» » Тәжірибе істі ширатады

Тәжірибе істі ширатады

qarmaqshy-tany.kz Заңгер мамандығын таңдау қай уақытта да өзектілігін жойған емес. Әділімен жүр, турасын сөйле, біреудің ала жібін аттама деп үйрететін бұл салаға Қазалы қаласының тумасы Әсемкүл Бегімованың да таңдауы түсіпті. "Ықыласыңмен таңдау салған соң, еңбекте жақсы нәтижеге жетесің" дейді ол.

"Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы коммерциялық емес акционерлік қоғамының Қызылорда облысы бойынша филиалының халыққа қызмет көрсету бойынша аудандық бөлімі жинақтау секторының жетекші маманы болып қызмет атқаратын оның саладағы тәжірибесі толысқан. Өзі осыдан он бес жыл бұрын, яки аудандағы халыққа қызмет көрсету орталығы ашылғанда жас маман ретінде қызметін бас таса, бүгінде ізінен жастарды еріте білген білікті маманның қатарында.
Ә.Бозқұлқызы Әйтеке би кентінде 1983 жылы дүниеге келген. Орта білімді Арал ауданына қарасты Жақсықылыш ауылындағы No19 "Сольтрес" қазақ мектебінен бітіреді. Мұнан соң Алматыдағы Қазақ академиялық университетінен "Әділ сот және қылмыстық құқық" факультетіне оқуға түсіп, ойдағыдай тәмамдап шығады. Алланың қалауымен дәм-тұз бұйырып, 2003 жылы біздің ауданымызға келін болып түседі. Ермек атты жігітпен бас қосып, босаға аттайды. 2007 жылдары жаппай халыққа қызмет көрсету орталықтары ашылып жатқан кезде алғашқы қызметкерлердің бірі болып осы жұмысқа қабылданады.
– Ол кезде маман болып еңбек еттім. Одан кейін кеңесші, заңгер болдым. Қазір жетекші маман болып қызмет атқарудамын. Ең әдепкі ашылғанда біз азаматтарды жеке куәлікпен қамтамасыз ету, мекен-жай адресіне, жылжымайтын мүліктерді, заңды тұлғаларды тіркеу мен шығару сынды құжаттармен айналыстық. Кейін келе халыққа қызмет көрсету аясы кеңейіп, оның қатарына көптеген мемлекеттік қызметтер қосылды. Қазір мүмкіндігіміз молайып 600-дей қызмет түрін көрсете аламыз. Жұмысқа қабылданған кезде құжаттардың заңға сәйкестігін, дұрыстығын қарап, жинақтаумен, тексерумен шұғылдандым. Ал бүгінде барлық мемлекеттік, уәкілеттік органдарға құжаттар жолдап отырамын, – дейді ол атқарып жүрген қызметімен таныстырып.
Сала қызметкері жетекші маман қызметін 2017 жылдан бері абыроймен атқарып келеді. Әсемкүл ұжымда сыйлы әріптес, жастарға үлгі болар әпке болса, отбасында құрметті де көпбалалы ана. Жұбайы Ермек Әбілхановпен бірге бес бала тәрбиелеп өсіріп отыр. Ұлының алды Аңсар студент. Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде "Химия-биология" пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша білім алуда. Одан кейінгі балалар мектепте оқиды. Жәния 10 сыныптың, Айым 5 сыныптың, Әнуар 3 сыныптың оқушысы болса, кішкентай Әмина "Аққайың" балабақшасының тәрбиеленушісі, жасы 3-те.
Кейіпкеріміздің отбасын дағы өнегесін де сөз ретінде айта кетейік. Әсіресе бала тәрбиесі мен тамақтануында жас аналарға оның өз айтар ақыл-кеңесі бар. Көпбалалы ана болған соң олардың алдымен білім деңгейіне назар аудару бірінші кезекке қойылған. Күнделікті ұл-қыздарының оқу үлгерімін қадағалау бұл жанұяда басты қағидаға есептелінеді. Денсаулықтың да қадірін жастайынан қалыптастырса, бек жөнді болмақ. Бізді ата-аналардың жанұяда балаларына дүкен сөресінде самсап тұратын кока-кола, пепси, спрайт сияқты газдалған сусындар мен чипсы-кириешки секілді қытырлақтарды тұтынуға мүлде шектегені қызықтырды. Оның орнын үйдің табиғи таза өнімдерімен толықтырған. Қолдың сүті, сары майы, ірімшігі дастарқанының сәні, балалардың сүйіп тұтынатын дәмі. Сондай-ақ отбасы саламатты өмір салтын ұстанады. Спортты жандарына серік еткен. Таңмен таласа жүгіріп, бой сергіту ұзақ күнге күш-қуат дейді олар. Бұдан біз табысты да мерейлі еңбектің түп-тамыры отбасында салтанат құрған тәртіп пен тәрбиеден іздесек, қателеспейді екенбіз. 2007 жылы Жосалы кентінде халыққа қызмет көрсету орталығының тұсауы кесіліп, ел игілігіне берілген болатын. Ондағы тұрғындардың білдірген ризашылықтары әлі күнге дейін ұмытыла қойған жоқ. Міне оған да сырғып 15 жыл өтіпті.
– Қазіргі уақытта халыққа қызмет көрсету орталығы өз жұмысын көбіне-көп электронды түрде үкіметтің электронды порталы арқылы іске асырады. Электрондық құжаттар айналымын көрсету, халыққа аталған портал арқылы өзінің өтінішін тастау, онымен қалай жұмыс істеуге, цифрлық қолтаңбаны қалай алуға болатынын және басқасын үйретудеміз. Көпшілік білетіндей, бүгінде жалпы аудан тұрғындарының дені қағаз жүзіндегі емес, электронды түрдегі құжаттарға жүгінеді. 60-70 проценттейі деп сеніммен айта аламын. Адамдар үйінде отырып-ақ электронды цифрлық қолтаңбамен өтініш беріп, құжат тапсыра алады. Атап айтқанда, балалардың туу туралы куәлігін, жәрдемақыларын тағайындауларына жол ашық. Мекемеде "Өзіне қызмет көрсету" бұрышы орналасқан. Сол жерде орталыққа келушілерге порталмен қалай жұмыс істеу керек екенін тәптіштеп айтып, отырғызып қойып көрсетіп береміз. Қуанарлығы сол, азаматтардың ешқайда шықпай, өзіне қызмет көрсету динамикасы өңірде арта түскен.
Биыл желтоқсанда орталықтың жұмыс істей бастағанына 15 жыл толып отыр. Осы аралықта мекеме өсу, даму сатысынан өтті. Шүкір жаман емеспіз. Ерлан Рахымұлы басқарып отырған ұжымымыз ауызбірлікті. Бір отбасының баласындай тату. Осыбір мерейлі мерекемізде әріптестерімнің еңбегіне толағай табыс, абырой тілеймін. "Халық деген Алланың бір аты" дейді қазағымыз. Сол айтқандай, халыққа аянбай қызметімізді жасай береміз, – дейді мерекелік лебізін білдірген Әсемкүл Бозқұлқызы.
Сәрсенкүл АҚКІСІ
24 желтоқсан 2022 ж. 552 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№94 (10359)

26 қараша 2024 ж.

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 375

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 455

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930