Ұлықтау сәтіндегі ұнамды ойлар
qarmaqshy-tany.kz 26 қараша күні Қазақстан Республикасының Президентін ұлықтау рәсімі өткені баршамызға белгілі. Әр сайлау, әрбір ұлықтау кезінде халық үлкен бір жаңалық, оң өзгеріс күтетіні ақиқат. Саяси-экономикалық дағдарыс өршіп, әлемдегі алпауыт мемелекеттердің өзі тығырыққа тірелген тұста ел тізгінін ұстаған мемлекет басшысының қабылдаған шешімі мен бағдарламалары айрықша маңызға ие. Осы орайда, ұлықтау сәтіндегі Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлының көпшілік көкейінен шығып, халықтың санасына серпін берген сөздеріне, келелі ойларына тоқталуды жөн көрдім.
«Қызмет – уақытша, ал халық – мәңгілік» деген Мемлекет басшысының сөзі қазіргі таңда әр салада жұмыс атқарып жүрген жанға қарата айтылды деп ойлаймын. Адам баласы уақытша нәрсені ерекше қадірлейді емес пе?! Бақшамыздағы жазда жайқалған гүлге жақсы күтім жасаймыз, біреуден аз ғана уақытқа алған затымызды бүлдірмей, сындырмай, сол қалпында, бүтін күйінде қайтарып беруге тырысамыз. Шындық қой. Сол секілді жақсы бір қызметке немесе жоғары лауазымға қолы жеткен жан да «жеттім-ау» деп бас салмай, соның уақытша екенін ескеріп, сол жолда жүрегінің мейірімін, іскерлігін, біліктілігін сарп етіп, шынайы жұмыс атқара білсе, нағыз өз ісінің шебері деп бағалауға болады. Қызметін пайдаланып, өзінен төмендегілерге дауыс көтеріп сөйлеуден бастап, сонау жемқорлыққа жалғасқан жағымпаз, жасампаз, жексұрын тірлік белең алған қазіргі кез де кез-келген істің сарапшысы, шын таразысы болған халықтың талап-тілегі аяқ асты болып жататыны жасырын емес. Аз ғана сәтке бұйырған қызмет барысында халыққа тізе батырмай, керісінше халықпен тізе түйістіре отырып жұмыс жасау – заман талабы.
«Шын мәнінде, ел сенімін еш нәрсемен өлшеу мүмкін емес. Халықтың сенімі – ең құнды нәрсе. Алдағы 7 жылды бүгінгі буынның және келешек ұрпақтың алдындағы борышымды өтеуге берілген бірегей мүмкіндік деп білемін. Қазақта «аманат» деген асыл ұғым бар. Халқымның сенімі – маған аманат. Осы аманатқа адал болу – мен үшін қасиетті парыз. Ел үмітін ақтап, Қазақстанды өркендеген, бақуатты мемлекетке айналдыру үшін қолымнан келгеннің бәрін жасаймын», – деп тебірене сөйлеген сөздері әрбіріміздің көңілімізден шығып, болашаққа зор үмітпен қарауымызға айтарлықтай әсер еткені рас. Алдағы 7 жыл мерзімге қайта сайланған Президентіміз өзіне бек сенімді, сөзі анық, көңілге қонымды.
Еліміз Тәуелсіздігін алып, іргемізді нығайтып, еңсемізді көтере бастаған тұста халық қазынасына қол сұқпай, мемлекет байлығын ел игілігіне, халық тұрмысының, әл-ауқатының жақсаруы мен келешегінің кемел болуы жолында жұмсайтын жанның билік тізгінін өз қолына алып, «өгіз де өлмейтін, арба да сынбайтын» шешімдер шығаруы халық назарында. Осы ұстаныммен сенім артқандықтан, алдағы жылдардан күтер жаңалықта көп. Ел сенімін арқалаған жанның жүгі қашан да ауыр. Сол жүкті жеңілдету жолында еліміздегі әрбір ақыл-ой иесі «алма піс, аузыма түспен» жата бермей, өз өмірінің жарқын болуы үшін тырмысуы қажет. Ал ниет болған жерде тірлік, тірлік болған жерде жақсы нәтиже, бірлік-береке болары сөзсіз. Осы орайда, «Байлық не керек, адал дан жимасаң, билік не керек, әділдік құрмасаң» деген халық нақылын мысалға алған Президент бұл мағыналы ойды өзінің өмірлік қағида, берік ұстаным етіп ұстанатынын да жеткізді.
Сонау Қарахан мемлекеті тұсында, яғни орта ғасырларда жазылған Жүсіп Баласағұнның «Құтты білік» дастанында көтерілген елді әділ билеу, елдегі барлық лауазым, кәсіп иелеріне қойылатын моральдық-этикалық талаптар әлі күнге өзінің өзектілігін жойған емес. Яғни, заман жаңарып, қоғам қанша өзгеріске ұшыраса да, оған қойылатын талап біреу. Ол – әділдік пен адалдық.
«Мен бүгін көк туды сүйіп, дана халқымның алдында бас идім. Азаттық жолында құрбан болған бабалар рухына тағзым еттім. Елімнің арман-мұратына өмір-бақи адал болуға серт бердім. Ешқашан адалдықтан аттамауға және ел мүддесіне қиянат жасамауға ант еттім. Ата заңға қолымды қойып, оның әр сөзін мүлтіксіз орындаймын. Халқымның алдындағы осы антым алдағы қызметімде мен үшін айнымас темірқазық болады» деген Мемлекет басшысының әруаққа тағзым етуі, халықтық ұғымдарды қолдана отырып, өз ойын нық әрі жалпыға ортақ тілмен жеткізе білуі сөз қадірін білетін, сөзді алмас қылышқа теңейтін халқымызға дем берді.
Көсем ой, шешен сөздің уақыты өтті, білек сыбанып іске кірісу керек десек те, ең алдымен, ойдың жүйелілігі мен сөздің анық, айқын болуы қажеттігін де теріске шығара алмаймыз. Алдағы уақытта ел сенімін арқалаған ел басшының сөзіне ісі сай келіп, еліміздің гүлденіп, көркеюін тілейміз. Бастысы рухымыз сынбасын! Алдағы 7 жыл жетістік пен жақсылыққа, жаңашылдыққа толы болғай!
Лаура БАҚТЫБАЙ