Анаға хат
qarmaqshy-tany.kz Тырс-тырс... Тамшылар тамып тұр. Алақанымды тостым, күйдірердей ыстық еді. Мұң болып тамған моншақ жастың осынша ыстық боларын кім білген?! Тамағыма тығылған өксік алқымымнан алып тұншықтырып тастағандай болды. Мені тірі жетім атандырған қоғам, мына әлем, барлығың менің алдымда кінәлісіңдер. Мен тағдырыма налып, өмірден баз кешпеймін. Қиындықтарды жеңіп, алдарыңда кеудеме қолымды қойып тұрамын. Ол күн де келеді әлі...
Ей, тәкаппар дүние! Мына ғалам, мына әлем! Менің кішкентай жүрегімде не болып жатқанын қайсысың қайдан білесің?! Жұдырықтай жүректің түкпіріндегі мың сан тілектің бірін де орындай алармысың?! Жастайымнан көрген тірі жетім атанған шағымнан бергі балалығымның бал шағын қалпына келтіре алармысың?.. Жарқ еткен жалғандағы мөлдір сезімімді сезіне алармысың, сен менің! Безбүйрек ананың, қатыгез әкенің тас боп қатқан жүрегін жібіте алармысың?.. Жетімнің көз жасын тыя алармысың?..
Жо-жоқ! Мына ғаламның ешбір түкпірінде, ешбір нүктесінде ондай күш жоқ, мен білсем. Балалық қуанышым мен шаттығымды сыйлай алар ештеңе қалмады. Неліктен? Қу тағдыр, сенде менің іңкәр жанымды түсінер түк жоқ... Жаңғырған тау тоты құстай өз айтқанымды қайталағаннан басқа тап басар жауап таппайды.
Қазақ биіктікті қыранның қанатымен өлшеуші еді... Менің ата-анамның санасының биіктігі неге осынша болмады екен?! Тоғыз ай, тоғыз күн сағына күткен шақалақты неге ғана мына жетімдер үйінің ауласына, мүлдем бейтаныс әлемге қалдырды екен?! Санамда самсаған сұрақтың бірінің де жауабы жоқ. Өйткені, болмайды да.
Білесің бе, тәрбиеші «Менің – арманым» атты шығарма жаз деді. Ал мен не жаздым, сезермісің?! Менің арманым – әке болу. Перзент сүйіп, оған жетімдіктің зары түгілі, бір сәтке болса да жалғыздық атаулыны ойлауына мұрша бермес едім.
Мен перзентімнің алдында ата-аналық борышымды орындап, оның бір сәтке де мұңаюына, өмірден баз кешуіне жол бермес едім. Иә, мына мені шақалақ күйімде далаға қалдырып, жапан далада жалғызсыратқан тағдырым, ол – екеуің.
Қызық! Мені осы күйге тастап сен бақытты өмір кештің бе?! Аналық бақыттың базарына бас сұға алдың ба? Айтшы, анашым. Мен білгім келеді. Жә-ә, әкенің жақсысы жездедей-ақ емес пе?! Тоғыз ай, тоғыз күн құрсағыңда көтеріп, әрбір күні қуаныштан, шаттықтан жүзің жайнаған күндерді қайда қалдырдың?! Менің мына күйімді сезермісің, білермісің? Өртенген жанымның сырын ұғармысың?
Мен сені жек көремін. Бірақ іздеуден танбаймын. Өйткені, кездескенде көзіңе тура қарағым келеді. Жанарың мені көргенде не дер екен?
...Төрт бүктелген бір бет параққа жазылған осы хатты қолыма алып, көзімнен домалап түскен тамшы жасқа мән бермеппін де. Көңілім құлазып, біразға дейін сол күйден арыла алмай жүрдім. Бейтаныс жанның анасына жазған хаты мені біраз ойға қалдырды. Осы біз перзенттерімізге ата-аналық мейірімді қаншалықты төгіп жүрміз? Сәбиіңізді күніге, қойшы, күн сайын жұмысбасты қалыппен құшақтай алмассың, аптасына неше рет құшақтайсыз? Ойланыңыз. Әр бала ата-ананың мейірбан құшағына құмар. Ол дәрумен тәрізді.
Облыс бойынша құрылған некенің үштен бірі көп ұзамай айырылысып кетеді екен. «Тірі жетім» атанып, мейірімсіз боп өсіп жатқан ұрпақ қаншама?! Жеміс ағашына су бермесеңіз, құрғақшылықтан өледі, ал ұрпаққа толыққанды отбасындағы тәрбие жетіспесе, азып кетеді. Ойланыңыз. Бұл – сіздің бүгініңіз ғана емес, келешегіңіз.
Аян СПАНДИЯР.