Пысықтығына қызыққан
qarmaqshy-tany.kz Ана бір ән бар еді ғой. «Басталады махаббат мектептегі партадан» деп келетін. Бұл кісілердің де бір-біріне деген балалық махаббаты бастауыш сыныпта оқып жүргенде басталғанға ұқсайды. Ағамыздың көзіне сыныптастары ішінен тұлымшағы желбіреген дөңгелек жүзді, кіп-кішкентай, томпақ қыздың пысықтығы түскен. Сабақты озат оқитын ақ бантикті қыз баланың зеректігі де назарынан тыс қалмапты. Бұл – Сақтапберген ағамыз бен Бақыткүл жеңгеміздің ең бір керемет, ең бір ұмытылмастай сақталып қалған бала шақтағы ғажап естелігі.
– Майлыөзекте Бақыткүлмен бір сыныпта оқыдық. Мінезі – жайдары. Артық сөзі жоқ. Сабағын жақсы оқитын. Математиканы шемішкіше шағады. Басқа қыздарға қарағанда бойы кішкентай келген. Соған қарамастан пысық. Бермесіңді тартып алатындай-ақ. Пысық мінезіне қызықтым. Мен кейіннен оқуымды басқа мектепте жалғастырдым. Отбасындағы жалғыз бала болған соң әскерге бармадым. Орта мектепті бітірген соң көлік жүргізуші болып еңбек еттім. Мектепте еңбектен сабақ бердім. Дипломым болмады. Қолымнан ұсталық келетін болған соң, жұмысқа қабылдаған. 1986 жылы сөз салдым. Ол мұғалім болып істейтін. Математикадан сабақ беретін. Қарсы болмай, ұсынысымды қабыл алды. Ортақ келісіммен шаңырақ көтердік. Қолдан ұзатып берді. Құда түстік. Биыл отбасын құрғанымызға 37 жыл толып отыр. Осы уақыт аралығында бірліктің, татулықтың арқасында көптеген сыннан сүрінбей өттік. Қиындықты да бірге еңсердік, – дейді Т.Көмекбаев ауылының тұрғыны Сақтапберген Төлегенұлы.
«Жақсы әйел ерінің басын төрге сүйрейді» дегендей, Бақыткүл Қаһарманқызы жарының педагог болуына тікелей ықпал еткен. Жұбайы да әйелінің сеніміне қарсы келмей, жоғары оқу орнынан тарих пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша білім алып шығады. Осылайша, 25 жыл жас ұрпаққа тәрбие мен білім беріп, зейнеткерлік демалысқа шыққан ағамыздың жан-жарына деген құрметі ерекше. Ардагерлердің қол жеткен табыстары аз емес. 39 жылдық мұғалімдік еңбек өтілінде апай республикалық, облыстық дәрежедегі марапаттарға ие болса, ағамыз ауыл тарихын айшықтайтын мұражай ұйымдастырса, шығармашылық бағытта «Ауылдың иісі», «Қызылқұмның жерұйығы», «Ғұмырымның алтын белесі» және «Құтты болсын» атты кітаптары оқырманнан жоғары бағасын алған. Отбасындағы 5 баланың барлығы білікті мамандар. Ел дамуына дәрігер, педагог, археолог, геолог ретінде үлестерін қосуда. «Біздің отбасының ұстанатын басты қағидасы – еңбекқорлық, қарапайымдылық, шыншылдық. Ағайын-досқа адалдық пен қамқорлық» дейді ерлі-зайыптылар.
Сәрсенкүл ЖАУДАТБЕК