Қазақ шежіресі
Бұл шежіренің нұсқасын 1876 жылы Мекке-Мединаға қажылыққа барған данышпан ақын Абайдың әкесі Құнанбай мен Мырқы және Досжан хазіреттер алып келген.
Ал, сол қолжазбаны Кіші жүз табын руынан шыққан Қайқының Есжаны 1945 жылы Табын руының Жамантік аталығынан шыққан ақын Шонбай Жұбанұлына өлеңге аудартып, елге таратады.
Көнекөз қариялардың айтуынша халық арасында айтылып жүрген шежірелердің ішіндегі ең дұрысы осы аударма-шежіре екен.
Бұл шежіре марқұм әкем Әбілахаттың архивінен алынды.
І
Жараттың жанның бәрін жаббар-халық,
Жерткерсең рахыметін көп қазыналық.
Адамға ажал мирас болғаннан соң,
Баратыр біреу кетіп, біреу қалып.
Білгенге баяны жоқ дүниенің,
Әркім-ақ өткен жоқпа би-опалық.
Алланың сүйген досы Ақсаруары,
Көркейткен Слам жолын шамдай жарық.
Шахарияр-Абубәкір, Омар, Оспан,
Күш берген Әлішерге қаншамалық.
Ескендір-Зұлқарнайын, Рүстем-Дастан,
Сүлеймен сүрген дәурен падышалық.
Жалғанның опасызы ойлағанға,
Дегізген соқтырып сан охы дарық.
Өлшеулі өмірің бітіп, таусылса дем,
Болмақшы бір күн нәбыт, кемен-ғарық.
Құрулы жүретұғын жолға тұрған,
Ажал-ау мысалында адам-балық.
Артында өзге қалмайт, өз қалады,
Тыңдарлық болса нұсқа, тек жаңалық.
Алпыстан асқан соң жас айналдырды,
Шырмылтып отбасында шаруалық.
Құнанбай, Мырқы, Шабдан, Досжан хазірет,
Меккеден келген екен бір шежіре алып.
Сарапқа салыстырып қарағанда,
Осыны өзгесінен көрдім анық.
Бастадым Аңсары деп бермен қарай,
Аңлатып ата жолын есмі-тарық.
Атамыз Аңсарыдан туған Мәлік,
Кісі екен тура жолмен өткен талып.
Толығып жасы ортаға жеткен кезде,
Анасты берген екен Құдай қалап.
Анастан Жабыл туып, одан Мағаз,
Кезінде қадірлепті халық бағлап.
Мағаздан Ер-Сухаил туған жалғыз,
Алты ата, Аңсарыдан көрсең санап.
Қурай, Ақшолпан мен Сухаилдан,
Ұрпақтап осы арадан өскен тарап.
Туыпты Ажар татар бәйбішедін,
Бағдарын олардың да біл шамалап.
Екінші анамыздан Қырым туған,
Батыр боп қол бастапты күнге жарап.
Ажардан естек, башқұрт туған егіз,
Татардан Ноғай жалғыз туған дарақ.
Қурайдан туды Аламан бәйбішеден,
Тоқалдан туған тете Серкеш, Жанап.
Үшінші әйелінен Шешен, Үнгіш,
Сол жерден ажырапты бермен қарап.
Сейілхан баласы екен Аламанның,
Жүретін жалғыз өзін көпке балап.
Түркпен сегіз жүйе Сейілханнан,
Жауынгер алған атақ жұртты қанап.
Жайылхан Ақшолпаннан туған екен,
Данышпан болып артық ақылы сарып.
Болыпты Жайылханның екі әйелі,
Таңдаулы қалап алған халық аралап.
Майқы би, Мүйтен туып бәйбішеден,
Көрмеген кемітіп дос, жат табалап.
Майқыдан Түмен дара туған екен,
Секілді көріпкелі гүжім дарақ.
Туыпты тоқалынан Жайылханның,
Әлеуке, Шашақ пенен Іле-Шалақ.
Түменнен Өзбек пенен Жахан туып,
Кіргізген шежіреге үлкен санақ.
ІІІ
Түменнен Өзбек, Жахан екі бала,
Айрықша Жахан топты ақылы дана.
Тәжіктен бір сұлу қыз алып Өзбек,
Бөлініп өз алдына шыққан дара.
Бұқара, Самарқан мен Ташкен, Қоқан,
Өзбектер еткен мекен қоныстана.
Жаханнан қалмақ пенен Айырқалпақ,
Екеуі бір анадан туған және,
Келмек пен Қырғыз жалғыз туған екен,
Ыңғайлап Алатауды жадына ала.
Қырғыздар екі Арысқа бөлінеді,
Атанып, бірі сары, бірі қара.
Туыпты Қазақ пенен Созақ бірге,
Әкесі айырқалпақ бір дейді ана.
Созақтан Толағай мен Сүйір туып,
Мекені атанады деп бес қала.
Үргеніш, Төрткөл, Шымбай, Тахтакөпір,
Қонысы Толағайдың тап сол ара.
Толағай әуелде аты болғанменен,
Аталған Қарақалпақ бара-бара.
Ескеріп есіткенде білетінде,
Түзетер кем-кетігін болса шала.
Тоқтатып осыменен өзгелері,
Қазақтан бастайын сөз келсе шама.
4
Қазақтың алдым қолға өз баласын,
Айтпаққа ажыратып шекарасын.
Айырып аталарын айтып өтем,
Тыңдаушым көрсе қолай сөз-саласын.
Қазақтан Наурыз, Алаш екеу туған,
Наруыздың деп айтады үлкен жасын.
Ұрпақсыз өлген Наурыз жазғытұры,
Келер жыл, көктемде оның беріпті асын.
Қазақтың балалары содан бері,
«Наурыз» деп қойыпты атап жылдың басын.
Кезінде Алаш батыр болған екен,
Ерлікпен жайған жұртқа ауазасын.
Жапырып жетіп жауын талай жерде,
Таңданған көрген халқы тамашасын.
Ұранға аты шығып заманында,
Жаңғыртқан жазираның ен даласын.
Ташкенттің дариясының жағасында,
Қазақтың қалды дейді қанағасын.
Айырып ата жолын аша алмасаң,
Сөзінен сыбағалы құр қаласың.
Аларлық ажыратып болса шамаң,
Өзіңді үш Арыстан тез табасың.
Ақарыс, Жанарыс пен Бекарыс деп,
Алаштан айтат бастап шекарасын.
Ақарыс ең әуелі бұрын туған,
Үлкен дейт екеуінен жас шамасын.
Жанарыс ортаншысы деп айтады,
Жорықта жаудан алған сыбағасын.
Алаштың Бекарыс би кенжесі екен,
Ауқымға тартқан топтан айналасын.
Бақ қонып, Қырдыр дарып әулетіне,
Ұлғайтып өсірген тек мал мен басын.
Үшеуі енші алыспақ бопты бір күн,
Ата жолы әдет солай не қыласың.
Енші алған Таңбалы тау деген жерде,
Көніспей туғызыпты сөз таласын.
Өздерін ойласып енші алыңдар деп,
Әкесі берген екен патиясын.
Енді олар тұра тұрсын сол бетінше,
Аяқсыз қалдырмайық сөз жалғасын.
5
Балаларын шақырды Алаш мұнда кел деп,
Мақсаты болды еншісін өзі бермек.
Иіртіп, бір шұқырға барлық малды,
Айтыпты бірдей қылып төртке бөл деп.
Бөліпті біршілікпен қой-түйені,
Бірінің айтқан сөзін бірі жөндеп.
Жылқыны бөліскенде келіспепті,
Таласып кешке дейін бекер шөлдеп.
Келіспей келді үшеуі әкесіне,
Қарияның айтқанына болып көнбек.
Алаштың өзі шықты ертеңіне,
Мінді де дайын тұрған атын ерлеп.
Жүз жылқы айдап салып күн шығысқа,
Айтыпты Ақарысқа «алшы сен» деп.
Шығарып күз арқа бетке жүз жылқыны,
Беріпті Жанысқа егелен деп.
Кенжесі Бекарысты қасына алып,
Жүз жылқы беріпті «ал сен түгендеп».
Балаларға бөліп жүзден бергеннен соң,
Айтыпты «қалғанына еге мен» деп.
Ас-атау, кемпір-шалдың кәдесі үшін,
Кім айтар сыбағасы жоқ екен деп?
Қолында қалды кіші баласының,
Кенжесі «Үлкен шаңырақ» болған жөн деп.
Әрқайсысын беттерімен қоныстан дейд,
Ырза боп іренжіспей артық-кем деп.
Батасын беріпті Алаш балаларға,
Көбейіп ұрпақтарың өсіп-өн деп.
6
Үш бала туған екен Ақарыстан,
Бетіне келе алмаған қарсы дұшпан.
Албан мен Суан, Дулат деп айтады,
Білетін айтушылар әрбір тұстан.
«Бахтияр» боса асы ұлы жүзден,
Іргелі ел өзгесінен бір туысқан.
Орындап өсиетін атасының,
Мекендеп қоныс алған күншығыстан.
Әзіреті Түркістанның өрге қарай,
Қашқармен қатар жатқан тұспа-тұстан.
Жаз салқын, қысы жылы, жері көркем,
Ыссыға шөлдеп халқы тоңбайт қыстан.
Балғын шөп, мөлдір бұлақ, жарастықтық,
Бір-бірін сұлу жырдай сүйіп құшқан.
Қарағай, қайың менен Арша ағаштар,
Тұр беріп, тау бетіне құлпырысқан.
Ұлы жүз атамыздың орталығы,
Бұл кезде болды ордасы Қазақстан.
Суреттеп, көргенімді қойса зейін,
Жастарға жаңа талап берген нұсқам.
7
Баласы алтау дейді Жанарыстың,
Үлкенін Момынқожа қойды есімін.
Момыннан Ақжол менен Алатау деп,
Айтады білгендері әрбір тұстың.
Ақжолдан Арғын туып, іргелі ел боп,
Атағы орта жүзге болған үстем.
Қоңырат Алатаудың баласы екен,
Кем демейді қатарынан оны ешкім.
Ақтамыр екіншісі одан Ойбас,
Бір туған баласындай алғыр құстың.
Ойбастан Қыпшақ туып, өсіп-өнген,
Бауыры боп ол да ішінде бір туыстың.
Смайыл үшіншісі деп айтады,
Төртіншісі Қосымқожа жалғасы үштің.
Қосымнан Жаубас, одан Керей, Уақ,
Бір туған қаласындай қатар тістің.
Бесінші Қарақожа одан соңғы,
Кенжесі Дарқожа дейді атамыздың.
Қаптағай Дарқожадан туған екен,
Жайылып жұртқа дәрпі қайрат-күштің.
Атамыз Қаптағайдан Найман туып,
Би бопты ашқан кілтін мүшкіл істің.
Керейден орта жүзде Марал шықты.
Аруағы айбатындай жолбарыстың.
Арғыннан Қаз дауысты Қазыбек би,
Атақты егесі еді зор дабыстың.
Ерлер көп айта берсек аталақта,
Осымен келді реті тоғарыстың.
8
Бастауға Бекарысты жаңа келдім,
Аталық асулардан өтіп белдің.
Мөңке би туып жалғыз Бекарыстан,
Көп нұсқа кеткен тастап байтақ елдің.
Мөңкеден Арғымақ пен Алау батыр,
Туыпты ол дұшпанынан алған теңдік.
Ұрпағы Арғымақтың Нәдірқожа,
Өскен ел, ол да ешкімнен көрмей кемдік.
Керейт пен Қатақатыс жауырыншы,
Көрсеткен кереметін жұртқа жөндік.
Содан соң бір баласы Рамадан,
Рулы ел жеті руда бір көлемдік.
Кенжесі Арғымақтың Телеу мырза,
Атанып қара орнында қалған теңдік.
Нәдірден Таман, Табын, Кердары мен,
Ұрпақ боп байтақ ел боп, өсіп-өндік.
Алаудан Кудуар тентек атаныпты,
Мінезі болып шаргез солай дерлік.
Дәріпті данышпан боп кемеңгерлік,
Алшыннан Сәдір менен Қадір қожа.
Бірі – бай, алған атақ, бірі – ерлік.
Атамыз Қадыр қожа заманында,
Дәулетпен бай атанып еткен серлік.
Сәдірден Қарақкесек туып жалғыз,
Белгілі бай болыпты басы төрлік.
Байсары, Әлім, Шөмен туып одан,
Өскен ел ұлан-байтақ ескерерлік.
Кете боп атанады Байсарыдан,
Қонысы болған мәкен кейбір жерлік.
Алты - Әлім, Бас- Шекті, Төрт –Төртқара,
Бөлініп әр атаға дәріптерлік.
Шөменнен Дөйт, Шөмекей туған екен,
Секілді бірі – сүтін, бірі – өрлік.
Өскен ел «Дөйт» ұранды төрт Шөмекей,
Алшында терезесі тең келерлік.
Атанып Тоқа, Көнек, Аспан, Бозғұл,
Болмаған бір бірінен кем көрерлік.
9
Ер шықты осы елдерден мақтағандай,
Айтуға адам ебін таптағандай.
Әлімнен атақты Әйтеке би,
Ел арын, ер намысын сатпағандай.
Көтібар, Жанқожа мен Есет батыр,
Табысы жердің жүзін қаптағандай.
Кем емес Құлбарақтың Сердәлісі,
Айлықты алты басып аттағандай.
Шөменнен Қыстаубай мен Бәйтік шыққан,
Қан алмай қасарысса қайтпағандай.
Шобарда Алмат, Дөсек Жанай батыр,
Ерлер ед, бетіне ешкім қақпағандай.
Алматты «тентек» кісі деп айтады,
Талайдың үстіне аунап таптағандай.
Қашқынбай, Сарман менен батыр Қалдан,
Қорғалап қысылғандар жақтағандай.
Талқанбай, Сарыбай Сәдір, би Төребай,
Қарсы сөз айтып адам батпағандай.
Жабағы жиырма-отыз жыл болыс-би боп,
Ер еді елдің тұзын ақтағандай.
Бекмырза, Дәуімшар мен Бегім де өтті,
Айнытпай ата жолын сақтағандай.
Қабылан батыр мен Зарқұм қара,
Оларда ерлер емес айтпағандай.
Аттарын әруақты ердің тебіренттім,
Талапкер болса жастар жаттағандай.
10
Алшында Қадырқожа атанған бай,
Болыпты дара жолы дәулетке сай.
Деп айтат он екі ата байдың ұлы,
Серкеш пен Алтын, Жаппас, Беріш, Адай.
Алаша, Байбақты, Стық, Тана, Таздар,
Қызықұрт, Есентемір, Масқар, Жанай.
Түгелдеп осы менен бай баласын,
Қысқартып түсіндірдім көп ұзатпай.
11
Есеке Алашаның әулиесі,
Табылған Тұрғанбайдан сөз жүйесі.
Сырбойлық Алашадан Шаман шықты,
Бергенсін бақ пен дәулет ақ – иесі.
Тараған ол атына үлгі болып,
Олардың қалған нұсқа өнегесі.
12
Алтыннан Науша, Қалша, батыр Барқы,
Ерлердің сыртқа мәлім шама-шарқы.
Алтыннан болып белді босағасы,
Жалғасып жеті атаға кеткен арты.
Кішкенбай белді кісі батыр өткен,
Жайылған атырапқа шығып даңқы.
Әлібай болыс, Тобжан би атанып,
Артылған абыройы, сыйлап халқы.
13
Жаппаста жүзге мәлім Мәмбет, Мырқы,
Өткелбай, Аппаз, Қазақ, Қымбат, Нырқы.
Мұңайтпас, Жүсіпбек пен Басықара,
Олардан сескенуші ед сыйлап сырты.
Итқара, Жамантайдай жүйрік өтті,
Тік тұрған тізгін беріп Серкеш жұрты.
Алайда Айбатты ел деп айтады,
Секілді жауатұғын қардың бұлты.
Стықта Орман өткен атақты адам,
Елінің егес жерде болған құлпы.
Таздарда Сауытбайдың Тоқтамысы,
Неше жыл болыс болған сыйлап ұлты.
Тәуірін таба алмадым төрт атаның,
Қонысы басқалықтан болып «мұлты».
14
Аз емес жеті рудың жақсы адамы,
Ойға алдым оларды атап, бастағалы.
Батыр мен билері көп үздік шыққан,
Деместей ешкім қалай мақтағаны.
Телеуден Есенкелді, Әймен шыққан,
Айырған алжастырмай ақ-қараны.
«Аққошқар Жағалбайлы» Дербесәлі,
Даража-Дәулетке сай бақ қарады.
«Кердары» – Әбубәкір көпке мәлім,
Сарқылмас сөзің кені қаптамалы.
Басылған қыса қылып өлеңдерін,
Жыраудың толып жатыр жаттағаны.
15
Рамадан– Жиренше мен Алдар көсе,
Талайдың сөзбен сұлқын басқан неше.
Айрықша үздік шыққан заманында,
Ділмарлық ерлер екен еткен неше.
Хабардар қариялардан сұрай берсін,
Шоңбайдың бұл айтқанын бекер десе.
16
Рамадан ерте шыққан Есет батыр,
Кісі екен қысылғанда мыңға татыр.
Қалмақ пен Қарақалпақты жер аударып,
Салыпты бастарына заман ақыр.
Өмірбай, Боранбай мен Борбас, Тарғын,
Аттары әлі ескермей бара жатыр.
Сейітін Коңырбайдың кім білмейді,
Талайдың болып кетті орны тақыр.
Арқада Қаражүсіп қандай еді,
Ұрпақсыз ол да жөнеп кетті пақыр.
Тәмамдап Тама әзір осыменен,
Керейтке Шоңбай жаңа келе жатыр.
17
Керейттен Қожа шықты Қасым атты,
Кісі екен әруағы мол кәрі қатты.
Қарадан қалай Қожа жығады деп,
Есіткен елдің бәрі таңырқапты.
Жан берген жеті елікке Мүсірәлі,
Көрсетіп көп ішінде кәраматты.
Үш жүздің кеңесінде «Құлтөбеде»,
«Пірлікке» бір ауыздан халық ұнатты.
Ортадан Әйтеке алып кеткеннен соң,
«Пір» болып Қарақесектің дәмін татты.
Керейттен шыққан «Пірдің» күмәні жоқ,
Нандырған намы қазақ олаятты.
18
Керейтке би боп өткен Батыр манақ,
Қуантай жастай кеткен жауға жарап.
Аманжол Дәулет есі, Мәмбет бедер,
Қасыммен алты атаға келді тарап.
«Жартайдың» болды бұлар босағасы,
Секілді бірі – қару, бірі – жарақ
19
Бегалы, Тынымбай мен Әбет болыс,
«Шаған» мен «Алмакесекті» өткен қоныс.
Ел еді, жаратқан жалпақ жерге сыймай,
Бір шеті, Самырат пен Қарақуыс.
Кішкенбай, Сегізбайдай өтті ақсақал,
Қайырлы ерлер еді елге ырыс.
Даңмұрын, Қосназар мен Келдібай би,
Солар ед сөз егесі сахіт-құрыш.
Атсейіс әруағы мол адам еді,
Қалғаны Қоқыбайдың болмас дұрыс.
20
Аманбай өлмесе, неге өледі?
Өлгенсін жарлыдыға-бай төпеледі.
Сұлтанға осы тұрған апармас па
Бозой мен Қасболаттан не көреді.
Бір шайхы үйге кірген не деп еді,
Қайтерін біле алмай жұрт тұрған шақта,
Әлгіні айта салып жөнеп еді.
Сол кезде қолы орнына түскен екен,
Құдірет қандай күшті шебер еді.
Кетіпті халық ішіне ғайып болып,
Жай адам болса қайтіп келер еді.
«Қайберен қырық шілтеннің» біреуі деп,
Кең ойлы кеменгерлер межеледі.
Атасын алып беріп Түркістанға,
Аруағың адал бала елеп еді.
Бозойдан Айқара мен Сасық туды,
Үш ата Амандыққа шөбере еді.
Бұлдағы болған аға бес «Бексанға»,
Ерлерді еттім баян өнегелі.
21
Мырзабай Арбалыдан ақын шықты,
Әрі емес, күні кеше жақын шықты.
Әбжали әулиенің ақыры,
Тағдырға жазылған дәм ғапыл шықты.
Табынды әр атаға айыруға,
Өзімше ойластырсам мақұл шықты.
Үш бала: Ағым,Бозым, Шапқан туып,
Ішінен небір гөзел, батыр шықты.
22
Ағымнан туған екен алты бала,
Үлкені Айдар, Таушан, Тәке және.
Қожантай, Қарамөңке, Дандаменен,
Алтауы туған шығар аңлап қара.
Таушаннан тауып айтар тұқымы жоқ,
Қатардан қалғанменен тап осы ара.
Айдардан Дүзей, Дербес, Бегалы мен,
Тоқберлі деп атайды туған дара.
23
Аралбай, Тоқберлі де батыр Қабан,
Тұрғанбай, Досым, Топан сөзге маман.
Қуанбай, Досымбет пен Нұрке, Досжан,
Кем болмай қатарынан өткен адам.
Елеусіз үш атаға келіп еді,
Қалайша Адамбайды айтпай қалам.
Біреу кеш, біреу ерте жөнеп жатыр,
Өлшеулі өмір беріп Ақтағалам.
24
Би – Мысық, Тартұлы да ел ағасы,
Ас-тойға бұрын келген сыбағасы.
Төкеден Күлкен мен Тоқай туған,
Ешкімнің бұл сөзіме жоқ таласы.
Төрт бала туды дейді Күлкеннен,
Бердіғұл, Шал, Сасай мен Қалдау жасы.
25
Сасайдың бес баласы, бірі сары,
Тәкенің тұқымына болды жары.
Атанша, Ақыл, Төлек, Тоқтамыс деп,
Айтады білетұғын қариялары.
Бұқарбай батыр шықты Атаншадан,
Үш арыс біледі оны жүздің бәрі.
Барғанда Бахуадинге берген екен,
Ықыласпен қабыл болып қылған зары.
Өлгенше бетіне жан келмей қарсы,
Болды ердің өз еркінде иқтияры.
Балалары Көтібар мен Алданазар,
Ем болды ер қысылса сөзі дәрі.
Әруағы атақты ердің сондай болсын,
Кеткен жоқ ешбір жанға намыс-ары.
Анастан бермен қарай отыз екі,
Атағы келді олардың ұрпақтары.
Сенбесе санап көрер білетіндер,
Әрине білмеске айтып жоқ Дәркері.
26
Тәке де Дүзжасар би, Тұржан ақын,
Ерлердің атамайын қалайша атын.
Жолдыбай, Тоқай, Досбол би Опабек,
Заманы ұзақта емес, өткен жақын.
Қараман қатарынан сыпа болды,
Кеуіліне беріп өгей қанағатын.
Кіребай, Иман менен Иялі өтті,
Асырып әркімдерден салтанатын.
Қатардан қайтіп атын қалдырайын,
Белгілі аты шыққан азаматын.
Махамбетқалиы өтті Көтібардың,
Біткерді ердің ғапыл деп сағатын.
Өзгеше деген нақып, олар бала.
Көзімен көрді халқы күш-қайратын.
27
Мөңкеден Дастанбай мен Сарбай болды,
Атағы ел атына дардай болды.
Қалымбет одан кейін Есжан шығып,
Жарқырап атқан бейне таңдай болды.
Ішінде Тартұлының берекелі,
Кемімес Қыдыр қонған бардан болды.
Мөңкенің Қыр жайлаған қырық аулынан,
Тойынған аш-арығы қандай болды.
Ағымды алты аталық ажыратып,
Бозымға жаңа келген жағдай болды.
28
Бозымнан екі бала туған дең боп,
Өскен жоқ біреуінен бірі кем боп.
Асаннан Әжім, Боқай туып бала,
Есқайдан Бозжан шыққан айтқаны ем боп.
Елімбай, жастайынан Әлжан, Дәрмен,
Жалғаннан жайын құлап, кеткен сермеп.
Әжімнен Боқтыбай мен Төлек шығып,
Өлгенше мал мен басы өскен өрлеп.
Жанбайды жамандауға жұрт қия ма?
Тұрушы еді жайып құлаш «бермен кел» деп.
Бозшадай бүтін туған адам бар ма?
Жиында жұрт басқарып кетті жөндеп.
Тоқтамай Тоқсиыққа келдім жаңа,
Басқасын басты ерлердің мен түгендеп.
29
Барлыбай, Есенбаймен туған бірге,
Бөлейін қолдан келсе неше түрге.
Тұқымы Тоқсиықтың өсіп-өніп,
Көптіктен енші алысып, айрылды ірге.
Батыр, би екеуінен тең боп шықты,
Бөлгендей таразыға тартып кірге.
Бұқар би Андағұлдан Бостай шығып,
Жайылып кетті даңқы талай жерге.
Ел арын, ел намысын жібермеген,
Жарасат не айтса да ондай ерге.
Күдері, Барақат пен би Елубай,
Әркімнен ақылы артық кәрі-шөнге.
Әулеті азбай келді алты атаға,
Жарасып би тұқымы іргелі елге.
Қалыспай оған жалғас Қасым шықты,
Кіргенше билік айтып, басы көрге.
Байтоғай, Киікбай мен өтті дейді,
Ешкімнің қақпайына жүрмей жөнге.
Пардасы басым еді Жүнісқұлдың,
Сасқанмен сиыспайтын шалғай жөнге.
Болатан бала батыр Дүйсен шығып,
Ерлігі мәлім болды ой мен өрге.
Сыйлы ауыл, сыбағасы болып артық,
Өлгенше отыруымен кетті төрге.
Ырсымбек Қарсақбаймен қабат шығып,
Еркінше еге болды келген мөрге.
Құтымда Қойшымбай мен Пірмағамбет,
Саралта сен алмаған сөзі кемге.
Қойшымбай Түркістанда уезд болып,
Таңдантқан сап сары-ала таққан шенге.
Тұяқсыз Пірмағамбет жастай кетті,
Кездесіп тағдыр жазған тапшы өмірге.
Құрманнан Қошық, Бидас үздік шықты,
Бола ма басы туса пәлендерге.
Келгенде Есембайға еріктімін,
Түйткілдеп тоқталмай ақ түсіп терге.
Назарын салмай Қыдыр құр қалғанды,
Реті жоқ қиынсыз –құр көтерерге.
30
Баласы Есембайдың бесеу еді,
Бірі –ұзын, бірі –қысқа мешеу еді.
Тоқалдың бес баласы тұра тұрсын,
Үлкені бәйбішенің Көшей еді.
Көшейден Құланбай мен Сатым шықты,
Ілікбай сөйлер сөзге көсем еді.
Мінер ат, киер киім кем болғасын,
Кедейлік ердің алдын кеселеді.
31
Екінші Жақан дейді бір тарауын,
Би шыққан бітіретін елдің дауын.
Бәйтен де батыр болды деп айтады,
Ақбоз ат, көк найза мен жеңген жауын.
Қырғиды дуалы адам дейді халық,
Қасына қара айналып жиған қауым.
Ақжігіт, Бақтыбай мен би Шортанбай,
Патшадай болған әділ қысырауын.
Жахантай небір жақсы шықты жігіт,
Дейтұғын көп ішінде көздің жауын.
Артында Ахметтің қалмады ұрпақ,
Тұйғындай қапқан қиып аяқ-буын.
Сол үшін шежіреге қосып атын,
Қалдырмай қақтым ердің қоңырауын.
Жахаптан сырт дұшпаны сескенеді,
Қаншама көтергенмен омырауын.
32
Төлейден қырық туып таралады,
Шежіре ата жолын саралады.
Құнанбай, Дөненбайдай батыр шыққан,
Әркімдер көріп күшін шамалады.
Байкөл мен Өтепберген озат туып,
Жасқанып жауды есептеп санамады,
Бахадүр басы туған сол ерлердің,
Тауысып тағдыр демін қазалады.
«Атадан сондай сендер көп тудың» деп,
Көп айтып Бекжан аға мазалады.
33
Үркімбай Дуанадан Оңғар пірім,
Пірімнен қатарынан сөзі ірін.
Қызмет етті дейді Көшербайға,
Оңғармен жүргенінде келіп қырын.
Аяғын әркімдерде аңдып басты,
Көпшілік көргеннен соң ердің түрін.
Кейбіреу үйде отырып елереді,
Көтермей жағасынан жұққан кірін.
Өмірқұл шаңырақ түйе секілді еді,
Басқасын айтып өттім бұдан бұрын.
34
Қаражан Жамантіктен маман шықты,
Белгілі халық білерлік адам шықты.
Аттарын термешелеп көп айтпадым,
Өз атам болғандықтан Жамандікті.
Алтыншы Өмірқұлға келіп кезек,
Былайғы бес Есембай тамам шықты.
35
Өтейден шыққан екен Өмірқұл бай,
Асулы ет қазанында, қайнаулы шай.
Қарек, Қарман мен Құлшық туып,
Сарені үшеуінен көріпті жай.
Былайғы үш баласы Момын болып,
Әркімдер бір билепті олжасындай.
Осыны Өмірқұл бай азар көріп,
Сопының тынышын алған барып қоймай.
Келеден Бура, Айғыр, Қойдан Қошқар.
Тірілей тізіп барған бірін соймай,
Тілегің осы болса депті Пірі.
Қыз бердім көш бастайтын қарқарадай.
Ұл бердім қол бастайтын Сәрке деген,
Кідірмей қайт деп енді мазамды алмай.
36
Ол Сәрке батыр болған халыққа мәлім,
Талайдың таңыртқатқан төккен қанын.
Қалмақты, Қоқан менен Қарақалпақ,
Күйзелткен қайырлатып суға салып.
Қалмақпен қарсыласын неше жылдай,
Аударып алған екен жер мен малын.
Сопы әзі бергеннен соң кем болсын ба,
Дұшпанға тарттырыпты қайғы-зарын.
Ақайдар, Бекайдармен туып одан,
Аузына қаратыпты халықтың бәрін.
Байқадам Ақайдардан туып Татан,
Ерліктің еркінше алған ықтиярын.
Ақсақал, Байс мен Сейіл туып,
Бұлардың біледі үш жүз сырт хабарын.
Бекқұлы кіші жүзге мәлім болды,
Бұрыңғы батырларға тартып сарын.
Бекеннен Әбіләкім туып еді,
Жас қыршын жанып тұрған сөнді жалын.
Ұранға аты шыққан атақты ердің,
Аяғын Жанұлымен тәмамдадым.
Анастан отыз екі ата боп тұр,
Шежірені шамалайтын ерге мәлім.
Сәркеден сегіз ата жерге келді,
Батырдың білгің келсе бергі жағын.
37
Жанкісі Қарекеден Өтеулі, Ұзақ,
Жетіп тұр жеті атаға олар да ұзап.
Жанкісі әулие боп кереметті,
Көргендер қойыпты ден гуманисіз-ақ.
Жайнамаз берген екен Қосым қожа,
Наза боп алдына әуел барған жолақ.
Ұзақтан Қайқы туып қандай болды,
Қалған жоқ кімнен шіркін дүние шолақ.
Артық боп абыройы әркімдерден,
Пәниге келіп қайтты болып қонақ.
Қайтпайтын Қараболат қайран ерім,
Жай бергей жәннатынан Зұлжалал хақ.
Батырдың Бекжан, Нарша орнын басты,
Маңызды білімге сай мінез-салмақ.
Ескеріп екі адамды айрықша айттым,
Қалдырмай білгенімше әбден талдап.
Мақамбетқали менен Нарша жолдас,
Бір жылға төл ішінде туған саңлақ.
Жалғанда жан сенерлік опа бар ма?
Аңлулы адам- бақыт, ажал-қармақ.
Анастың әкесінен санағанда,
Отыз үш келді атаға осылар нақ.
Жандарда қызыл тілім қарыштап қал,
Табжылтпай тағдыр бір күн алатын ақ.
Алқымнан аңсызда ажал алған кезде,
Сан соғып, дегізбеген кімдерге қап.
Бейнебір адам жалын, ажал –нөсер,
Сендіріп, сағатында өтетін сап.
Халайық қате жерін айып етпе,
Қисындап құрастырдым әліме шақ.
38
Қатарға қосылмасам сөзімменен,
Қайрат кем бір аяқтан жарым едім.
Жата алмай жайға қарап жас кетсе де,
Бәйгеге баса көктеп шауып едім.
Күнбе күн көркейеді елім гүлдей жайнап,
Күйзелген кемдік көріп халық едім.
Лениннің бастап салған жұртқа жолы,
Шамындай электрдің жарық едім.
Ерікті ел, байлығы мол Қазақстан,
Білім мен кеннің көзін тауып едім.
Аттанып Отан қорғау ұранымен,
Жан қиып жауға ерлерім шауып едің.
Ұшырып дүшпанының күлін көкке,
Сүйегін сырқыратып шағып едің.
Қорғаған халқын жаудан гөзелдерім,
Ерліктің төске орденін тағып едің.
Жас жайнап, қарт жасарып, Халқы өркендеп,
Қайта өскен Қазақстан ауылы едім.
Тілектес жаңаталап жастарыма,
Туысқан туыс бірге, бауыр едім.
Артымнан алдым жақын секілденіп,
Жүрер жол ортасынан ауып едім.
Алдымда аға-жеңгем көп кезінде,
Именбей еркін сөйлер тәуір едім.
Ерлерім есіткенде ескерсін деп,
Сөз соңын соза бермей жауып едім.
Жинаған Нұрбай ЖАНӘДІЛОВ