Қазаны қалай естіртіп жүрсіз?
qarmaqshy-tany.kz Жаһандану заманында әлем мәдениетін меңгеріп, техниканың тілін тізгіндеп тұрған шақта адамдықтың ақылы кеміп, руханилықтан алыс тап бара жатқандаймыз. Қазаны телефонмен естіртіп, қала берді жақынын жоғалтқан адамға көңіл сөзін "ватцапқа" жаза салатын деңгейге жеттік. Жан бар жерде қаза бар. Пенденің ерте ме, кеш пе ажалдың алқымында кететіні ақиқат. Дей тұра біз қазаны қалай естіртіп жүрміз?
Дүниедегі ғайыптың бірі – ажал. Рас, ажал айтып келмейді. Әр адамның дәм-тұзының таусылуы тіршіліктің бұлжымас заңы. "Тумақ бар жерде өлмек бар" деген. Қазақ халқының ежелден келе жатқан салт-дәстүрі бойынша қаза, өлім бір адамның, не жеке бір отаудың қайғысы емес, ағайын-тума, ел-жұртқа ортақ қайғы болып есептелген. Қалыптасқан дәстүр бойынша әрбір бас көтерер адамның қаралы үйге келіп, қаза иелеріне көңіл айтуы парыз саналады. Қаза, өлімге байланысты қазақ халқында естірту, көңіл айту және жоқтау сияқты ғұрыптар бар. Өлімді естіртудің де өзіндік қалыптасқан әдебі бар. Қазақ халқы ешқашан далада қайтыс болған адамды өз шаңырағына бірден шалқалатып алып келмеген, еш уақытта ет жақын бауыры өлген кісіге «пәленше өліп қалды» деп туралап айтпайды. Жөн танып, жоба білетін ақсақалдар топталып, жиналып келіп естіртеді. Өкінішке қарай, осы дәстүріміз сұйылып "біреу қайтыс болыпты" десе, алдымен әлеуметтік желіде шулап қоя беретінді шығардық. Тіпті марқұмды жерлемей жатып Facebook, Instagram секілді әлеуметтік желіде көңіл айтып, "жұбататын" болдық. Жамбасы жерге тимеген марқұмның ет жақындарына "жатқан жері жайлы болсынды" сүйкей салатын болдық. Бәлки сол адамның алыста жүрген, әлі хабар жетпеген балалары, бауырлары, туыстары бұл қайғылы хабарды осы желіден көрсе, не болады? Мұны мүлде ескермейтін болдық.
Түптеп келгенде қайғы жамылып отырған адам қалай әлеуметтік желіге қарайды? Нағыз жанашыр жақының болса, барып жұбатып, тоқтау айту ең негізгі міндет емес пе? Осыны біле тұра алдымен «сүйінші» сұрағандай, әлеуметтік желіде шулап қоя бергеніміз дәстүрге томпақ, адамдық этикаға да жат екенін ескерсек нетті?! Әдепті де ойлайық. Әлеуметтік желіні де орнымен қолдана білсек екен.
Бұрынғыдай хат-хабар алысу қиын уақыт емес, сондықтан бүгінде бұл салт өзінің түпкі мақсатынан ажырай бастағандай. Кейбір ауылдық жерлерде болмаса қазаны әдейілеп естірту дәстүрі қалып барады. Алыс жерде тұратын туыстарға қаза туралы ұялы телефон хабарламасын жіберіп естірту не қоңырау шалып айту әдетке айналды. Астарлап жеткізу былай тұрсын, уақыттың асығыстығынан бір ауыз сөзбен пышақкесті хабарлай салады. Қазаны да, басқаны да тікелей бетіңе «былш» еткізіп айта салатын батыстың мәдениеті батпандап кіріп жатқанда беймезгіл уақытта телефон шырылдаса қорқатын деңгейге жеттік. «Пәленше қайтыпты» деген суыт хабармен қоңырау шалатындай көрінеді...
Ақнұр САҒЫНТАЙ