны» атанып, жаңа технология жетістіктерін игеру ісінде икемділік танытқан осы бір кішкентай аралдағы елден шықты десек қателесе қоймаспыз.
Бұны айтып отырған себебіміз – халқының сана-сезімін, ұлтының интеллектуалдық деңгейін, мемлекетінің беделін биік ұстаған елдермен тең дәрежеде дамуға ұмтылу қазіргі уақыт талабы. Елдің өндірісін, шаруашылығын көтеруде, ғылымын, өнерін, мәдениетін, рухани байлығын молайтуда түрлі ізденістер жасау бүгінгі ұрпақтың абыройлы борышы деп білеміз. Салауатты да сәулетті өмірге қадам басу – ел күткен жаңа дәуірді жақындату.
Ол сәулетті өмір – біз үшін «Жаңа Қазақстан» құру, «Әділетті Қазақстан» орнату. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлының да қазіргі күні алдымызға қойып отырған үлкен талабы осы.
Бүгінгі күні жасөспірімдер тәрбиесі, олардың интеллектуалдық дамуы ұлтымыз үшін өзекті тақырып болып отыр. Аудан жұртшылығы да бұл мәселеге алаңдаулы. Осыған орай, түрлі білім беру орындары – мектептер, мектептен тыс мекемелердің жұмысына баға беріп, бағдарламалық жол көрсетуден аулақ, ата-ана ретінде, ұрпақ тәрбиесіне алаңдайтын жұртшылық өкілі ретінде бірсыпыра ойда жүрген мәселені ойтамызық етіп ортаға салмақпын.
Жаңа технологияның жан-жақты дамыған қазіргі дәуірінде, әлеуметтік желінің түрлері бірінен бірі асып түсіп, ақпараттық кеңістіктің өрісі мейлінше кеңейіп тұрған заманы жастарымызды көркем әдебиет оқудың ауылынан алыстатып жіберді. Тіпті үлкендеріміз де күнара келетін баспасөз парақшаларынан бұрын барлық ақпаратты ұялы телефон арқылы біліп алып, тымпиып отыратын болдық. Газет, жорналды парақтап, диванда көркем әдебиет оқып жататындардың қатары азайып барады.
«Қазақ радиосы», «Шалқар бағдарламасы», тағы да басқа радиохабарларын тыңдауды да ұмыттық. Көп арналы тележәшіктің де алдында отыруды сиретіп келе жатқандаймыз.
Бірақ, түрлі көркемфильмдер көру, театрдағы сахналық қойылымдарды барып көру, көркем әдебиет оқу сияқты құндылықтардың орнын әлеуметтік желі толықтырады деген сөз емес бұл. Адамға көркем туынды оқудан келетін жан азығын, көркемөнердің түрлерінен алынатын эстетикалық сезім дүниесін қолға ұстап, құлаққа киген заманауи аппараттың кез келгені жеткізіп бере алмайтынына сене беріңіз.
Ескі заманның ғұламалары да, қазіргі заманның зерделі ғалымдары да адамда көздің екеу болатынын айтады. Бірі – бастағы кәдімгі көз. Жалғанның жарығында айналаңды көруге берілген екі көзің. Екіншісі – көкірек көзі. Өнертанушы ғалымдар «воображение» деп жүрген бұл екінші көздің көрмейтіні жоқ.
Айталық, ерте көктемде қыр басына шығып қызғалдақты қырқаның ортасында жүрсіз дейік. Айнала көз қарықтырар қызылды-жасылды, сарыала гүлдер. Көзбен көріп тұрсыз. Сүйсініп тұрсыз. Ал енді аша алсаңыз екінші көзді ашып, тереңірек үңіліп қараңыз. Қолыңызбен ұстамасаңыз да бойыңызды саусақтарыңыздың басында бір үлпілдеген нәзік жапырақтар тұрғандай сезім баурайды. Мұрныңызға тақамасаңыз да ерекше бір хош иіске мас боласыз. Өзіңізді ақ басты Алатаудың етегінде жүргендей сезінесіз. Тіпті әл-әзір Голландияға да барып келгендейсіз. Өйткені сіз көкірек көзіңізбен қазақ даласының әлемді таң қалдырған нәзік гүлін көріп қана қоймай, сол арқылы құлағыңызға жеткен, санаңызды сілкіндірген тарих үнімен тербеліп тұрасыз.
Болмаса. Мәдениет үйінің сахнасында белгілі күйші Берік баласымен екеуі ортаға Бағдагүлді алып, «Аққу» күйін тартып отыр дейік. Домбыра шанағынан шыққан әсерлі әуез көкірек көзіңіз арқылы көкейге құйылуда. Көмейінен бе, қаққан қанатының астынан ба сұңқылдап шығып жатқан аққу үні, тербетілген толқынның майда сылдыры, су жиегіндегі әлде қамыстың, әлде қоғаның қоңыр сыбдыры. Міне ұшты. Ұшқан да жоқау, ә дегенде аспандай алмай көлдің арғы басына барғанша қанаттарын сатыр-патыр сабалап жүгіре жөнелді. Әні, көтерілді-ау! Құс атаулы тіршілігінің негізгі тірегі – ашық аспанда әуелей ұшып, біртіндеп алыстап барады...
Сурет пе?
Сурет!
Сурет түрлі түсті қарындашпен немесе боялы қылқаламмен салынбаушы ма еді?
Жоқ. Бұл – құлақпен есіткен адамға көкірек көзі арқылы көрініп отырған суреттің ерекше бір түрі.
Табиғаттан алынған тамшыдай жаныңды шуаққа бөлеп, жүрегіңе нұр құятын үзік сырлар адамға осылай көркемөнер арқылы ғана беріледі.
Ендеше әлеуметтік желідегі шым-шытырық бір-бірімен қабыспайтын ақпараттар мен астына жазылған сан түрлі сапырылысқан пікірлерден жастарды алыстату ісінде оларға көркемөнер түрлерінің құдіретін түйсіндіру маңызды.
Біз білетін көркемөнердің бес түрі бар. Олар: жазу өнері, саз өнері, сәулет, сурет өнері, театр өнері деп аталады. Әрқайсысының өз құралы бар. Ақын, жазушылардың құралы қалам болса, әнші, күйшілер түрлі саз аспаптарын қолға алады. Сондай-ақ суретші қылқалам ұстаса, сәулетші кепкен балшық пен түрлі құрылыс заттарын пайдаланады.
Ал театр өнері – синтездік өнер. Ұжымдық өнер. Және ең көнеден, тіпті антикалық дәуірдің де ар жағынан келе жатқан өнер. Сахна өнері деп те айтады. Мынау біздің Қорқыт ата кешеніндегі амфитеатрдың құрылымы сонау грек, рим мәдениетінің ескі дәуірінен келе жатқан суреттерден алынған.
Сахна өнерінің ең алғашқы бастауында тұрған «Дель арте» театрының (мүмкін біз білмейтін одан да ертерек пайда болған түрлері бар шығар) артистері осындай айнала отырған жұрттың ортасында алдын ала жазылған сценарий жоқ, дайындалған сахналық суреттер жоқ, табан астынан өздеріне берілген тақырып бойынша спектакль қоятын болған. Импровизация, яғни суырып салмалық өнер. Біздегі айтыс өнеріне ұқсай ма? Ұқсайды!
Сыр бойы ақындарында «Алты ақынның айтысы», «Шораяқтың Омары мен Қарасақал Ерімбеттің айтысы», «Кете Жүсіп пен Таубайдың Жүсібінің айтысы» деген жазба айтыстар бар. Ол айтыстардың кейбірі бірнеше жылға созылған жәйлары кездеседі.
«Бір қыз бен он алты ақынның айтысын» оқып отырсаңыз осындағы драмалық тартыс, сөз құдіретінің психологиялық иірімдері сонау «Төменарық түбегінен» бергі жерді – Аламесек, Қуаң бойы, Сырдың төменгі ағысын біріктіріп, түгелдей дала сахнасына айналдырып жібергендей сезінесің.
Кезінде жеке-жеке жырымдалған парақшалар арқылы таралғаны бар, көңілде жатталып ауыздан ауызға жеткені бар ақындардың осындай хат арқылы жазылған айтыстары, екі ақынның ортасына айтылған аралық сөздер өзіндік философиялық тұжырымдарымен кешегі күндері халқымызға рухани азық болды.
Синтездік өнер деп қалдық қой. Айта кетейік, театрдың негізгі құралдары – сөз, сурет, музыка, түрлі-түсті жарықтар, ісқимыл, тағы тағылар. Драматург сөзін жазады, яғни сценарий даярлайды. Суретші сахнаны сценарий мазмұнына сай безендіреді (киім, грим бәрі осы арада дейік), сазгер музыка жазады. Ал актер іс-әрекетін жасаса, режиссер осылардың бәрінің қимылын бір арнаға біріктіреді.
Сондықтан да қазақтың тұңғыш профессионал режиссеры Асқар Тоқпанов: «Театр өнері – бейнелі, әрекетті өнер. Демек әрекет арқылы көрермендерге толқынды, ұмытылмас әсер қалдырады» – деген еді.
Кезінде өндірісі, шаруашылығы бай елдің өнері де, ғылымы да өзіне сай болу керек деген қағида бойынша жер-жерлерде, қалалық мекемелер мен колхоз, совхоздарда драмалық үйірмелер құрылуына мән берілді. Осы күнгі жастардың құлағына жаға бермейтін партия, комсомол, кәсіподақ ұйымдарының басшылығымен драмалық үйірмелер, көркемөнерпаздар үйірмелері күннен-күнге құлашын кең жайып, мәдениет майданының мақтанышы болды сол жылдары.
Жұмысы дұрыс жолға қойылған мұндай үйірмелер ел өмірінің айнасына, адамдардың өмірді терең тануының құралына айналды. Өмірді жасаушылық, сәндеушілік мәнге ие болып, адамдарды бірбіріне рухани жақындата түсті, бір-бірімен терең достығын қалыптастыруға негіз болды.
Халқымыздың бұлбұл әншісі, Кеңес Одағының халық артисі, Мемлекеттік сыйлыққа екі рет ие болған Күләш Байсейітова драма үйірмесінен тәрбиеленіп шықты – дейді қазақ өнерінің аса көрнекті өкілі Асқар Тоқпанов ағамыз.
Сөзімізге тұздық болсын, әрі түпкі ойымызды оқырманға жақындата түсу үшін айта кетейік, Қармақшыдағы механикалық зауыт клубы мен жол бойы клубының сахнасында әркезде «Қыз Жібек», «Ажар мен ажал», тағы басқа спектакльдер қойылып, осындағы басты рольдерді ойнаған Әбдімәлік Әубәкіров, Әсия Юсупова, Кенже Күмісбаев (соңғысы марқұм) сияқты жергілікті өнерпаздардың сомдаған рольдерін сүйсіне еске түсіріп отыратын кісілер аға буын өкілдері арасында әлі бар.
Бүгінгі күні ауданда «Халық театры» атағын қорғап жұмыс жасап жатқан екі театрды білеміз. Оның бірі – аудандық мәдениет үйі жанындағы Мәдияр ініміз режиссерлік ететін театр, екіншісі – Ақай ауылдық клубының жанында. Өткен жылы Жалағаш кентінде өткен облыстық халық театрларының байқауында «Тендерге түскен келіншек» спектаклімен аудандық мәдениет үйі жанындағы халық театры байқаудың жүлделі орнын жеңіп алғанын мақтаныш етіп айтып та жүрміз.
Жастарға өнегесі мол өнер туындыларының терең сырларын сезіндіріп, оларды айналадағы өмірдің әсемдігіне, көркемдігіне тамсандыра отырып тәрбиелеудің мәні зор. Өмір құбылыстарының ішкі мәніне үңіліп, тұңғиыққа тартқан тереңіне бойлай білуге үйрететін өмір сабақтарының бірі – көркемөнер туындыларына қызығу, театр өнеріне бой ұру екендігінде дау жоқ. Ендеше көркемөнер үйірмелері, оның ішінде драма үйірмесі әр мектептің жанында, мектептен тыс мекемелерде жүйелі жұмыс ретінде жүргізілуі керек. Оны сабақтан тыс тәрбие жұмыстарында ғана емес, сабақ процесінің компонентіне де кіргізудің ретін табу ләзім. Қазіргі мектеп өміріне енгізілген «Мектеп театры» жобасының да мақсаты осы боларау деген ойдамыз.
Себебі мектеп театрында өзі ойнаған рольдің тереңіне бойлағысы келген бала ізденіс деген айдынға құлаш ұрады. Ал ізденіс үстіндегі бала осыған байланысты әдебиеттерді, тарихи материалдарды өзі іздеп тауып оқиды. Көркем әдебиеттегі характерлер қақтығысын түсініп, әр кейіпкердің өмірлік мақсатын айқын көру арқылы сол мақсатқа жетудің жолын өзі айқындауға үйренеді. Ал характерлер қақтығысы, мүдделер қақтығысы деген ол бүгінгі өмірдің де сабағы. Бұл сабақты оқымай болмайды.
Өмір ойыншық емес. Өмірлік тартыстарда адам денсаулығынан айрылып жатады. Отбасынан, ағайын-туысынан ажырап жатады. Тіпті өзін-өзі таба алмай жатады. Мұның бәрі адам жан дүниесінің ішкі таяздығынан туындайды. Көзімен көріп отырған айналасын көкірек көзімен бағамдай алмайды. Өзінің көкірек көзін аша алмаған адам (әсіресе жасөспірімдер) өмірдің мәнін аңғара алмайды. Өмірдің қызығына тез тойып қалады. Содан келіп, Құдай бетін әрі қылсын, сәл нәрсеге ренжу оны дүниеден баз кешуге дейін әкеледі. Тіпті айналаны көріп отырған кәдімгі көзінің өзі ештеме көрмейтін жағдайға келуі мүмкін. Қазіргі қоғам дертінің бірі – суицид те осындай құбылыстың бір қолайсыз нәтижесі шығар, кім біледі.
Қазір аудан орталығындағы жұртшылық қауымның бас ауруы болып отырған жағдайдың бірі – жасөспірімдер арасындағы «арғы бет, бергі бет», болмаса «құсхана», «садовой» деген сияқты ешқандай мәні жоқ жікшілдік. Мұның өзін басында «баланың ісі» деп қарағанмен, ауыр зардаптарға соқтырып отырған нәтижелері «олай емес екен» деген ойға қалдырып отыр. Қазіргі уақыттың өзіне шаң жуытпайтын ысқаяқ тәсіліне салып, полиция мұғалімге, мұғалім ата-анаға, ата-ана полицияға сілтеп отыра берсе, бұл жағдай қоғамның шешімі табылмаған осал тұсы болып қала берері сөзсіз.
Сондықтан жасөспірімдерді сахнадағы кейіпкержандылық (школа переживание) мектебі әдісімен де тәрбиелеп көрудің еш сөкеттігі жоқ. Бала тәрбиесінде нәтиже беретін барлық әдісті қолдану, оның ішінде «Роль – адам өмірінің рухани тірлігін сахнада жасау және оны көркем түрде бере білу» деп белгілі актер, режиссер Константин Станиславский айтпақшы, тәрбиедегі көркемөнердің роліне баса мән беретін уақыт жеткен сияқты.
Сөзіміздің басында Шекспир мен Ньютонды бекер келтіргеніміз жоқ. Екеуі екі саланың адамы болғанмен бірін-бірі толықтырып, біріне бірі рухани қолдау беріп барып үлкен бір елдің, белгілі мемлекеттің бір-бір тұтқасы болды.
Ендеше мектептегі гуманитарлық пәндер, техникалық пәндер бойынша өтілетін сабақтар да бір-бірімен ұштасып, баланы ғылымға, техникаға, өнерге, мәдениетке баулуы – бүгінгі уақыт талабы.
Шегебай ҚҰНДАҚБАЕВ,
«Ұлт бірлігі – Қармақшы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы