Бүгін Мұқағали Мақатаевтың туған күні
«Қазақтың күпі киген қара өлеңін, шекпен жауып өзіне қайтарған», поэзияға ерекше екпін әкелген ақиық ақын Мұқағали (Мұхамедқали) Сүлейменұлы Мақатаевтың туғанына бүгін тура 88 жыл толып отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
92 жыл бұрын (1931-1976) ақиық ақын, аудармашы, драматург, Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, «Ғасыр ақыны» атағының иегері Мұқағали МАҚАТАЕВ дүниеге келді.Алматы облысы Райымбек ауданында туған. М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін (әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті) бітірген.
1952-1969 жылдары Қарасаз бастауыш мектебінде орыс тілінің мұғалімі, Қазақ радиосының дикторы, Шалкөдеде Қызыл отау меңгерушісі, Нарынқол аудандық «Советтік шекара» (қазіргі «Хантәңірі») газетінің жауапты хатшысы, «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетінде, «Мәдениет және тұрмыс» (қазіргі «Парасат»), «Жұлдыз» журналдарында әдеби қызметкер, Жазушылар одағы поэзия бөлімінің кеңесшісі қызметтерін атқарған. 1973-1974 жылдары Мәскеудегі Әдебиет және өнер институтында оқыған.
Ақынның тырнақалды туындылары Нарынқол аудандық «Советтік шекара» газетінде 1948 жылы жарияланған. Оның «Ақ қайың әні», «Аққулар ұйықтағанда», «Арман», «Шолпан», «Райымбек! Райымбек!», «Қашқын», «Моцарт. Жан азасы» атты поэма толғаулары мен 650-ден астам лирикалық өлеңдері бар. Ол қазақ өлеңін мазмұн, пішін жағынан түрлендіріп, интонация, инверсия, мазмұн тұрғысынан жаңалық енгізді.
Мұқағали Мақатаев поэзия жанрында ғана емес, проза, драма, сын саласында да қалам тартты. Оның «Қош, махаббат» жинағына әр жылдары жазылған «Құлпытас», «Марусяның тауы», «Өзгермепті», «Әже» әңгімелері, «Қос қарлығаш», «Жыл құстары» повестері мен «Қош махаббат» пьесасы, бірнеше сыни еңбегі енген.
Аударма саласында Шекспирдің сонеттерін, Дантенің «Құдіретті комедиясын», Е.Евтушенко, А.Акопян, Ф.Моргун, У.Уитмен, Р.Бернс, Ф.Ансаридің өлеңдерін тәржімалаған.
Оның өлеңдеріне Нұрғиса Тілендиев, Шәмші Қалдаяқов, Бейбіт Оралұлы, Алтынбек Қоразбаев тағы басқа сазгерлер ән жазды.
Алматыда ақын атында мектеп, көше және сол көше бойында ескерткіші бар. Туған ауылы Қарасазда мұражайы ашылды. Қазақстан Жазушылар одағы 1985 жылдан бері үздік әдеби шығарма авторларына берілетін Мұқағали Мақатаев атындағы сыйлық тағайындаған.
Күні бүгінге дейін ақынның шығармашылығына деген қазақтың құрметі бір мысқал кеміген емес. Бүгін де ақынның өлеңдері мен шығармаларының, ой-толғауларының жаңа кітап болып басылып жатқаны - осыған куә.